Home » Мақалалар » Дос, жолдас – сенің ажарың…

Дос, жолдас – сенің ажарың…

Заман өзгерді ме, адам түрленді ме, беймәлім заманда өмір сүріп жатырмыз. Рас, еліміз тыныш, халқымыз аман, нанымыз баршылық. Қанағат тұтар кең халқым, көк туымыздың еркін желбірегенін көріп, ата-бабамыздың мұраға қалдырған байтақ даласын жалпағынан басып, бейбіт өмір сүруде. Осындай заманда еңбек етем деген адамға мол қайырымдылық та, уақыт та – бәрі жеткілікті. Бірақ, жан-жағымызды саламатты өмір қоршап тұрса да, адам жанына «Нағыз дос, жолдас» жетпей тұрғандай…

Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес. Керісінше, осындай кезеңде мектебіміздің ажарлы кейпін әрлендіргендей, біздің ұжымда тамаша адамдар — «Ұстаздар» жеткілікті. Барлығы білімділіктерімен биіктерді бағындырса, бірі ақылдылығымен, достық ыстық ықыластарымен жаныңды жайнатып жатады. Міне, осындай асыл жолдастарымның бейнелерімен ой бөліссем деймін. Алғаш еңбек жолымды бастағанда үнемі жанымнан табылып, көмегін аямаған, қазіргі таңда ой бөлісер жан жолдасым Айгүл Тұрарқызы, талай сұрақтардың жауабын бірге талқылап, көңілді сәттердің сәні Ақмарал Алыйқызы, сан ғылыми жұмыстардың жобасын талқылап, салмақтылығымен жаныма жақын болған Әсем Ахметқызы ерекше жандар деп айтар едім. Төрт жылдан бері мектеп әдіскері қызметін атқарып келе жатырған Айгүл, жұмысын дөңгелетіп, қағаз-хаттарды еш жауапсыз қалдырмай сайыстардың түр-түріне оқушыларды қатыстырып, көмек сұраған мамандарға қол ұшын созды. Талай сайыстардың саңлақтарын артта қалдырып, мұғалімдеріміз мектеп абыройын жоғары көтерді. Ақмарал, Әсем сияқты әріптес достарым оқушыларын жетістікке жетелеп, ізденуден еш  шаршаған емес. Жылда өтетін ұлттық бірыңғай тесттен жүз пайыз сапа көрсеткішін көрсетіп отырған өз пәндерінің шеберлері.

Жолдассыз өмір заңдылығын елестету мүмкін емес. Рас, ұжымдастарым өте керемет. Бірақ, ақын ағам Естеу Нүсіпбеков айтқандай, «жолдас» деген ұғымның ұлылығы өзгеше. Осы ағамның «Жолдассыздық» деген өлеңіндегі мына бір жолдар ойыма еріксіз оралды: Өмір сыннан жолдассыз өте алмайсың, Тарыдай да табысқа жете алмайсың… Жолдас жоқта сен де жоқ, жабырқайсың, Көтерілсең биікке бой қызықсыз. Жолдас – сенің серігің, пікірлесің… Қазіргідей қилы заманда достың әр түрі пайда болды ғой. Бірақ, жақсы адамдар әлі де жанымызда жүр. Бағалайық! Жолдастарымның дендеріне саулықты, отбастарына амандықты достық шын ниетіммен тілеймін. Еңбектеріңнің жемісін көріп, «Ұстаз» деген ұлы есімдеріңнің биік шыңынан көрініңіздер!

Айтмагамбетова Айтгул Мергембаевна

  № 5 орта мектеп,

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,

Мұнайшы ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.