Бірнеше күн нұрын төккен жаңбыр бірден тиылып, Алматы аспаны шайдай ашылды. Бұл наурыз айының соңғы күні болатын. Алатаудан ескен самал леп- пен Наурыз-думанның әуелеген әні Алматы қаласы 39 мамандандырылған лицейінің ауласын жаңғырыққа бөледі. Аталмыш білім ордасының ауласын қазақы нақышта әшекейленгенін көріп, еріксіз шаттыққа бөленесің. Аулада “Алаш” ауылы, “Райымбек” және “Алмалы” ауылдары ұлттық нақышқа сай бой түзеген. Мұнда бүгін Алматы қаласының Алмалы ауданына қарасты орта білім беру мектептерінің Наурыз тойы думанды өтіп жатты…
Ұлттық нақышта көркемделген сахнаға алдымен Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қожахмет Назарбетов шығып, қонақтар, басшылар мен ұстаздарды, барша қатысушылар мен көрермендерді Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, сөз сөйлеп ашты. Мерекенің басты ерекшелігі сахнаға шығып, ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздардың барлығы дерлік мектеп директорларынан бастап, ұстаздар, ата-аналар, оқушылардың өз күшімен өрнектелген тамаша көріністер. Әсіресе, ата-ана Ерсұлтан Адырбектің, одан кейін ұстаздар Бақыт Алмағанбетова, Мақсат Бекбосынов, Салиха Омаровалардың орындауындағы Отан туралы, жер-Ана жөніндегі әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Қыдыр Атаның батасы, қыз ұзату, апалардың тұсау кесу рәсімін сахналандыруы мерекені жандандыра түсті.
Жалпы, Алмалы ауданына қарасты отызға жуық жалпы білім беру мектептері мен гимназия, лицейлері бар екен. Барлық білім ошақтарынан қатысқан өнерлі оқушылар күні бойы ұлттық ойындар: арқан тарту, қол жекпе-жегі, тіпті тоғыз құмалақ ойындарын дәріптеп, қызу жарыс жарасымын тауып жатты. Ән мен күйден шашу шашқан мектеп оқушыларының өнеріне тамсанбай тұра алмағанымызды жасырмаймыз. Көреремендердің өзі билеп, көңіл көтеріп мерекенің құндылығын арттыра түсті. Алмалы аудандық білім беру басқармасының бастығы Берік Әміржанұлы мен әдіскер Әсем Жандарбекқызы барынша атсалысты. Ал, шара өткзіліп жатқан мектептің директоры Мерейхан Жұмағалиев өзінің ұйымдастырушылық қабылетінің жоғары деңгейде екенін көрсете білді.
Жас жеткіншектерді ұлттық нақышта тәрбиелейтін осынау керемет шара “Наурыз-думан” әнімен жалғасын тауып, киіз үйлерде қонақтарды ұлттық тағамдар және наурыз көжемен дәм татқызу салтанатымен шарықтау шегіне жетті.
Гауһар Алшынбекова
Алматы қаласы,
журналист