1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Оралдағы №1 орта мектепте тоғызқұмалақтан ұлдар мен қыздар арасында қалалық біріншілік өтті.
Спорттық шараны «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы мен №1 ЖОББ мектебі ұжымы бірлесе ұйымдастырды. Жарысқа қатысушылар 2008-2009 жылы туған ұлдар, қыздар және 2010 жылғы ұлдар, қыздар болып екі топқа бөлінді. Жалпы спорттық сайысқа бес команда қатысты. Олар – №1 ЖОББМ, №30 ЖОББМ, №31 ЖОББМ, №42 «Ақниет» мектеп-гимназиясы және «Санжар» интеллектуалды мектебі.
Тоғыз турдан құралған жарыс швейцарлық жүйе, жекелей және командалар бойынша өтті. Нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша «Санжар» интеллектуалды мектебі жеңіске жетсе, 2-орынды №1 орта мектептің командасы иеленді. Ал №42 «Ақниет» мектеп-гимназиясының тоғызқұмалақшылары ІІІ орынға тұрақтады.
– Осы шараның өтуіне мұрындық болған Оралдағы «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамына, Кеңесовтар отбасына алғысымызды білдіреміз, – дейді №1 орта мектеп әкімшілігі.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал