Home » Ашық сабақтар » Душатова Феруза. Ғарышқа саяхат

Душатова Феруза. Ғарышқа саяхат

Мақсаты:
Білімділік:Көктем туралы білімдерін толықтыра түсу,көктем ерекшеліктерін мерекелерді естеріне түсіре отырып әңгімелету. Ғарыш,ғарышкер туралы түсініктерін қалыптастыру және мағлұмат беру.Сөздік қорларын байыту. Ғажайып саяхат арқылы балалар қиялдарын шыңдау. Қисынды есептерді шығара отырып, баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту, тапқырлығын арттыру.
Дамытушылық: Есте сақтау қабілеттерін,ой-өрістерін,зейіндерін,көріп тану қабілеттерін дамыту
дүниетанымдарын кеңейтіп,қиялдарын шарықтату.
Тәрбиелік: Табиғат сұлулығын сезінуге,оны қорғауға,батылдыққа,адамгершілікке,ұжыммен бірлесіп әрекет жасауға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері: саяхат, қисынды есептер, дидактикалық ойындар.
Әңгімелеу, сұрақ-жауап, ой қозғау, көңіл-күйді көтеру,сурет бойынша әңгіме,ойша саяхат,ойын.
Пәнаралық байланыс: Тіл дамыту,құрастыру
Көрнекіліктері: Көктемгі табиғат   құбылыстарыныңа трибуттары, геометриялық пішіндер, суреттер және интерактивті тақта ,зымыран, «жұлдызды қалашық», ғаламшарлар, жұлдызшалар, жат планеталықтар бейнесі, қисынды есептер.
Сөздік қоры: Ғарыш, ғарышкер, ғалам.
Алдын-ала жүргізілген жұмыс: Балаларға ғарышкерлер мерекесіне орай тақпақтар жаттату.
Шаттық шеңбері: Күндей жадырап,
Айдай арайлап,

Жүлдыздай жарқырап,

Судай мөлдір таза көңілмен

Бүгінгі күнімізді бастайық.

Ой туғызу: Балалар бүгін сендер мерекедегідей әдемі болып кетіпсіңдерЖұмбақ жасыру:
Бір зат бар дүниеде құшағы кең
Ұшқан құс, жүрген аң бәріне тең
Адамзат, жан — жануар арасында
Мәңгілік өсіп — өніп өмір сүрген. (Жер)

Көктем келіп, жер бусанып,күн жылынғанда барлық жан-жануарлар мен жәндіктер тіршілігін жалғастырады.
Осы көктем мезгілінің айлары қалай аталатын еді?
— Наурыз,сәуір, мамыр айлары.
— Балалар,кәне бәріміз осы көктем ерекшеліктерін есімізге түсіре отырып, әуен арқылы көрсетсек қалай болады?
Әуен орындалып,күн күркірейді.Бұлт бейнесіндегі балалар шығады:

 

Бұлттар:     
Жер анаға көмегім
Жаңбыр болып төгемін,
Төмендеймін,көлбеймін
Бөгелмеймін,өрлеймін.

Тамшылар:
Бұлттар, бұлттар ойнашы,
Күркіреп,дүркіреп
Бұлттар, бұлттар ойнашы,
Сіркіреп,дүркіреп.
Бұлттар:
Нөсер, нөсер төк-төк
Болсын егін көп-көп.
Сулар:
Сылдыр, сылдыр,сылдырлап,
Су ағады сыңғырлап.
Бау — бақшаны аралап.
Су ағады жағалап.
Тамшылар кетіп,бұлттың арасынан Күн шығады:
Құшағын ашып шуақты
Күнмін алтын сияқты.
Кемпірқосақ:
Мөлдіреп моншақ шашылды,
Аспан шайдай ашылды.
Көкте қызыл,жасылды
Кемпірқосақ асылды.
Құстар:
Көкке қанат қағамыз,
Көктем әнін саламыз.
Гүлдер:
Бәйшешекпіз құлпырған
Көрік берер далаға
Күй ойналып,наурыз мерекесінде жүргендей қимыл жасайды.

Жарайсыңдар, балалар, міне көктем мезгілі өзінің осындай керемет ерекшеліктерімен қуантады екен.
— Иә,бұл сәуір айында да, бір үлкен мереке бар.Ол – ғарышкерлер мерекесі.
Қандай мереке?
— Ғарышкерлер мерекесі.
Ғарышкер дегеніміз олар ғарышқа,аспан әлеміне ұшатын адамдар.
Аспан әлемінде де,көптеген ғаламшар бар.Ал біздер жер ғаламшарында өмір сүреміз
— Жер ғаламшарында өмір сүреміз.

Ал мынау аспан әлемі.Аспан әлемінде көптеген жұлдыздар, шоқ жұлдыздар бар.
— Балалар, сендер түнгі аспанды көрдіңдер ме? Сендерге ұнай ма? Маған да ұнайды. Түнгі аспан әдемі, сиқырлы сияқты. Қалай ойлайсыңдар жұлдыз деген не? Олар неменеге ұқсайды? Дұрыс, балалар, біз жұлдыздарға қарағанда олар кішкентай ұсақ болып көрінеді. Өйткені олар өте биік жоғарыда орналасқан. Жарайсыңдар! Ал енді солардың арасында ең үлкен жұлдыз бар, ол қалай аталады? (Күн) Күн ол үлкен, жарқырап тұрған, ыстық шар. Ал ғарышта біз қандай заттарды кездестіруіміз мүмкін?

— Ұшақ,тікұшақ,зымыран.
— Балалар, әуе көліктері.
— Иә,ғарышкер ағаларымыз ғарышқа зымыранмен ұшады екен. Оны ғарыш кемесі деп те атаймыз.Олар ғарышқа ұшып барып,аспан әлемін зерттейді.Біз бүгін ғарышкер ағалармен,аспан әлемімен танысамыз. Бәріміз тақтаға мұқият қарайық. Сурет арқылы әңгімелеу.
Мына суреттегі ең алғаш ғарышқа ұшқан адам,ол Юрий Гагарин

Ғарышқа қазақ ғарышкерлері де ұшқан. Мына суретте өзіміздің қазақ ғарышерлері — Тоқтар Әубәкіров және Талғат Мұсабаев,Айдын Айымбетов ағаларымыз.
Бұл кісілер біздің еліміздің мақтаныштары.Олар ержүрек,батыр,халық қаһармандары.
Осы кісілер сияқты батыл,ержүрек болу үшін,білімді,тәртіпті үлкен азамат болуымыз керек.
Ал мынау ұшуға дайындалып жатқан ғарыш кемесі.Онымен адамдар аспанға ұшып,аспан кеңістігін зерттейді екен.Мынау Байқоңыр ғарыш айлағы. Ғарышкерлердің бәрі осы жерден ғарышқа ұшады екен.Байқоңыр ғарыш айлағы ол біздің Қазақстанда, оның ішінде өзіміздің Қызылорда облысында орналасқан.
Мына суретте ғарыштағы адам, ол үстіне арнайы киім, яғни скафандр киген.Ғарыш кеңістігінде ауа жоқ,сондықтан ол жақта тек осындай арнайы киіммен ғана жүруге болады.
Сергіту сәті:
Ғарыш сондай алыс па?
Аспан, аспан арайлым,
Саған жиі қараймын
Сені көзбен шоламын
Көкке ұшамын
Ұшқыш болар баламын
Соңынан ерем ағаның

— Ғарышқа бару үшін бізге не керек?
— Зымыран.
-Олай болса біздер барлығымыз бірлесіп зымыранға жайғасайық.

— Міне, балалар зымыранымыз да дайын. Енді дайындалыңдар ғарыш әлеміне ұшуға рұқсат берілді. 10,9,8,7,6,5,4,3,2,1 Кеттік! (музыка ойналады)
— Ғарышқа да келдік. Біздің алдымызда аспан әлемі және ғаламшарлар. Ғаламшарлардың біздерге даярлаған құпия тапсырмалары бар.

Дидактикалық ойын: «Кім жылдам?»
Электронды тақтада аспан әлеміндегі ғаламшарлар көрінісі бейнеленген сурет көрінеді.Балалар ғаламшарлардың атын атап, сұрақтарға жауап береді.
1. Күн: кемпірқосақта неше түс бар? (7)
2. Жер: бағдаршамда неше көз бар? (3)
3. Ай: қолғапта неше саусақ бар? (5)
4. Шолпан: адамда қанша көз бар? (2)
5. Марс: жұлдыздың неше бұрышы бар? (5)
6. Сатурн: аспанда неше күн бар? (1)
7. Нептун: бір жылда неше ай бар? (12)
8. Плутон: бір аптада неше күн бар? (7)
9. Уран: адамда қанша саусақ бар? (10)

Ойын: « Сиқырлы қоржын»

Ойын барысы:Қоржынға ғарышкерлердің өзімен бірге алып ұшатын қажетті заттары жасырынған. Балалар қоржында не жасырынған болса, атын атауы керек.

— Барлық тапсырманы жақсы орындадық, енді балабақшамызға қайтуға жиналайық. Қане бәріміз бірге: 10,9,8,7,6,5,4,3,2,1 Кеттік. (музыка ойналады) Балалар балабақшаға жетеді.
Қорытындылау:Тәрбиеші: — Балалар сіздердің білімдерің арқасында, бүгінгі ғарышқа сапарымыз сәтті аяқталды. Сұрақтар қойып, балаларды мадақтап оқу қызметін аяқтайды.

Күтілетін нәтиже:
Нені білуі керек: аспан әлемі, ғарыш туралы,қазақ ғарышкерлері туралы;
Нені игереді: көктем мезгіліндегі табиғат құбылыстарының ерекшелігін;
Нені біледі: ой – қиялдарын дамытып,ғарыш туралы оз ойларын айта білуді.

Душатова Феруза,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
№ 9 «Бәйтерек» балабақшасының МКҚК
тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.