ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ
Сіз бұл мектепке қашан келдіңіз, шалғай жерде орналасқан мектепте қиындықтар болған шығар…
1991 жылы Атырау педагогикалық институтын аяқтап елге келгенде аудандық білім бөлімінің бұйрығымен осы Қызылүй негізгі мектебіне математика пәні мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым.
1995 жылдың 13 қыркүйек күнгі Исатай аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жиенғазиев Ғимади Молдағазыұлының №149 санды бұйрығымен бұрынғы мектеп директорының басқа жұмысқа кетуіне байланысты уақытша мектеп директорының міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Бұл бір алмағайып кез еді ұжымшарлар тарап жатыр. Орталықпен қатынасу қиындау не кездессе сонымен көлік таңдамайтын кез еді. Интернатқа тамақ жеткізу қиынның қиыны еді арнайы көлік жоқ барын Қызылүй басындағы дүкеннен, жоғын орталықтан таситынбыз. Мектеп үйі ыңғайластырылған яғни тұрғын үйге жобаланған ғимаратта орналасуынан жылытудың өзі үлкен шаруа болатын жылу қазаны жоқ, ғимаратта сегіз пеш оған отын тасу, күл шығару тәулік бойына жылуды ұстау үлкен жауапкершілікті талап ететін. Оқушылардың білім алуына жағдай жасау, олардың денсаулығы, мұғалімдердің жұмысы ол осы отшының жауапкершілігіне байланысты еді. 1995-96 оқу жылында мектепте 1-8 сыныптарда 51 оқушы олардың 34-і интернатта жатып оқитын малшы-шопан балалары еді. 1998 жылдың сәуір айында ауыл клубында тұрғындар жиыны болып, онда сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Таупих Маштахов елдегі оңтайландыру саясатын, ұжымшарлардың таратылып жатқаны жайында тұрғындарға түсіндіріп, шағын елді мекендердің болашағы жоқ сондықтан Қызылүй, Жасқайрат елді мекендеріндегі мектептердің жабылатынын айтты. Олар кеткен соң ауыл ағалары болып ақылдасып, кезінде 1986 жылы Қызылүй бастауыш мектебінің ашылу лентасын қиған сол кездегі ұжымшар директоры қазіргі аудан әкімі Жанай Беркалиев екен. Қарттар менің Жанай Беркалиевке жеке қабылдауына баруымды және мектептің осы елді мекендегі бірден-бір мәдени ошақ екенін жеткізіп айтуымды тапсырды. Жанай Беркалиевке кіріп елдің аманатын алып келдім кезінде Қызылүй бастауыш мектебінің лентасын қиғанын есіне салып, ауылының қарттары сізден «Өзі еккен терекке қалай қолы барып балта шапты» — екен деп сұрап жатыр дедім. Бала түсіндім деп шығарып салды қыркүйекте Қызылүй мектебі ашылды бірақ, интернат тәрбиеленушілері Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебі жанындағы интернатына жіберілді. Интернат ғимараты ауылдық клубқа берілді. 1-6 сыныптарда тек Қызылүй басының балалары 28 оқушымен қалды бірақ, орын тапшылығына байланысты осы 28 оқушыны екі кезекте оқытуға тура келді.
Түлектеріңіз туралы айтсаңыз…
Мектептің атауына сәйкес оқушыларымызға негізгі білім туралы аттестат беруге ғимараттың тарлығынан жетінші сыныптан кейін басқа мектептерде білімін жалғастыруға мәжбүр болып келеді. Түлектеріміздің арасынан күні бүгін Айгерім Ғұмарова Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінде география пәні мұғалімі, Жайнагүл Есмағамбетова аудандық емхананың терапевті, Тұрарбек Шәріпов Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде арнайы пәндер (математика, физика) оқытушысы, Наурызбай Сұңғатов аудандық ішкі істер бөлімінде жедел іздестіру уәкілі полиция аға лейтенанты,Тауманов Артур патрульдік жол полициясы инспекторы кіші лейтенант, Нәсіпқалиева Фаруза Атырау қаласында соты орындаушысы, Әбилов Арман, Досқалиев Наурызбек, Өтеғалиев Бақтыбай, Ғұмаров Фархад сияқты шәкірттеріміз ата кәсіпті жалғастырып әке таяғын ұстап елдің экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүр, осындай өз ісін адал атқарып жүрген шәкірттерімізді мақтанышпен айта аламыз.
Салынып жатқан мектеп ғимараты |
Мамандар жәйі қалай?… Осы жылдарда басқа ауылдардан, тіпті басқа аудандардан келіп жұмыс жасаған мамандар жетіп артылады, Қызылүй халқының қонақжайлығы, мамандарды орналастыруда қиындық туғызбады, тіпті бір үйге ақы-пұлсыз бірнеше қызды да жатқызған кездері болды. Қазірде Исатай ауылынан Дабисова Назым, Нарыннан Хайыржанов Мухит жомарт жандардың үйінде жатып жұмыс жасауда. Жас маман болып келіп осы ауылдан өз бақытын тапқан әріптестеріміз Галиева Күмісханым, Хайруллина Майдагүл, Ибраймова Альбина арамызда әлі де еңбек етуде. Жоғары тұрған биліктің алдына осы Қызылүйдің мәселелерін: мектеп салу, ауыз су, көгілдір отын тарту мәселелерін айтып, дәлелдеуің айғағы күні бүгін Қызылүйден екі қатарлы 80 орындық типтік жобадағы мектеп ғимараты бой көтеріп, алла қаласа келесі оқу жылында оқушыларымыз осы сәулетті мектепте білім алады десек, күні кеше ғана ауылға таза су қосылып тұрғындар бастап қайырын көруде, ел ағаларының айтуынша тұрғындардың көгілдір отын пайдаланатын уақыты да қашық емес.
2008 жылы мектебімізге сұйық отынмен жылытатын жылу қазаны қойылып оқушылар мен мұғалімдерің қалыпты жұмыс жасауын тағы бір мүмкіндік туды.
Білім сапасы қандай?…
Биылғы оқу жылының біз үшін жетістіктері аз болған жоқ атап атсақ мектеп бойынша білім сапасы 61,7% болса, екі оқушымыз аудандық ғылыми жобалар сайысынан облыстық кезеңге жолдама алды олар: 8-сынып оқушылары Айнұр Қабылқызы математика секциясы «Ою-өрнектің құпиясы» тақырыбында, Дана Ғарифолла физика секциясы бойынша «Дыбыстың сері» тақырыбында жетекшісі І-санатты математика және физика пәні мұғалімі Зоя Губашева және «Жас физик» байқауында 8-сынып оқушысы Ғарифолла Дана ІІ орынды иеленді. География, биология және физика пәндері бойынша 6-8-сынып оқушылары аудандық олимпиадаларға қатысып жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Атап айтсақ 6-сынып оқушылары Сәдір Асылжан биология пәні бойынша ІІ орын, Абат Мақсат география пәні бойынша ІІІ-орын, сонымен қатар жоғары сынып оқушыларының арасындағы пәндік олимпиадада география пәні бойынша Қабылқызы Айнұр ІІ-орынды иеленді. Жетекшілері: биологиядан – Шеген Неталиев, географиядан –Назым Дабисова, физикадан – Зоя Губашева. Қалаубаева Еркеназ – Аудандық Абай оқуларынан ІІ орын, Тілекқабыл Дарын – Облыстық «Жас тілшілер» байқауы Республикалық «Үркер» журналының Әбіш Кекілбаев атындағы жүлденің иегері, Аудандық Мағжан оқулары ғылыми жоба қорғаудан ІІ орын, Қабиден Сағындық Аудандық Мағжан оқулары өлең шығарудан ІІІ орын алса, Мұхси Ахат осы сайыста өлең жаттаудан Алғыс хатпен оралды. Жетекшісі: Айкүміс Ажканова. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айкүміс Ажканова аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасы, Облыстық «Тұнық жырдың тұмары» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің эсселер байқауынан ІІІ-орын, тарих пәні мұғалімі Галиева Күмісханым аудандық педагогикалық оқудан ІІ-орын, математика, физика пәні мұғалімі Губашева Зоя Аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, мектеп басшысы менің аудандық білім бөлімі Құрмет тақтасына шығарылуымен есте қалды.
Мектептің болашағы туралы Сіздің ойыңыз?
Қызылүй ауылы күннен-күнге дамуда десем артық айтқаным болмас, алдағы уақытта жаңа типтік жобадағы 80 орындық екі қабатты мектеп үйі қолданысқа беріледі деп күтілуде, қазіргі мектеп үйі ғимараты құм өңірі малшы-шаруагерлері балалары жатып оқитын интернатқа беріледі деп күтілуде. Облыстың, ауданның экономикасының дамуына өзіндік үлестерін қосып отырған осы шаруа қожалықтары балаларын оқыту үшін орталықтан жеке пәтерлер сатып алуға немесе оқу уақытына жалға алуға мәжбүр болып жүргенін көзіміз көріп отыр. Қазіргі мектеп ғимараты интернатқа ыңғайлап жабдықтап берілсе, құм өңіріндегі отбасылар үшін үлкен көмек болар еді.
Қазіргі мектеп ғимараты
«Оңай емес қызмет жасап келе жатқан, жас маман болып келіп, қазір де орта жасқа шыққан, өңін күн қаққан Ел ағасына еңбегіңіз жансын, Сіз ойлағандай мектебіңіздің болашағы мәртебелі болсын», ‑ деп қоштастық.
Сұхбаттасқан: Мұхамбетов Аяпберген