Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Диалогтік оқытудың тиімділігі неде?

Диалогтік оқытудың тиімділігі неде?

Егеменді еліміздің еңсесі көтеріліп, тәуелсіз ел атанып, әлемге танылып жатқан шақта ұлттың, елдің болашағы — жас ұрпаққа жауапкершілікпен көңіл бөлу — ұстаздың киелі міндеті. XXI ғасырдың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуде ұстаз қауымына білекті сыбана кірісер мезгіл жеткенін түсінген дұрыс. Осы орайда «Диалогтік оқытудың тиімділігі неде?» тақырыбындағы  тренинг-сабағымды мақала етіп жарияласам деймін. Мақсатым — мақала арқылы жас мамандарға тамшыдай болса үлес қосу. Жарияланған мақала жас маманның кәдесіне жарап, көмекші құралына айналып жатса — күткен нәтижемнің жеміс бергені деп түсінемін.

Тренинг-сабақты жас мамандардан диалог туралы өз ойларын сұраудан бастадым. Жас мамандар «Диалог» сөзі грек тілінен аударғанда «екеудің әңгімесі» деген ұғымды білдіретінін, оның қарым-қатынас құралы екенін жеткізді. Алайда бұл түсінік оқушының пәнді терең түсінуіне, игерген білімін өмір талаптарына сай тиімді қолдануына әлі де жеткіліксіз екенін, сондықтан оқушыны оқуға ынталандырудың үлкен жолы — диалогтік оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерінде екенін түсіндірдім, себебі ұжымдық, өзара білім алмасуға жағдай туғызатын және қолдаушы болып табылатын оқыту түрі — диалогтік оқыту болып табылады. Мұғалім мен оқушы арасындағы ой-пікірдің жүйеленуі мен дамуы диалогтік оқыту модулінде кең көрініс табады. Нилл Мерсердің: «Диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне де үлес қосады» деген пікірінде ол әңгімелесудің «мұғалім-оқушы», «оқушы-оқушы» арасындағы алтын көпір екенін еске салғандай. Тренинг-сабақта Александердің зерттеуіндегі әңгіменің бес түрін (механикалық, ауызша, нұсқаулық, талқылау, диалог) есте ұдайы ұстау қажеттігін баса айттым, себебі диалог мұғалім мен сынып, мұғалім мен топ арасында, оқушы мен оқушы арасында ұдайы өрбіп отырғанда ғана сабақ сәтті өтеді.

Диалогтік оқытудың басты кілті — дұрыс сұрақ қоя білуде екенін кейбір мұғалімдер қаперге алмайды. Жауапты толыққанды алу үшін қойылатын сұрақтың маңызы өте зор екендігін айттым, сұрақ қою «бастама-жауап-кейінгі әрекет» үлгісінде шектелмеу керек, әсіресе төмен дәрежелі сұраққа үйір болмау керектігін, себебі ондай сұрақтар оқушы потенциалын толық аша алмайтындығын айта келіп, слайд арқылы ғалым Мерсер жіктеген сұрақ қоюдың үш техникасына негізделген сұрақ түрлерімен таныстырдым.

         Сұрақ түріҚажеттілігі
         Түрткі болуЖауап алу үшін, оқушының жауабын түзету үшін көмектесу мақсатындағы сұрақ түрі;
         Сынақтан өткізу«Сен мысал келтіре аласың ба?» деген сияқты өз идеяларын дамытуға көмектесетіндей мақсатта құрылады.
Басқаға не/е қайта бағыттауМысалы, «Көмектесе алатындар бар ма?»

Диалогтік оқытуда қойылатын сұрақтар бізге не береді деген сауалдарға келсек, оқушылар тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге ынталанады, пәнге деген қызығушылығы артады, сын тұрғысынан ойлана бастайды, досының ойлануына да ықпал ете алады, сыныптастарының идеяларын құрметтеп, өзінің де сұрақ қоюға деген талпынысы күшейеді. Сұрақ қоя алатын дағдысы қалыптасқан  тұйық оқушының өзі бірте-бірте «ашыла» бастайды. Мүмкін енжар деген оқушының өзінде таланттылықтың тамшысы «тұншығып» жатқан шығар?! Таланты тығырыққа тірелген оқушы сіздің жігерлі бейнетіңіз бен өзінің «ішкі уәжінің» нәтижесінде сыныбының, елінің көшбасшысына айналмасына кім кепіл?

Сыныпта «бірлесіп ойлау» идеясын іске асыру туралы ұсыныс жасадым, себебі Мерсер сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда ол диалог арқылы іске асатындығы белгілі, демек әңгімелесу — оқушылардың оқуының ажырамас бөлігі. Сабақтың жалғасы ретінде әңгіменің үш түрін кестеден таныстырдым.

Әңгіме-дебатОй-пікірлерде үлкен алшақтық болады, әркім өз шешімінде қалады; қарым-қатынас көбіне «иә, бұл солай», «жоқ, олай емес» деген бағытта жүзеге асады; бірлесуден гөрі бәсекелестікке бағытталады.
Кумулятивтік әңгімеАйтылған пікірлермен топтағы мүшелер бірауыздан келіседі; идеяларды төзімділікпен тыңдайды; идея қайталанады.
Зерттеушілік әңгімеТоп мүшелері ақылға қонымды идеялар ұсынады; идея мұқият бағаланады; бір-біріне сұрақ қояды, айтқандарын дәлелдейді; келісімге келуге ұмтылады.

Мұғалім үшін әңгіменің үш түрінің де маңызы өте зор, себебі көптеген талқылаулар әртүрлі әңгіме түрлерінен құралады, бұл саналы оқушы дайындаудың таптырмас кілті екендігін айтып өттім.

Қорыта келгенде, нәтижеге бағытталған қазіргі заман талабы қажеттіліктің қайнар көзі болса, нәтижеге жету жолында іздену — әрбір ұстаздың азаматтық борышы. Жас мамандарға арналған тренинг сабағымды төмендегі сұрақтарды қоюмен кері байланыс жасадым:

  1. Кәсіптегі құндылығым не?
  2. Кешегі біз тәлім алған мұғалім қандай еді?
  3. Бүгін мен қандай мұғаліммін?

Баршамыз өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірт жанына нұр құятын көшбасшы мұғалімдер қатарын көбейте түсейік!

Абдулхаева Айнур Хабибуллаевна

№127 жалпы орта мектебінің

 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ОҚО, Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.