Home » Балабақша » Ел есінде мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле

Ел есінде мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле

Кез келген ұлттың болашағы – ұрпақтың тәрбиесімен ұштасып жатыр. Сондықтан да, мемлекет бұл мәселеге мейлінше мән бермейінше, келешегінің кемел болатынына кепілдік те жасай алмайтыны ақиқат. Ал жас өскелеңді тәрбиелеудегі аса маңызды орта – білім беру мекемесі. Елбасымыздың 2017 жылғы Қазақстан халқына «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК» жолдауында интеллектуалдық- білімділік әлеуеті — білімге және технологияларға негізделген мемлекеттің жаңа экономикалық өсуін қамтамасыз етудің негізгі қоры екені айтылған.

2016-2017 жылдан бастап енгізіп жатқан жаңа мазмұнды білім беруде де өз білімін  өмірде қолдану, жетілдіру мүмкіндігі  бар, сыни тұрғыдан ойлайтын шығармашыл тұлғаны оқыту және тәрбиелеу көзделген.

Жалпы білім беру саласында мектепке дейінгі тәрбие – салиқалы адамның қалыптасуындағы басты баспалдақ. Өйткені, балабақша бала тәрбиесінің, бала мінезінің қалыптасуына, мүмкіндігінің ашылуына үлкен әсер етеді. Осы бағытта мемлекеттің қамқорлығы соңғы жылдары ұлғайып келе жатқандығы сөзсіз. Көкшетау қаласындағы №7 «Айша»  балабақшасы — заман талабын ескере отыра біліммен сусындату, соның ішінде тәрбие жұмысын жаң ұйымдастырып, тың идеялар мен инновацияларды енгізу өзектілігін іске асыратын мекеме.

«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. «Симба» мектепалды даярлық тобының кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиешілері Март Бақытжанқызы мен Баязитова Индира Мырзабекқызының еңбегін қалың жұртқа паш етуді ата-ана ретіндегі  адами парызымды орындау деп білемін. Баланың ой-өрісін дамытуда, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарын молайтуда біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан зор.

Тәрбиешілер мен балалардың еңбегі ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері, жыл барысында өткізілетін әртүрлі сайыстар, өткізілетін біліми іс-шаралар арқылы бағаланатыны бәрімізге мәлім. Тәрбиеленушілерді инттеллектуалдық сайыстарға қатыстыру, ата-аналарға тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, қойылымдарға шақыру — отбасында және балабақшада жеке тұлғаның қалыптасуына көмектеседі, балаларға тәрбиеші мен ата-ананың арасындағы байланысты сезуіне әсер етеді. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне деген сенімділікті арттыруда  біздің тәрбиешілеріміз шешуші рөл атқарады.

Әр баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметтерінде тек қана жақсы жетістікке  жетіп жүрген Март Бақытжанқызы мен Баязитова Индира Мырзабекқызының өздеріне және  балаларға  қоятын талабы жоғары.

Балабақша ұжымы облыс, қала көлемінде ұйымдастырылып отыратын байқаулардан қалыс қалған емес.  Әртүрлі сайыстардан бірнеше рет алғыс хат, мадақтау грамоталарымен марапатталып келеді. 2016-2017 оқу жылында Халықаралық «Түсін! Аш! Тап! Зертте!» интеллектуалдық сайысына балабақшадан 52 бала қатысып, солардың басым бөлігі 19 бала «Симба» тобынан қатысты. Сайыстың  жүлдегері атанған 19 баланың алтауы Март Бақытжанқызы мен Баязитова Индира Мырзабекқызының тәрбиеленушілері. Топ тәрбиеленушісі Бикеева Гүлназ жеңімпаздың медалін алып, марапаттарының санын арттырды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбие­шінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына ла­йықтап дайындау керек». Біздің тәрбиешілер келешек ұрпақтың кемелденуіне үлес қосуда.

Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық деген көңілмен «Симба» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Бикеева Гүлназдың анасы Бикеева Айсұлу Жәнібекқызының атынан алғысымды білдіремін.

 Бикеева Айсұлу Жәнібекқызы
Көкшетау қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.