Home » Балабақша » ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

 

            Тәрбие – баланың дүниеге келген сәтінен басталады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынастарымен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың қөзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған. Ойын – негізінен, балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Бұл ойынның пайдасы – баланың ой-өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қояды. Сондай-ақ, балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдеріне, достық, туған жеріне сүйіспеншлік сезіміне тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар – балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет. Ойындарды бала тәрбиесіне енгізу үшін тәрбиешілер көптеген жұмыстарды атқарады.

Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану – сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болуы керек. Кейде, ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Балаларға алдарына қойылған дидактикалық тапсырмаларды өз беттерінше орындау үшін тәрбиеші көркем әдебиет оқып беру, алдын-ала  жұмыс жүргізу керек.

Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:

  1. Заттық дидактикалық ойындар – дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
  2. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – «Лото», «Домино» және тағы басқа.
  3. Сөздік дидактикалық ойындар.

Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сонымен қатар, дидактикалық ойлау қабілеттерін, ізденімпаздығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Балалардың сабаққа қызығушылықтарын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне ықпал етеді.

Дидактикалық ойындардың тиімділігі – сабақтың әр кезіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәрбиешінің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын-ала дайындап алуға, балаларды белсенді қатыстыруға байланысты. Ойындарды өткен сабақты қайталау, естеріне түсіру кезінде қолданған пайдалы.

Ойын түрлерін сабақ мазмұнына қарай, белгілі бір мақсатта таңдап алу керек. Мазмұнды ойындарды қайталауға бермеу керек, ол үшін өтілетін сабақтың тақырыбына келетін ойын түрлерін күні бұрын реттеп оны жүргізудің тиімді тәсілдерін ойластыру керек. Барлық сабақтарда дидактикалық ойындар қолданылады, оны сабақтың ортасында қолданған ыңғайлы. Мысалы сауат ашу сабағында дидактикалық ойындар балаларды тәрбиешінің айтқанын дұрыс ұғып, оны тыңдай білуге, дыбыстарды ажыратып, ойда сақтап, сөз құрастыруға, олардың ой-өрісін дамытуға үйретеді.

Қазір  «Балбөбек» бағдарламасына байланысты кешенді сабақтар бірнеше сабақты қосып, байланыстырып өткізу әдіс-тәсілдерін қолдануға болады. Айталық, Сауат ашу сабағында балалар сөзде неше дыбыс, неше әріп, неше дауысты, неше дауыссыз дыбыстардың барын санайды, текшемен белгілейді немесе суретін салады.

Дидактикалық ойын сәбилер тобынан басталады. Мұнда жоғары топтарға қарағанда, жеңіл түрлері беріледі, балалар аз ойланады. Мысалы, бала ойнап отырған машинаның дөңгелегі нешеу, түсі қандай, кубиктерді түсіне қарай топтастыр, қане «сен көк кубиктарды әкелші», «үстелге апарып қойшы» т.б. Бұл жерде балалар кеңістікті бағдарлауды үйренеді.

Баланың тілін дамытуда ауызекі сөйлеу, тілдің дыбысталу мәдениетін тәрбиелеуде, байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын дамыту үшін сабақта және сабақтан тыс уақытта ойналатын дидактикалық ойындардың маңызы зор. Ойын шарттары мен көрнекіліктерін пайдалану арқылы баланың жеке басын, ойын әрекетін дамытуға болады. Дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға, ойлауын, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін, салыстыра білу, жіктей білуге және өзін-өзі бақылауға үйретеді. Дидактикалық ойындарды іріктеуде баланың ойынды саналы түсініп, оның шартын дұрыс орындауға тырысып, белгілі бір нәтижеге жету мақсаты көзделеді. Ойын мақсатына сай, ойын шартын орындап, ондағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беруге дағдыланады. Ойын шартын, ережесін қатаң сақтау арқылы жолдастарын тыңдай білу, олардың қатесін түзетуге көмектесуге, ойын шартын түсіндіріп ойынды жалғастыруға, жаңа ойын ережесін ойлап табуға, оны басқаларға түсіндіре білуге, ойынды ұйымдастыруға жаттықтырылады.

Дидактикалық ойындарды тіл дамыту сабақтарында пайдаланудың тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Сабақты бекіту, сабақта меңгерген материал туралы түсінігін кеңейту, баланың шығармашылығын дамыту, тіл байлығын молайту үшін ол ойындар сабақтың тақырыбына, мақсатына сай таңдалып отырады. Ұсынылып отырған дидактикалық ойындардағы тапсырмалар: сөйлеудің екі түрі – монологтық және диалогтық сөйлеуге арналған.

Мысалы: «Телефон» ойынында диалогтық сөйлеудегі әңгіменің мақсаты –бір нәрсе жайында сұралып, баланы оған жауап беруге, белгілі бір әрекетке түрткі болуға үйрету болып табылады.

Антоним (қарама-қарсы мағынадағы сөздер) сөздермен таныстырғанда жануарларды зообаққа әкеліп, оларды жеке орындарға орналастыру тапсырмасы беріледі. Бала жануарлардың денесіне қарап, «үлкен, кіші» деп бөліп, оларды соған сәйкес, үлкен торға немесе кіші торға орналастырады. Антоним сөздерді салыстыру жолымен жұмыс жүргізу баланың ой-өрісін кеңейту үшін өте пайдалы. Сондықтан, антоним сөздерді осы сияқты дидактикалық ойындарды ұйымдастыру арқылы меңгертуге  болады.

Ұсынылып отырған дидактикалық ойындардың мақсатына сәйкес, шарты нақты көрсетіледі. Бұл ойындарды сабақта және сабақтан тыс уақытта пайдалану арқылы баланың тілін дамытумен қатар, ойынды өз шығармашылығымен жалғастыруға, ойын шартын дұрыс орындауға, белгілі бір нәтижеге жетуге, ұжымдық мақсатқа бағынуға, үлкендер мен балалар арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға болады.

Сабақтың қызықты, тартымды өтуі үшін, дидактикалық ойындарды дұрыс ұйымдастыру керек. Ойынға керекті құралдар әр балаға жеткілікті болу керек, сонда ғана балаларға түсінікті болады. Дидактикалық ойын  құралдары ұзақ уақыт сақталуы үшін эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай әрі әдемі қораптарда, қалталарда тұруы тиіс.

 

 

ОРАЗАЛИНА Эрика Сергеевна,

Көктөбе ауылы

«Ақбота» бөбектер бақшасының тәрбиешісі.

Май ауданы

Павлодар облысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.