Дүниетану — бастауыш сынып пәндерінің ішіндегі ең қиын да қызықты пәннің бірі. Оның қызықтылығы — оқытушы оқушылармен біргелікте айналадағы дүние сырларын, күнделікті таныс заттардың жаңа қырларын ашуда-бақылаушы, зерттеуші, танушы ретінде іздеу әрекетін жүзеге асырады. Оның қиындығы — бұл пән өте кең мәселелер шеңберін, ғаламшарлар туралы түсініктен, гигиенаға дейінгі білімдер аясын қамтиды. Табиғат, адам мен қоғам мұнда ажыралмас бірлікте қарастырылады. Бастауыш сынып оқушылары көбінесе дүниетану сабақтарын қызықсыз және бірсарынды пән деп ұната бермейді. Сондықтан оқушыларды қызықтыру үшін сабақтан тыс ізденуге итермелеу үшін, мұғалім өз жұмысын түрлендіріп, әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігін арттыру қажет.
Әрбір бастауыш сынып оқытушысы өз тәжірибесінде төмендегі қиыншылықтарға тап болады: Оқушылардың сабақта:
— дүниетану сабағында танымдық қызығушылықтарының жоғалуы;
— алып жатқан білімдерді жалпылау, талдау, салыстыру, бақылауында қиналуы;
— материалды нашар игеріп, себеп-салдарлық байланыстарды түсіне алмауы;
— тек оқулықтағы мәліметтерді немесе өз өмір тәжірибесіне сүйенген білімерді ғана хабарлауы;
— табиғаттағы заттар мен олар арасындағы логикалық байланыстарды байқамауы;
— оқушылар жаңа тақырып бойынша қосымша мәлімет табуға ізденбеуі;
— үйреншікті жағдайларда ғана жұмыс істеуге дағдыланып, білімдерін өмірде қолдана білмеуі;
— өздері мен жолдастарының білімдерін бағалау дағдыларының қалыптаспағандығы.
Бастауыш сынып оқушыларында көрнекілік-образдық ойлау қабілеті басым болатындығын ескерсек, бастауыш сынып оқытушысы дүниетану сабақтарында, материалды тереңірек игеруге ықпал ететін тірек-схемаларды пайдалануы мүмкін. Схемамен жұмыс жасап отырған оқытушының негізгі мәселесі, оқушыларда белгілі түсініктерді қалыптастыру емес-оларды ойлануға, салыстыруға, талдауға, пікірін білдіруге, қорытынды шығаруға, шешім іздеуге үйрету болып табылады. Себебі схемалар, бастауыш сынып оқушысына түсінікті абстракциялық ой формасының бірі. Схемалармен жұмыс істеу әдістемесі түрліше: схемаларды құрастыру, схема блоктарының өзара байланысын стрелкалармен қосу, схема бойынша әңгіме түзу, өз бақылауларының нәтижелерімен схеманы толықтыру. [5,544 бет] Тірек-схемалардың табиғаттың құбылыстары мен объектілерінің біртұтастығын түсінуде, олардың байланыстарын зерттеп тануда қызметі өте үлкен. Сондай-ақ дүниетанымдық білімдерді тереңірек түсініп, оларды жүйелеуге, көптеген мәлімет ішінен керектілерін маңыздыларын іріктеуге, шығармашылық қабілеттерін, логикалық ойлауын, қиялын дамытуға өз үлесін қосады. Тіпті нашар оқитын балаларға да өтілген тақырыпты жүйелі баяндау қиынға соқпайды, себебі сурет, схема, сызба түрінде ақпарат логикалық реттілікпен құрастырылған. Схемалар мәселелік жағдайлар тудыруға көмектеседі және өз кезегінде мәтін мазмұнына, суреттерге, тәжірибелерге, жасалған бақылауларға сүйенеді.
Тірек-схемалар көмегімен білім тексеру, бағалау жұмысын да, тиімді іске асыруға болады. [4,22бет] Оқытушы балалар білімінің деңгейі мен беріктігін бағалауға, егер қажет болса, өзгерту және толықтыруға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге тірек-схемалар баланың тіл байлығын,сөйлеу қабілетін дамытып, жүйелі сөйлеуге үйретеді. Әдейі қате жіберілген, орындары алмастырылған схемалар оқушыларды ойлау қабілетін жандандырады,қатені дұрыстауға итермелейді.
Шаталовтың тірек-схемалар технологиясының негізінде оқушылардың өзіндік белсенді іс-әрекеті жатады. [2,142 бет] Оқу іс-әрекеті тірек-схемалар арқылы жүзеге асады. Мұнда материалдың басты мазмұны-шартты белгілер,арнайы сөздер, символдар, қысқа сөйлемдерден құрастырылған сурет схема түрінде беріледі. Бұл схема бала ойын әр шартты белгілерге жүктелген мән-мағына, түсінік алгоритмі арқылы қажетті бағытқа жолдайды. Бұл схема сабақтың негізгі түйіні, «орталық өсі» — десек те болады. Оның айналасында басқа да әдіс тәсілдер қолданып, оқытушы сабақтың қаңқасын құрастырады және танымдық мақсатына жетеді. Бұл технологиямен құрылған сабақ жоспары иілгіш, өзгерістерге икемді болып келеді. Оқушылар мұндай сабақта барлығы жұмыс жасайды, пікір алмасады, талдайды, топтастырады, жіктеп-жалпылайды. Қабылдаған жаңа ақпаратты жаңғыртып айтып беруде, бүкіл мәтінді есте сақтау қажеттілігінен құтылып, схема бойынша тез де жүйелі, тақырыптың негізгі түйінін айтып бере алады. Білімді баяндау үлкен бөліктермен жүргізіледі, ол өз кезегінде жақсы ұғынуға, мүмкіндік береді және әңгімелеуде паразит сөздерді қолданбауға үйретеді. Ол сабақтың кез-келген бөлігінде қолдануы мүмкін. Мысалы, жаңа тақырыпты түсіндіруде оқытушы әңгіме барысында оны бормен тақтаға жазып кете беруі мүмкін немесе түсіндіріп болған соң, плакат немесе интерактив тақтаға жазып шығаруына болады. Сондай-ақ, бекіту кезеңінде дәстүрлі сабақтағыдай жаппай ауызша бекіте қоймай, оқытушы маңызды ақпаратты қайталап баяндайды. Мұнда оқушылардың көріп есте сақтауы мен ассоциация бойынша есте сақтау қабілеті белсенді жұмыс істейді. [6,73-74 бет]
Оқушылар оқытушы әңгімелеуінен соң схеманы жұмыс дәптерлеріне көшіре бастайды. Бұл кезеңде олардың көріп есте сақтауы мен моторлық есте сақтауы жұмыс істей бастайды. Тірек-схеманы тез және ұқыпты орындау керек, соң оқытушы мен оқушылардың біргелікті жұмысы басталады:
— теориялық материалды оқулықтан оқып шығу;
— негізгі түйін-ойларды схемада белгілеу;
— шартты белгілер арқылы белгіленген түсініктер мен ұғымдардың мағынасын ашу;
— өздігінше схеманы жалғастыру;
— берілген схеманы қосымша мәліметтермен мазмұнын толықтыру.
Оқушылардың білімдерін тексеру мақсатында өткен тақырыптар бойынша графикалық диктанттар қолданылады. Оқытушы тақырыптағы ұғым бойынша бірнеше сөйлемдер оқиды. Егер сөйлем сол ұғымға қатысты болса оны бір белгімен белгілеп, қатысты болмаса басқа белгіні қою талап етіледі. [3,26 бет]
Тексеру соңында тапсырманың жауаптары экранға шығады. Жауаптардың дұрыстығы жұппен немесе жақсы түсінген оқушылармен тексеріледі.
Оқушының үйдегі жұмысы
Оқушылар үйде оқулықтан тақырыпты қайталап шығып,схемаға сүйеніп баяндап көреді. Соң сызбаны есте сақтап қалғаны бойынша қайта жаңғыртып жасайды.
Үй тапсырмасын тексеру
Блок схема бойынша үй тапсырмасын сұрау сабақта екі бағытта жүреді. Біріншісі — ауызша, екіншісі — жазбаша. Тақтаға 1-3 оқушы шығып оқытушыға ауызша өте төмен дыбыспен схема бойынша тақырыпты баяндап береді, ал қалған оқушылар таза қағазға өткен тақырыптың сызбасын есінде жаңғыртып, қайта сызады. Бұл жұмысқа материал көлемі бойынша10-12 мин беріледі. Парақшалар торкөз түрінде болғаны дұрыс. Негізгі мәліметті, маңызды ақпаратты өзге түсті қарындашпен белгілеуге болады. 2-3 осылай технология бойынша өтілген сабақтан соң, ауызша тексеру үшін, оқытушы өзіне көмекшілер тағайындауына болады. Көмекші болатын оқушыларды алдын-ала ескерткен дұрыс, себебі, бұл олардың тақырыпты аса зейінмен және жауапкершілікпен ұғынуына кепілдік береді. Көмекшілікке әр сабақта әртүрлі оқушыларды тағайындаған жөн барлық оқушылар да көмекші болып көруі керек. Осы технологияға балалар үйренген сайын, жазбаша тексерудің орнына ауызша тексеруді кеңінен қолданған тиімді. Сонда олардың өзіне деген сенімі артады, сөз байлығы молаяды, ой-өрісі кеңейіп, өзінің жеке даралығын сезінеді.
Өз тәжірибемде студенттерге білім беруді тиімді ету мақсатында, осы тірек-схемаларды жүйелі түрде пайдаланамын. Себебі, жаратылыстану және дүниетану оқыту әдістемесі пәнін болашақ оқытушыларға оқыту сағаттары жылдан жылға қысқарғанымен, стандарт бойынша игерілуі тиіс апаратттар көлемі сол қалпында қалуда. [1, 289бет] Сондықтан, аз уақыттың аралығында көп материалды студенттерге игерту мақсатында ақпаратты ықшамдап, ең негізгі мәліметтерді есте сақтарлықтай пішінге келтіру қажеттілігі туындап отыр. Студенттерге ақпарат — сызба, сурет, кесте т.б. графикалық, образдық пішінде берілсе, олар тез ұғынып, есте сақтай алатындығын байқап, осы әдіске жиірек жүгінетін болдым.
Алғашқыда, тірек-сызбаны өзім құрастырып түсіндірсем, ендігі сабақтарда студенттер өздері алдын-ала берілген жаңа тақырып бойынша тірек-сызба түзіп, сол бойынша тақырыпты әңгімелеп беруге де, достарына түсіндіруге қиналмайтындығын көрдім.
Өндірістік тәжірибеге шыққан уақытта, кейбір күрделі «Ас қорыту жүйесі» , «Дене. Құбылыс. Зат», «Жүйке жүйесі және ми», «Климат. Ауа райының құбылыстары» т.б. тақырыптарды жоспарлаған кезде, осы графикалық сызбаларды кеңінен қолданып отырдық.
Осы әдістің тиімділігін кейінгі сабақтардың қайталау кезеңінде, балалар анық жауаптармен және жүйелі түсініктерімен дәлелдеді.
Теориялық білім беру кезінде біздер барлық тақырыптар бойынша алдымен өтілетін объектінің немесе құбылыстың мәнін, байланыстарын ашатын сызбаны жасап шығарамыз, соң, студенттер бұл сызбаны одан әрі толықтырып, кеңейтіп, өздігінше жұмыс жасайды.
Ендігі сабақта қайталау барысында, оқушылар бүкіл тақырыпты жаттанды түрде хабарламай, ең негізгі мәліметтерін, маңызды қасиеттерін ғана атап өтеді. Осылай, уақыт үнемі де, энергия үнемі де жүзеге асады. Студенттер іс жүзінде осы әдіспен қалай жұмыс жасау керектігін байқайды, ақпарат көздерінен ең маңызды мәліметтерді іріктеуге және оларды қолдануға үйренеді.
Нәтижеде, студенттердің академиялық білімдерінің қоры ғана толықтырылмай, жүйелі сөйлеу, логикалық тұжырымдар шығару дағдылары қалыптасты. Әр сабақ сайын сөйлейтін оқушылар саны артып, өздеріне деген сенімдері артып отырды. Әрине, бұл әдісті біздер білімді тексеру жұмыстарымен, тәжірибелермен, әңгімелесу, түсіндіру әдістерімен, ақпараттық технологиялармен біргелікте қолданып отырдық. Себебі, бірінші сыныптан бастап енгізіліп отырған жаңа «Жаратылыстану», «Дүниетану» пәндері де, болашақ бастауыш сынып оқытушыларының білім деңгейіне де, әдістемелік шеберлігіне де үлкен талаптарды қойып отыр. Әдіскерлер ретінде біздердің міндетіміз, оларды тиімді, дәуір талаптарына сай әдіс-тәсілдермен қаруландыру, болашақ мамандығына дайын етіп колледж қабырғасынан шығару болып табылады.
Әдебиеттер
- М.К.Естұрсынова, Ш.С.Набидоллина «Жаратылыстану негіздері және дүниетануды оқыту әдістемесі..
- Шаталов В.Ф.и др. Опорные конспекты по кинематике и динамике: книга для учителя: из опыта работы/В.Ф. Шаталов, В.М.Шейхман, А.М.Хайт.-М.: Просвещение,1989-142с
- 3. Бесчастнов Э. Д. «Черно — белая графика» ООО «Дрофа», 2006.
- 4. Воронцов А. В. Применение схем-конспектов при обобщении и закреплении знаний учащихся//Химия в школе. 1978. № 4. С. 22.
5. Давыдов В.В. Теория развивающего обучения. — М.: ИНТОР, 1996 — 544с.
6. Шергина В.В. Цвет и форма наглядных пособий, их психологическое воздействие на восприятие учебного материала //Начальная школа. 1997. – №5. – С. 73-74.
Мақалада, бастауыш сыныпта дүниетану пәнін оқытуда, тірек-схемаларды пайдалану ерекшеліктері зерттеледі. Тірек-схемалармен жүйелі жұмыс, оқушыларда терең және берік біліммен қоса шығармашылық көзқарас қалыптастыратыны туралы қорытынды шығарылады. Тірек-схемалармен жұмыс тағы бір мәселенің шешімін табады — бұл оқушылардың іскерлік қабілетін арттыру және де дүниетанудың көп көлемді оқу материалын қабылдауды жеңілдету.
В статье рассматриваются особенности использования опорных схем при обучении учащихся начальных классов познанию мира. Делается вывод о том,что систематическая работа с опорными сигналами обеспечивает глубокие и прочные знания и творческое отношение к учебной работе, решает проблему повышения трудоспособности детей, а так же упрощает процесс восприятия учебного материала по предмету познание мира.
The article considers peculiarities of using the schemes in teaching the world cognition to the primary school pupils. There is made a conclusion that systematic work with schemes provides deep and steady knowledge and excites children creativity in education, solves the problem of increasing the children’sworkcapacity, as well as simplifies the process of educational material perception on the subject of the world cognition.
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік-гуманитарлық
колледжінің оқытушысы Кетебаева Г.Э.