Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Диалогтік оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру

Диалогтік оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру

Қaзіргі заман тaлaбына сай оқытуда білім беруді жаңашаландыру – жаңа тақырыпты оқушылардың өздеріне меңгере алaтындай еркіндік беру, ізгілендіру, түрлендіру, тұлғаға бaғытталған білім беру ұстaнымдары арқылы жүзеге асырылады. Негізінде, білім алу диалог арқылы беріледі, оқушылардың сыныптық жұмыстағы өзара байланыс қабылдау деңгейін білдіретін қызметтің диалогпен қалайша жанасатынына байланысты болады. Қазіргі таңда зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызы зор екенін көрсетіп отыр.
Диалог  дегеніміз — өзіне  және  өзгеге  деген қарым-қатынасты қалыптастыру. Диалог шын мәнінде оқушылардың бір-бірімен сұхбаттасуынан немесе оқушы мен мұғалім арасындағы пікір мен ой қорытындысын жүйелеу мен дамытуының көмектесуіне арналған амал. Бұл әдіс оқушының ой өрісін дамытумен қатар жан-жақтылыққа, өз ойын еркін әрі нақты жеткізуіне мүмкіндік жасайды.
Диалогтік оқыту әдісін қай сабақта болмасын қолданып отыру, сұрақтар арқылы оқушылардың жауаптарын түзету, олардың сол сұрақтың аясында терең ойлануына мүмкіндік беріп, оған дұрыс жауап беруіне жағдай туғызу мұғалімнің басты міндеті деп санаймын. Диалогтік оқытудың тағы бір тиімділігі бaлаларға топпен, серіктестерімен қарым-қатынасқа түсіп, берілген сұрақтар, тaпсырмаларды шешуге кіріскенде әр оқушы ойын ортаға салып, сұрақ қоюға тырысып бағады.  Диалогтік қарым-қатынас барысында оқушы берілген тілдік бірліктердің үлгілерін пайдалана отырып, өз пікірлерін aйту, мәтін құрай алу, хaбарлау, баяндау, суреттеу, диалог, монолог құра білуге үйренеді, өз ойын айта алуға дағдыланады, шығармашылық қабілеттері дамиды, оқу мақcaтында нәтижеге жетуге бағдар ұcтaуға үйренеді. Білім берудегі диалогтық тәсілмен оқытуды дамытуда мұғалім:  оқушыларды тақырып бойынша сөйлеуге ынталандыру, шынайы қызығушылығы мен сезімдерін анықтау, білімге құштарлығын дамыту, өз білімін басқа адамға жеткізуге көмектесу, өзгелердің идеяларын құрметтеу, бағалау, оқушылардың ойын жинақтап сөйлеуін анықтайды.  Диалог – мұғалімдер балалардың оқуға деген ынтасын оята алатын пәрменді тетік. Сұрау және топтық жұмыс диалогтік тәсілдің балаларды оқыту сапасын арттыру құралы. Сабақта қолдануға тиімді белсенді әдіс-тәсілдердің бірнеше түріне тоқталып өткім келеді.

БЕС СҰРАҚ

Қалыптастырылатын дағдылар:
ойлау, шешім қабылдау;
ақпараттарды басқару.

Бұл әдіс ақпарат жинақтауға арналған, ол сондай-ақ оқушыларға мәселені терең зерделеуге немесе оны шағын тақырыптарға немесе тармақтарға бөлуге мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға күрделі тақырыптарды түсінуге көмектеседі. Аталған әдіс іс-әрекетті жоспарлауға және мақсат белгілеуге ықпал етуі мүмкін әртүрлі мүмкіндіктерді қарастыруды көздейді. Ақпарат жинақтауға арналған тапсырмалар үшін осы әдіспен бірге «Идеялар тасқынын» мен «Стикерлер топтамасын» қолдануға болады.

Жұмыс алгоритмі

  1. Үлкен қағаз бен маркер керек.
  2. Оқушыларға «Қалай» немесе «Неге» деген сұрау есімдіктері қолданылатын сұрақтар қойылады.
  3. Ұсыныстар оқу плакатында жазылады.
  4. Мұғалімдер идеяларды дамытып, одан арғы идеяларды зерделеу үшін бір сұрау есімдігін пайдаланады.
  5. Мұғалімдер идея/ұсыныс толық қарастырылғанша дейін бірдей сұрағы бар сұрақтарды пайдалануды жалғастыра береді.

ТЫҢДАП ОТЫРҒАН ҮШТІК
Мақсаты: Ақпарат алу, терминдерді түсінуді дамыту, алынған ақпаратты өңдеу және талдау дағдыларын, бақылаушы рөлі арқылы өзінің іс-әрекеттеріне талдау жасау дағдыларын дамытуға бағытталған тәсіл.

Сыныпты жоспарлау
Оқушылар үшеуден отырады, екеуі бірге, ал біреуі олардың қарсысында сәл алшақта – сөйлесуге қатыспайды, бірақ бақылайды.

Жұмыс алгоритмі
Оқушылар үш адамнан тұратын топта жұмыс істейді. Топтағы бір оқушы – шешен, біреуі – тілші және үшіншісі – хатшы рөлін атқарады. Шешен бір нәрсені айтады, сұрақты түсіндіреді немесе пікірін білдіреді. Тілші көмектесіп айтып отырады және түсініктеме беруді сұрайды. Хатшы қажетті жерлерін түртіп алып, әңгіме соңында қорытынды береді. Келесі жолы оқушылар рөлдерімен ауысады.

ТІКЕЛЕЙ РАДИОЭФИР
Оқушылардың бойында белсенді тыңдау, көптеген талқылау дағдыларын дамытуға ықпал етуге бағытталған әдіс.

Сыныпты жоспарлау
Радио жүргізуші-мұғалім (немесе оқушы) төрт қонақты (оқушылар) және аудиторияны (қалған оқушылар) қарсы алады.

Жұмыс алгоритмі
Радио жүргізушісі талқыланатын тақырыпты таңдайды. Студия қонақтарына (төрт оқушыға) рөлдік карточка беріліп, олар сол карточкадағы рөлдерін ойнайды. Тыңдаушылар аудиториясы (сыныптағы оқушылар) баға береді, сұрақ қою үшін «қоңырау шалады», ескертпелер жасайды және т.б.

Қорыта айтқанда, диалогті оқыту оқушының ойлaнуына, ойын жүйеленуіне, тілдік дағдыны қалыптастырaтын білім алуға зор үлес қосатын өзара іс-қимылдың тиімді түрі.

 Пусурманов Жылқайдар,
№35 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.