Home » Жаңалықтар » Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған шара өтті

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған шара өтті

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кітапханасы жыл сайын 23 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап — білім бұлағы» атты кітап апталығын ұйымдастырды.

23-28 сәуір аралығында кітапхана оқырмандары мен қонақтарына кітапты оқу, қазіргі заман қоғамында кітапхана мүмкіндіктері туралы қызықты танымдық бағдарламалар ұсынылды. Кітап апталығын «Кітапхана таңы» бағдарламасымен ашылып, 23 сәуірде таңғы сағат 7 мен 9 аралығында кітапхана оқырмандарына таңғы кофе ұсынылды.

Осы таңертеңгі уақытта «еркін микрофон» форматында «Өлең — сөздің патшасы» поэтикалық марафоны өткізіліп, «Кітапханадағы таңғы кофе» форматында қызықты сұхбаттаспен кездесу; Орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Шарипова Гүлбану Айтқожановнаның жетекшілігімен: «Еуразияшыл студенттің тарихи-мәдени идеариумы: білім ордасына жолы» жобасы ұсынылды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тұрлыбек Мәмесейіттің қатысуымен «Кітап. Уақыт. Қоғам» атты пікір алмасу; жас қазақ ақыны Шолпан Нұрдың «Поэзия — Өмір» атты шеберлік мектебі өтті. Салтанатты түрде «Үздік» оқырмандар, «Ең көп оқылған кітап» және «Құнды тарту» акциясы бойынша кітапханаға кітап сыйлаған адамдарға алғыс сөздер айтылды. Университет оқытушыларынан құралған қазылар алқасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Астанаға арнадым» тақырыбы бойынша ең үздік студенттік көркемдік-графикалық жұмыс пен эссе авторларын жариялады.

Сондай-ақ, кітапхананың екінші қабатында Шәкәрім Құдайбердіұлының, Бауыржан Момышұлының және Немат Келімбетовтың шығармашылығына арналған бағдарлама ұсынылды. Бұл кездейсоқ оқиға емес, себебі бұл авторлар 2018 жылдың «Бір ел — бір кітап» жылдық республикалық акциясы аясында оқуға ұсынылған авторлар. «Дара тұлғалардан қалған құнды мұра» деректі кітап көрмесі, буктрейлер, әдеби ойындар мен викториналардың көрсетілімі жазушылардың өмірі мен шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді. Кітапхананың екінші қабатындағы Ә.Марғұланның мемориалды кабинетінде «Білімнің бас қаруы — кітап» атты көрмеде сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар ұсынылады. Көрмеге келушілер біздің халқымыздың мәдени және ғылыми құндылықтарын көрсететін құнды кітаптарымен танысты.

Кітапхананың үшінші қабатында бағдарламаның қонақтарын «Барлығы жаңа — барлығы қызықты» атты жаңа медиа басылымдар бойынша интерактив-серфинг, «Парасат» интеллектуалды сайысы өтті. Қонақтар қалаулары бойынша «авторлық құқықты қорғау және копирайт туралы не білесіз?» атты онлайн-тестті өтуге мүмкіндіктері болды. Америка бұрышында ұсынылатын «Spelling Bee» байқауының қатысушылары ағылшын тіліндегі сөздерді әріп бойынша дұрыс айтуда өздерінің дағдыларын тексеруге мүмкіндік алып, әлемнің кітаптары, жазушылары мен кітапханалары туралы қызықты мағлұматтармен хабардар болды. Сондай-ақ, кітапханада орналасқан ғалымдардың мемориалдық кабинеттеріне, Америка бұрышына және Maker Space техникалық зертханасына экскурсиялар жүргізіліп, кітапхананың таңы библиолотерея ойынымен аяқталды.

«Кітап — білім бұлағы» бір апта уақытында өткізілді. Кітапхана залдарында қызықты кездесулер, тренингтер және әр түрлі таныстырылуға арналған шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде: «EBSCO электронды ресурстарын оқу үдерісінде және ғылыми зерттеулер жүргізуде пайдалану» тренингі; ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист «Ауған соғысының жылнамасы: Біржан Белғары атындағы кітаптар мен деректер» қорының ашылуы; студенттердің жазушы, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Ораз Қауғабаймен кездесуі; антрополог, кітапханашы, Фулбрайт бағдарламасының түлегі Селия Эммельхайнцпен кәсіби кездесу (Берклидегі Калифорния университеті, АҚШ); «Университетте шет тілін үйрену — кәсіби қоғамда жетістіктерге жетудің жолы» тақырыбында халықаралық студенттердің ғылыми-практикалық онлайн конференциясы; 2018 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша таңдалған Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы бойынша оқырмандар конференциясын атап өтуге болады.

Кітап апталығы «Үздік кітапханашы — 2018» кәсіби шеберлік байқауымен аяқталды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының ұжымы ең үздік кітапханашыны таңдады. Бұл байқау өте орынды, себебі кітаптың келешегі цифрлы технология заманында кітапханашының кітапқа деген адал қызметімен тығыз байланысты.

 

Жанар Бекайдарқызы,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кітапханасы

директорының орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.