Home » Эссе » Елін сүйген, елі сүйген елбасы

Елін сүйген, елі сүйген елбасы

Елімнің ұлы болсаң, еліңе жанын ашыса,

азаматтық намысын болса, қазақтың

ұлттың жалғыз мемлекетінің нығайып,

көркеюі жолында  жан теріңді сығып

жүріп еңбек ет, жердің де, елдің де

иесі өзін екеніңді ұмытпа.

Н.А. Назарбаев

«Тәрбие тал бесіктен басталады», — деп атам қазақ айтпақшы, халқымыз тәрбиеге үлкен мән берген. Елбасы: «Әкем: үлкен кісіні көрсең, оны танысаң да, танымасаң да  алдымен сәлем бер деп өсиет айтудан жалықпайтын». Елбасының бойындағы қарапайымдылық, ізеттілік қасиеттері ата-ана  тәрбиесінің жемісі екендігін айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев кішкентайынан зерек, алғыр болып өскен. Бүгінгідей биік белеске көтерілуін әжесі өзі көрген түсінен-ақ болжап қойған еді. «Түсімде зеңгір көкте шуағын шашып жарқыраған күнді, өркеш-өркеш ақ бұйра  бұлтты көрдім. Сәлден кейін  бұлт арасынан ақбоз атқа мініп, күннің алтын сәулесімен шағылысып биік аспанда ұшып жүрсің. Ол маған берілген аян. Бойыңды таза ұста, бар ынтамен еңбек ет, білімді бол, көп оқы, ғылымды игер, мейірімді бол, адал да әділ бол! Сонда қалың  елге даңқынды жаятын бедел адам боласың. Көрген түсімді, айтқанымды  жүрегіңде сақта, зерделі бол құлыным» деген әжесінің сөзін өмір бойы есінен шығармай жүрген сынды.

1960 жылы Теміртау қаласындағы «Казметаллургстрой» тресінің «Доменстрой» құрылыс басқармасында қара жұмысшы болып еңбек жолын бастаған Елбасы 1971 жылы  Теміртау қалалық партия  комитетінің  екінші  хатшысы, 1973 жылы  Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің екінші хатшысы дәрежесіне дейін көтеріледі.  1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған ол 1989 жылы Қазақстан Компартия орталық комитетінің бірінші хатшысы болады. Қажырлы еңбегінің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев  1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық сайлау қорытындысы бойынша 98,7 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

Міне, көзді ашып жұмғанша 26 жылды артқа салып, көптеген белестерге Нұр ағамен көтерілдік. Басы қатты болғанымен, арты тәтті болады демекші, қаншама қиын-қыстау кезеңдерді артта қалдырдық. Қазақтың маңдайына берген Нұрсұлтандай елбасының  кемел ақыл-ойы, керемет күш-жігері арқасында егеменді қазақ елі қайта түлеп, қарыштап өркендеді. Елбасымыз Қазақ елін білімі мен тәжірибесіне, ақылы мен парасатына, ар-ожданына сүйене отырып, өрге сүйреді, әлем таныған елдер қатарына қосты. Қазіргі кезде Н.Ә. Назарбаев әлем мойындаған бүгінгі заман  лидері. Елбасы – туған халқын, туған жерін, даласын жанындай сүйетін адам. Мұны сөзімен де,  ісімен де, шығармашылығымен де дәлелдеп келеді. Қазақстан қысқа мерзім ішінде  дамыған нарықтық  экономикасы және  азаматтық қоғамы бар өркендеген мемлекетке, халықаралық сахнада өз орны бар мемлекетке айналды.

«Қандай қасіретке  қабырғасы қайысса да, қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында басымды иемін» деген Н.Ә. Назарбаев бүгінгі күнге дейін халықтың қамын ойлап, солар үшін қызмет етуде.

Көшбасшылық қабілетті бойына сіңірген тұлға ретінде  елбасымызды мысалға алып, өз Отанының ғана емес, бүкіл әлем алдында ерекше  көшбасшы екендігін тілге тиек  ете аламыз. Елбасының көшбасшылығы халықты басқара  білуінен, өзге ұлт өкілдерін  қазақ халқымен бір шаңырақ астына біріктіре білген, татулық,  достық деген егіз ұғымды ел санатына жеткізе білуінен байқалады. Өз елінің патриотымын деген әрбір көзі ашық, көкірегі ояу  қазақ азаматы осы тарихи тұлғаға айналған елбасымыздың әрбір іс-қимылынан көшбасшылықты қалыптастыруда үлгі алуы тиіс. Қазір мен – бақытты елдің, бақытты ұрпағымын. Татулығы мен бірлігі жарасқан көп ұлтты қазақ елінде бақытты өмір сүріп жатқаныма қуанамын, шаттанамын.  Ақын М.Құрманалиннің сөзімен айтқанда:

Біздің елде бақытты ғой бар адам,

Еркіндікті ешкімнен мен сұраман.

Еңбек етем, білім алам, тынығам,

Алтын Заңды жазылған бұл қағидам.

Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін өз мүддесінен артық қоятын Елбасының арқасында, біз, Қазақ елі мәңгілік ел болып қала береміз!

Утебаева Мөлдір Ағыбаевна,

№27 орта мектебі

ІІ санатты Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Ақмола облысы, Целиноград ауданы,

Оразақ ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.