Home » Мақалалар » Ел-жұрт тарихын білу, ер-азаматты ерлікке тәрбиелейді

Ел-жұрт тарихын білу, ер-азаматты ерлікке тәрбиелейді

«Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге  жеткенше қалай дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз жерін? Кім сүймес өз топырағын?…» Иә, әрине, туған топырағының әрбір перзенті кіндік қаны тамған жерін сағынбай тұрмас. Сол туған өлкеге деген ынтызарлықпен алаштың аймандай тұлғасы,қазақ қара сөзінің құлжасы Жүсіпбек Аймауытов та өзінің асыл сөздерін киелі туған өлкесіне арнаған.Ал ,мен ауылымның перзенті ретінде ел тарихын қапастағы  қараңғы қоймадан,шаң басқан архивтен іздеп олжа салмасам да ,сәуле түсіріп жинақтап ,осы ауыл тарихы туралы інжу-маржандарды қайыра қалың жұртқа ұсынудың өзі мен үшін зор мәртебе. Мектебіміздің тарихынан сыр шертетін қолжазбада Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылы жайлы  тарихи мәліметтер  айшықты берілген. Қолжазбада ауыл өмірі 1930 жылдан бастап тізбектеліп жазылған Бұл қолжазба мәтінін оқығанымнан –ақ көз алдыма сонау замандағы ауыл көрінісі картина болып елестегені рас. «Жеті атасын білмеген-жетесіз»-демеуші ма еді?Жеті ата тарихын білу үшін сол жеті ата өмір сүрген елдің тарихын білген әлдеқшан сәннен шықпаса деймін.

Қолжазбаға сүйенсем ауылымызда Коллективтендіруге дейін ру ішіндегі әр аталар бөлек бір ауыл болып топтасқан.1927-1929 жылдар аралығында  он шақты үй коллектив болып егін салады.Бастапқыда бірден «Жаңажол »деген атау берілмеген.Алғашқы  атауы «Жаулыбай» ауылы деп аталған екен.Коллективтендіру кезінде үй басы көбейіп,шаруа кеңейіп,ауыл ірілене бастайды.1930 жылы Жаңажол колхоз болып құрылған.Сейітбеков Қази деген азамат алғашқы колхоз  басқарушысы болған екен.XX ғасырдың 30-жылдарынан кейін колхозды ірілендіру туралы  қаулы шығып,ауыл маңындағы шағын колхоздармен біріктіріліп  «Жаңажол» колхозы  болып аталады.Отызыншы жылдардан соң күрт пайда болған асыра сілтеушілік нәубеті ауыл тұрғындарын да хабарсыз қалдырмаған.Ел ішінен малы көп азаматтар тәркіленіп,кәнфескеге ілігеді.Көнбіс халық бұл қиыншылықтарды да бастан кешкен -ау ,сірә.Қандай қиыншылық болмаса да жасымған қайсар халық әрі қарай еңбектеніп,төзімділіктің туын биік ұстап болашақ үшін тер төкті.

Екінші дүниежүзілік дүрбелеңіне дейінгі кезеңде ауылда астық шығымдылығы жақсарып,колхоз алдыңғы шаруашылықтардың біріне айналып,ел жүрегі шырайлана бастады.Колхозға жыл өткен сайын шаруашылықты дамытуға мамандар мен шеберлер,жұмыс орындары қажет бола бастады.Ауылымыздың темірден түйін түйген,ағаштан ою ойған шебер азаматтары колхоз игілігі үшін еңбек етті.

Еліміздің тыңыштығын бұзған,дүниені дүр сілкіндірген,өмір мен өлімді арпалыстырған екінші дүниежүзілік соғыс қай елдің болмасын тарихынан қаралы таңбасымен орын алады.Бұл сұрапыл кезең Кеңестер одағының қай отбасын болмасын шарпып өткендігі рас.Өз ер азаматтырнан айырылмаған,қайғы-қасірет айналып өтпеген отбасы кемде -кем.Біздің ауылымыздан 88 адам майданға  аттанды.Сол азаматарымыздың 55 –іне туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай,соғыс даласында  жаумен қанды шайқаста қаза тапты.Осы соғыс заманында ауылымыздың ең беделді ,ең қажырлы азаматтары майданға аттанғандығы бізге мәлім.Сонда бала-шаға не болмақ?Кім оларды құшақтарына алып ,пейілін төгеді деген сұрақ туындауы да жөнді.Аға-аталары соғысқа аттанған азаматтар не істемек?Әрине ,апа-қарындастарының қорғаны болды.Он –он бір,он екі жастағы  бозбалалар өгіз айдап,жер жыртып,дән бастырып,шөп шапқан.Нағыз киімнің де,тамақтың да тапшылық заманында бұл ержүрек балақайлар суықтың саңқылдаған сары cамалына қарамастан жер жыртты,мал бақты.Жаздың шыжғырған самалымен күніге дос болып дала тарландары атанды.Осы бір тарихи деректерді жазып отырып ,ойыма келетіні ,әрине,өзімнің алтындай атам –Қайырбек.Ол кезеңде небары он жасқа да жетпеген бала болса керек. Ауылдың атқарған жұмыстарына атсалысып,соғыстағы азаматтарға өнім  жинақтауға  бар күшімен жұмыла еңбегін төккен. Азаматтарымыз аш болмасын,киімі бүтін болсын деген ниетпен жұмылған халық  жұдырықтай  еңбек атқарған.Уақыт өте келе соғыстың қанды майданынан аман қалған аталарымыз келе еңбекке араласқан.

1951 жыл ауыл үшін ерекше табысқа толы жыл болды Октябрь ауданына қарасты Жаңажол,Жаңаталап,Кеңес ауылдары  ендігі кезекте біріктіріліп «Жамбыл » ұжымшары болды.Осы іріленген ұжымшардың жеке төрағасы сайланды.Осылайша уақыт өте келе жергілікті жастар арасынан білімдар мамандар өсіп шықты.Ауыл шаруашылығының адамдарының еңбегі  ауыл жағдайының өркендеуіне себеп болды.Ауыл тұрғындары ішінде Шоткин Әшім,Дүкенбаев Шәкірбай аталарымыз ауылдың біраз үйлерін өз қолдарымен тұрғызған. Атам Қайырбек те дәл осы соғыс кезінде ауылда болып,тыл қызметкері болған.

Жаздың бір жарқыраған кешінде отбасымызбен ас ішіп отырған кез еді. Не дегенмен ,тапшылық кезеңнен өтті ғой аталарымыз. «Баршылық кезең деген осы шығар!»-дегендей атам бір күрсініп алып ,өткен кезді барынша сүреттеп берді.Атамның сол кездегі айтқаны әлі де болса естен шықпақ емес.Шықпай қайтсін айтушының шынайылығы шындықты шымырлата жүрекке жеткізгені ғой. Жоқшылық кезең болғаны соншалық тіпті  ызғары салқын кездерде қой  терісін илеп киген қаһармандар да болған.Әрбір сөздің мәнісін тамыр тереңінен түсінбегендер ,бәлкім: «қой терісін илеп кигендерді неліктен қаһарман атап отырсыз»,-деп айтулары ғажап емес.Айтарым сол ,әлбетте,қаһармандар мал терісін кигендігімен қаһарман болып отырған жоқ.Күннің атқаны мен түннің телміріп барып батқанына дейінгі уақытта ерең еңбектерімен тапқан таянғандарын өзімдікі демей соғыс даласына қолында бар киіміне дейін жібергендігі нағыз қаһармандық нағыз ерлік деп білемін.Өзіңдікін өзгеге қияр азамматтар көп болғаны жүректің кеңдігі,пейілдің ақтығы демей немене?   Аталарымыз жүріп өткен  тарихын жастайынан жаттатып, ел-жұрт тарихын білу-ер азаматты ерлікке тәрбиелетіндігін санамыздан шығармаған жөн! «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» деген аталы сөзді арқау етер ұл-қыздарымыз көп болғай!!

 

СҚО, Шал ақын ауданы,

Ғ.Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінің

қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қаирбек Асылтас Ерікқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.