ҚарМТУ-дың алға қойған міндет-мақсаттары зор
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің тарихы мен заманауи жетістіктері Мемлекет басшысының қызметімен, ол кісінің жаһандық бастамаларымен және Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жетілдіру мәселелері бойынша бағдарламалық тапсырмаларымен тығыз байланысты. Университет ұжымы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың инженерлік білім негіздерін 1962-1965 жылдары осы оқу орнында алғанын мақтан тұтады. Елбасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні жалпыұлттық мереке ретінде алғаш рет аталып өткен 2012 жылдың 1 желтоқсанында ҚарМТУ-ға арнайы келуі байырғы білім ордасының инновациялық дамуына қуатты серпін берді. Ол кісінің осынау білім ордасына деген ерекше ілтипатын Құрметті қонақтар кітабында жазып қалдырған лебізі де айғақтайды. «Мен осы оқу орнында – бүкіл Қазақстан үшін инженер мамандар даярлайтын ұстаханада білім алғанымды мақтан тұтамын», – делінген онда.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың жаңа индустрияландыруды, институттық реформаларды жүзеге асыру үшін ұлттық инновациялық жүйелерді, адам капиталын дамыту бағытындағы стратегиялық бастамаларын қолдау мақсатында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті кейінгі он шақты жылда Орталық Қазақстанның мәдени, зияткерлік және өндірістік қарашаңырағына айналды.
Мемлекет басшысының еліміздің, оның ішінде ҚарМТУ-дың инновациялық дамуындағы бастамаларының жасампаздық рөлі жыл сайын өткізілетін «ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстанды қалыптастыру бойынша тағдыршешті шешімдері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өзегіне айналған. Биыл бұл конференция ҚарМТУ базасында 25 қараша күні онлайн режімде өткізіліп, оның жұмысына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, еліміздегі 15 базалық жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері – барлығы 10 мыңнан астам адам қатысты. Конференция шеңберінде, Елбасының тапсырмасы бойынша, университет ішінен Кен-металлургия кешеніндегі метанды энергетика зертханасы ашылды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы инженерлік білім мен заманауи техникалық мамандықтарға оқыту жүйесін жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу қызметін мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде күшейту негізінде әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы білім берудің әлемдік экономика көшбасшыларының қатысуымен жүзеге асырылған сәтті жобасы ретінде «TOTAL» трансұлттық компаниясының қызметін мысалға келтірді. «TOTAL» компаниясының ықпалымен өз саласындағы оқу орталықтарын халықаралық сертификаттаумен шұғылданатын Қазақстанның дәнекерлеу институты ашылғанын шетелдік инвесторларға үлгі етті.
2014 жылдың 5 желтоқсанында Франция президенті Франсуа Олландпен кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы «2010 жылдан бері, «TOTAL» компаниясының қолдауымен, Қарағанды техникалық университетінің базасында Дәнекерлеу институты жемісті жұмыс істеп келеді. Кезінде өзім де осы университетте оқығандықтан, бұл жетістік мен үшін тіптен қуанышты», – деп атап өтті.
ҚарМТУ базасындағы Қазақстанның дәнекерлеу институты бүгінде әлемдік өндірушілердің бірегей жабдықтар кешенімен қамтамасыз етілген. Мұнай-газ компанияларының тапсырыстарына сәйкес, «IWE халықаралық инженер-дәнекерлеуші» бағдарламасы бойынша ұлттық және трансұлттық компаниялар зәру болып отырған мамандардың үш легін оқытып шығарып, оларға әлемнің 56 мемлекетінде мойындалатын дипломдар бердік.
Қазіргі уақытта техносаланың сұранысы әлемдік индустрия деңгейі мен алтыншы технологиялық сатының талаптарынан көш ілгері қалып қойған инженерлік білімнен біршама озып кеткен. Келе жатқан Төртінші индустриялық революция жағдайында өнеркәсіп пен ақпараттық технологияларды ұштастыра алатын мамандар даярлау қамын ойлау қажет. SMART-, CALS-, 3…6D-технологиялар өнеркәсіп, көлік, энергетика, құрылыс салаларына барған сайын тереңдей еніп келеді. Интернет заманында өндіріс те «ақылды» бола бастады. Терең білімді, бәсекеге қабілетті, ИИДМБ-2 жобалары дегенде жұлқынып тұрған жаңа буын инженерлеріне сұраныс күшті. Аталған бағдарлама тек серпінді жобалар техника және технологиялар саласында бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етілгенде ғана жүзеге асады.
ҚарМТУ экономиканы дамытудың басты бағыттары саналатын «Кен ісі», «Металлургия» және «Машина жасау» салаларына ИИДМБ-2 шеңберінде инженер мамандар даярлайтын базалық жоғары оқу орны болып табылады.
Мамандарды даярлау бейіндік магистратураның тәжірибеге ден қойылған жаңа білім беру бағдарламалары шеңберінде, «ЖОО – Жұмыс беруші – Магистрант» түріндегі үшжақты келісімшарт бойынша жүргізіледі. Бағдарламалар әлемнің жетекші техникалық университеттерімен, трансұлттық және ұлттық компаниялармен бірлесіп жасалып, жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, тек «Робототехника. Басқару жүйелері», «Металлургиядағы нанотехнологиялар», «Кен-металлургия кешеніндегі инновациялық технологиялар. Геотехника», «Кен-металлургия өнеркәсібіндегі дәнекерлеу өндірісінің инновациялық технологиялары» және «Металлургиядағы құрылыс инжинирингі» бағдарламалары бойынша Қарағанды облысында Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырып жатқан 45 салалық кәсіпорынмен мамандарды мақсатты даярлау мен жұмысқа орналастыру туралы 460 келісімшарт жасастық.
Жаңа буын инженерлерін даярлау ісі мен ғылымға тәуелді технологиялар трансфертіндегі халықаралық әріптестеріміз деп әлемдік деңгейдегі Мичиган, Гонконг, Вена, Рейн-Вестфаль, Бирмингем, Лотарингия, Нанси университеттері, Ұлы Петрдің Санкт-Петербург политехникалық университеті, Том политехникалық университеті, Мәскеу болат және балқымалар институты, Урал федералдық университеті және басқаларды атай аламыз. Жобаны жүзеге асыруға ҚарМТУ-дың байырғы стратегиялық әріптестері – TOTAL, ArselorMittal, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, ERSAI, Leica Geosystems, EPАМ Systems, FLUOR, CHINA KINGHO ENERGY GROUP, «Қазақмыс», «Имсталькон», KEGOC және басқа трансұлттық және ұлттық компаниялардың жетекші мамандары белсене атсалысуда. Жобаны жүзеге асыру аясындағы оқу үдерісінде әлемдік өндірушілердің (АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд, Жапония, Франция, Германия және Швейцария) жалпы құны 380 миллион теңге тұратын бірегей зертханалық жабдықтары пайдаланылады.
Мамандарды даярлау барысында білім мен ғылымды және өндірісті тиімді біріктіру ҚарМТУ базасындағы «Корпоративтік университет» кластерінің бірегей зияткерлік және ғылыми-техникалық әлеуетін пайдалану жолымен жүзеге асырылуда. Кластер Қазақстан, Германия, Франция, Қытай, Ресей, Белоруссия және Өзбекстан елдерінің 86 жетекші кәсіпорындары мен ғылыми орталықтарын жұмылдырып отыр. Кластер жүйесін құраушылар қатарында ұлттық кен-металлургия кешенінің басты компаниялары саналатын «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс», Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, «Шұбаркөл Көмір», «Богатырь Көмір» және басқалар бар.
Консорциумдық келісім мен үшжақты келісімшарттарға сәйкес, кәсіпорындар білім алушыларды заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіп, оларда кәсіптік және зерттеу тәжірибелері жүргізіледі, курс және диплом жұмыстары орындалады. Түлектер шығаратын кафедралардың 60 өндірістік филиалында жүретін оқу үдерісіне жыл сайын кәсіпорындардың 300-ден астам жетекші мамандары атсалысады. Кәсіпорындардың демеушілік көмегі есебінен 2015 жылдың өзінде жаңа білім беру бағдарламаларының зертханалық базасы сомасы 800 миллион теңгеден асатын жабдықтармен, бағдарламалық кешендермен толықты. Көптеген кәсіпорындардың басшылары Қарағанды «политехының» түлектері. Сондықтан, олардың өз бастамасымен, осы жоғары оқу орнының негізін қалаған академик Ә.С.Сағыновтың 100 жылдық мерейтойы құрметіне университеттің Эндаумент-қоры құрылды.
Консорциум кәсіпорындарымен әріптестік шеңберінде маңызды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстары жасалып, кейін олар өндіріске енгізілуде. Экономиканың нақты секторымен өзара тиімді шығармашылық әріптестіктің арқасында жоғары оқу орны жүзеге асырып отырған зерттеулер мен әзірлемелер, технологияларды коммерцияландыру 8 жыл ішінде 20 есеге дейін артты.
Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ҚарМТУ-дың баламалы энергетика саласында жасаған бірегей әзірлемелері: экологиялық таза гидродинамикалық қыздыру қондырғыларының 3 түрі, жылыстау тогының вакуумдық радиаторы мен релесі қойылады.
ҚарМТУ ғалымдары кәсіпорындардың жетекші мамандарымен бірлесіп, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарының нәтижесінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 65 оқулық даярлап, басып шығарды. Білім және ғылым министрлігі оларды еліміздің техникалық жоғары оқу орындарына ұсынды. Көптілділікті дамыту шеңберінде ҚарМТУ ағылшын тіліндегі оқулықтар жасаудың базалық жоғары оқу орны ретінде белгіленген және биылғы оқу жылынан бастап жаңа «Ақпараттық-байланыс технологиялары» пәнін ағылшын тілінде оқыта бастады.
Корпоративтік университет аясында тиімді жұмыс істеп тұрған «Білім – Ғылым – Өндіріс» моделін қалыптастырудағы жүйелі жұмыстардың арқасында ҚарМТУ Қазақстанда тұңғыш рет қосымша жұмысшы мамандығы бар инженерлерді даярлаудың қосарлы оқыту жүйесін іске қосты. Қазіргі өндіріске мұндай мамандар аса қажет. Осы мәселені шешу мақсатында университетте өңірімізде жаппай сұранысқа ие кен өндіру, дәнекерлеу, машина жасау, құрылыс, энергетика және телекоммуникация салаларындағы жұмысшы мамандықтары бойынша заманауи жабдықтар кешенімен қамтамасыз етілген 6 орталық ашылды. Студенттер жұмысшы мамандығын бірінші курста оқып жүрген кезінде-ақ алып, соның арқасында өндірістік тәжірибеден штаттық жұмыс орнында өтіп, кәсіпорындардағы қосарлы оқыту жағдайларына да тез үйренеді.
Жаңа буын инженерлерін даярлау еңбекке баулумен, патриоттық тәрбиемен, сонымен қатар, ҚарМТУ-да «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық құндылықтарын әдістемелік негіз етіп алып, жемісті жұмыстар атқарып жатқан «Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» моделімен тығыз байланысты. Болашақ мамандар тәрбиесін ұйымдастырудағы жаңалық – ол кезең-кезеңімен қисынды жалғасын тауып отыратын жүйе түріндегі модельге негізделген. Әр кезеңнің өз мақсаты мен мазмұны бар және ол нақты бір оқу семестріне белгіленген. Бұл модельде тәрбие ұғымы аға ұрпақтың жас ұрпақпен бір мезгілдік тәжірибе бөлісуі, ақыл айтуы түрінде емес, оқытушылардың, өндірістегі жетекшілердің және студенттердің оқуда да, одан тыс кездерде де өзара қарым-қатынасы, әріптестік сыйластығы ретінде жүреді. Шындығында, ҚарМТУ-да тәрбие берудің жаңа технологиясы жасалып, жемісті жұмыстар атқарылуда. Оны жоғары кәсіби білім беріп отырған басқа білім беру мекемелерінде де тәжірибеге кеңінен енгізуге кеңес берер едім.
Жаңа буынның инженер мамандарын даярлау барысы мен нәтижелері ҚарМТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, студенттері мен өндірістік әріптестері Елбасы Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды әлеуметтік жетілдіру бойынша алға қойған міндеттерді өнімді де сапалы орындауға бел буып отырғанын айқын аңғартады. Осы орайда айта кеткім келетіні, белгілі мүсінші А.Билыктың отбасы Мемлекет басшысы мен металлург жұмысшылар кескінделген өнер туындысын оқу жылының басында ҚарМТУ-ға тарту еткені өте орынды әрі жан тебірентерлік оқиға болды. Еліміз үшін тағдыршешті шешімдер қабылдаған Президентімізге халықтың айтар алғысының бір көрінісі осы болар.
Арстан Ғазалиев,
ҚарМТУ-дың ректоры,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
ҚР ҰҒА академигі