Home » Баяндамалар » Дидактикалық ойындарды ұйымдастырып өткізудің маңызы

Дидактикалық ойындарды ұйымдастырып өткізудің маңызы

        Жас ұрпаққа саналы білім беруге оқу материалдарын толық меңгерту мақсатында оқытудың жаңа технологиясының бірі балаларға оқу материалдарын ойын арқылы оқыту технологиясын пайдаланған жөн.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» — деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін тәрбие құралы. Балалар ойын арқылы тез табысып, жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікке үйренеді. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағалаған. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынастарымен танысады.

Ойын үлгісінің технологиясы баланың нақ осындай белсенділіктерін арттырады. Кез-келген бала да адамның мәдениеті де ойын арқылы дамиды. Ал бүгінде оқу процесінде ойын алдыңғы орында, яғни ойын технологиясы арқылы баланың оқуға ынтасын, қызығушылығын арттыру жеңіл болмақ.

Ойынның түрлері өте көп. Мысалы: рөлдік ойындар, денешынықтыру ойындары, сюжеттік ойындар, дидактикалық ойын. Соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Дидактикалық ойындарды сабақта пайдаланғанда арнайы мақсат көздеп, нақты міндеттерді шешу керек. Ойнатылатын ойынның мақсаты бағдарламада анықталған білім, білік дағдылар жайында түсінік беру, оларды қалыптастыру, тиянақтау және пысықтау немесе тексеру сипатында болып келеді.

Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Ойын ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Бұл ойынның пайдасы – баланың ой-өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қояды. Сондай-ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдеріне достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Ойынның міндеті баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады.

Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болуы керек. Кейде ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор.

Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:

  1. Заттық дидактикалық ойындар – дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
  2. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар- «Лото», «Домино», т.б.
  3. Сөздік дидактикалық ойындар.

Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады.

Өз іс-тәжірибемде мен балалармен тілдік дидактикалық сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретемін. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің:

— Балалардың сөздік қорларын дамыту;

— Жаңа сөздерді меңгерту;

— Үйреген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру басты міндет саналады. Баланың тілін дамытуда ауызекі сөйлеу, тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеуде, байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын дамыту үшін сабақта және сабақтан тыс уақытта ойналатын дидактикалық ойындарды пайдаланамын.

Сабақты бекіту, сабақта меңгерген материал туралы түсінігін кеңейту, баланың шығармашылығын дамыту, тіл байлығын молайту үшін тіл дамыту сабақтарында дидактикалық ойындарды пайдаланамын, ойындарды сабақтың тақырыбына, мақсатына сай таңдап аламын. Сабақтың қызықты, тартымды өтуі үшін дидактикалық ойындарды дұрыс пайдаланамын.

«Киіз үй тігейік» ойыны. Дидактикалық мақсаты: Ежелден келе жатқан қазақ халқының мекен-жайы, тұрағы – киіз үй туралы түсінік беру. Мазмұны: Киіз үй сүйектері суреттерінің артына тапсырмалар жазылған. Математикадан өткен тақырыптарды қайталай отырып, оқушылар киіз үйді тігеді. Киіз үйдің сүйектерін атайды.

«Дауысын сал» – ойын шарты: кубизм арқылы ойнатамын: бала кубикті лақтырып, қандай жануар түссе сол жануардың дыбысын салады.

«Қимылын көрсет» – ойын шарт: айтылған заттардың қимылын көрсету мысалы: қоян, ұшақ, аю, бақа, т.б .

«Ғажайып қалта» – ойын шарты: қалтаның ішіндегі шыққан заттарды атау, мысалы: алма, доп, мысық, орындық, т.б.

«Жеміс пен көкөністі ажырат» — ойын шарты: бала жемістер мен көкөністі ажыратады.

«Үй жануар мен жабайы жануарды ажырат» – ойын шарты: Бала үй жануарлары мен дала жануарларын ажырату керек.

«Тілші» ойынының шарты: Жүргізуші бала тақырып бойынша балаларға сұрақ қояды, жауаптарын алады.

«Құстардың атын ата» — ойын шарты: суреттегі құстардың атын атау.

«Тазалық бұйымдардың атын ата» — ойын шарты: тазалыққа жататын бұйымдарды атау.

«Мекенін тап». Ойынның барысы: Үй және жабайы жануарлар суретін біртіндеп ала отырып немесе бірнеше балаға бөліп берілген суреттерді мекен жайларына орналастыру қажет. Мысалы: үй жануарларын жайлауға орналастыру. Ал жабайы жануарларды орманға орналастыру керек. Жаңылмай тапсырманы дұрыс орындаған балаларды мадақтап, жаңылысқан балаларға көмектесіп түсіндіру.

«Эстафета». Ойынның мақсаты: Балалардың тілін және сөздік қорын жетілдіру.

Ертегі кейіпкерлер туралы түсініктерін кеңейту. Ойын барысы: Балалар дөңгеленіп тұрады. Жүргізуші қолында эстафеталық-таяқша болады. Жүргізуші бір ертегі кейіпкерінің атын айтып, қолындағы таяқшаны қасындағы балаға береді. Таяқшаны алған бала сол ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекет қимылына байланысты сөз айтып, келесі балаға тездетіп таяқшаны беруі тиіс. Жүргізуші қолына таяқша қайтып келгенде, ол жаңа сөздер айтып, басқа балаға беріп бастайды. Балалар сөз тауып айта алмаса, айып салынып ұпай беріледі. 3 айып салынған ұпай алғаннан кейін, ол бала ойыннан шығып қалады. Ойын соңында кімде айып салынған ұпайы аз болса, сол бала жеңімпаз аттанады. Мысалы: «ит» сөзі — үреді, жүгіреді, үй күзетеді, т.б. «мысық» сөзі – ойнайды, тышқан аулайды, т.б.

«Бағдаршам» Ойынның мақсаты: Балалардың ойлау, есте сақтау қабілетін және тілін дамыту. Ертегілер және ертегілер кейіпкерлері туралы түсініктерін кеңейту.

Ойын барысы: Балаларға екі қызыл және жасыл түсті дөңгелек береді. Тәрбиеші ертегі кейіпкерлеріне байланысты сөздер айтады, бала сөздердің дұрыс атауын естісе, жасыл дөңгелекті көтереді. Ал қате болса — қызыл түсті дөңгелекті көтереді. Содан кейін суреттерді көрсетіп, балалармен бірге әр сөзді қатты, жай және анық қайталап айтуы тиіс. Сөздер қай ертегіде кездесетіні туралы әңгімелеу.

«Ертегіні ойнайық». Ойынның мақсаты: Ертегілер туралы білімдерін кеңейте отырып, балалардың фонетикалық есту қабілетін және сөйлеу тілін жетілдіру.

Ойын барысы: Тәрбиеші балаларға өткен ертегілерін естеріне түсіріп, содан кейін ертегі кейіпкерлерінің дауысын өзгерте отырып, қандай ертегі кейіпкерінің дауысы екенін анықтауын сұрайды. Мысалы «Қызыл телпек» ертегісін естеріне түсіреді. Қызыл телпектің дауысы төмен дауыс, әженің дауысы ортаңғы дауыспен, ал қасқырды жоғары дауыс ырғағына сала отырып, ертегіні айтып береді, содан кейін қандай кейіпкердің дауысы екенін табуын сұрайды.

Дидактикалық ойындардың құралдары ұзақ уақыт сақталу үшін эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай, әдемі қораптарда, қалталарда тұрғаны жөн көремін.

Балабақашағы оқыту – тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән беремін.

Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп-есейгенде де жалғасы береді. Ойынды басқара жүріп баланың жеке басының барлық жағына: оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына ықпал жасайды. Ойынды негізінен ақыл ой, адамгершілік, эстетикалық және дене мүшелерінің дұрыс қалыптастыру мақсаттары үшін пайдаланады. Мазмұны ойлай білуге құрылған ойын процесінде балалардың білімі мен түсінігі айқындалып, тереңдей түседі. Ойын үстінде қайсы бір рөлді орындау үшін бала өзінің түсінігін ойын әрекетінде көрсетеді. Кейде адамдардың еңбегі туралы нақты түсініктері дәйексіз болады, мұғалім еңбек туралы ұғымдарын кеңейту үшін мазмұнды, тәрбиелік сипаты мол түрлерін таңдап алған жөн. Балалар бәрін білуге құштар, сұрақ көп қояды. Ұстаздың бала меселін қайтармай сол сұрақтарға толық жауап қайтаруы, ойын кезіндегі әңгімелеріне құлақ түріп, дұрыс сөйлеуге әдептілікке үйретуі, өзара түсінісулеріне, келісуіне көмектесуі керек.

Демек ойын балалардың алған білімдері түсініктерін баянды етіп қана қоймайды, сонымен бірге өзінше бір белсенді танымдық іс-әрекет формасы болып табылады. Сондықтан оқу-тәрбие процесіне ойынды дұрыс кірістіріп, оның барлық тиімді мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы зор.

Түптеп келгенде, тәрбие құралдарының басқа түрлері сияқты ойынның да білімділік, тәрбиелік мүмкіндіктерін балалардың жас ерекшеліктеріне, сабақ мазмұнына жақсы үйлестіре қолдану мұғалім ізденісіне, шеберлігіне байланысты. Ол үшін мұғалім ойынды пайдалану методикасын да, ойын түрлерін таңдап-талғауға да қойылатын талаптарды жете білуге тиіс.

Мұқанбетжанова Гүлден Мұратқызы,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

тәрбиешісі,

Ақтөбе қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.