Қазіргі кезде жұртшылық арасында ХХІ ғасырда білімнің жоғары сапалы және әділ болуына ықпал ету үшін білім беру жүйесінде реформа жүргізу қажеттігі туралы ортақ пікір туындап отыр. Сонымен қатар, көптеген елдер сын тұрғысынан ойлауды, қиялды, мәдениетаралық және әлемдік сананы, шығармашылық тәсілдер мен азаматтық борышты дамытуды қоса алғанда, бай білім мен көптеген дағдылардың қалыптасуына қолдау көрсетуге тырысуда. Дегенмен, мектептер деңгейінде оқыту тиімділігін арттырып, оқушылардың білімін тереңдетуге мүмкіндік болғанда ғана стратегиялар (тұжырымдамалар) табысты болатыны көпшілікке мәлім. Мақсатымыз – әр балаға жоғары сапалы білім беру болу керек. Бұл – Қазақстандық білім беру жүйесіне өзгеріс енгізе отырып, оқушы білімін әлемдік стандартқа жеткізу, білім беру қызметінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жеке тұлғаның құзіреттіліктерін дамытуға бағытталған біртұтас білім жүйесін құру.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» деген сөз білім сапасын арттыру үшін әрбір мұғалім жауапты дегенді білдіреді. Осы жауапкершілікті жан-тәнімен сезініп, жаңа заманның ауыр жүгінен қалыспай, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін сезіне білген ізгілікті ұяның бірі – №25 қазақ қыздар гимназиясы 1993 жылы ашылған тек қыз балаларға арналған орта білім беретін мектеп. Гимназия – Қазақстан Республикасының педагогикалық іс-тәжірибесінде қазақ қыздарына арналған алғашқы оқу орны. Алғашқы директоры: Л.С.Сырымбетова. Оқушылар қыз балалар болғандықтан, оқушылардың білім алуға деген құлшынысы және ата-аналардың балаға білім беру деңгейінің жоғары болуына қояр талаптары ерекше. Тәртіпсіз, қиын оқушылар болмағандықтан, мұғалімдер негізінен оқушылардың білімділігін, дарындылығын дамыту бойынша жұмыс істейді. Гимназияда 21 сынып комплектісінде 432 оқушы оқиды. Білім ордасында бүгінде жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған жоғары білімді 44 ұстаз еңбек етеді, жоғары және бірінші санатты ұстаздар 72% құрайды.
Қазақ қыздар гимназиясының басты идеясы: «Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле!». Мектепте оқу-тәрбие жүйесінің тұжырымдамасы, мектеп түлегі және қазақ қыздар гимназиясы мұғалімінің моделі жасалды, олар жыл сайын ата-аналар қоғамы мен социум сұранысына байланысты толықтырылып, түзетіліп отырады. Оқу-тәрбие жүйесінің негізі – 1-11 сыныптарға арналған «Қыздар әліппесі» авторлық бағдарламасы және «Қыздар әліппесі» хрестоматиясы. Бағдарламаның мақсаты – ұлттық рухани байлықты жалпыадамзаттық мәдениетпен ұштастыра байланыстыру арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеу және оқыту. Бұл бағдарлама аясында барлық оқу пәндері қамтылған және сыныптан тыс жұмыстар енгізілген. «Қыздар әліппесінің» ғаламтордағы нұсқасын www. kyzdar-alippesy.kz. сайтынан табуға болады.
Бүгінгі күні гимназия жаңашыл тәртіпте жұмыс атқаруда. Мектеп ұжымы бірнеше жылдан бері жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үздік мектептер қатарынан көрінуде. Атап айтсақ:
- 2015 жылы облыс көлемінде «Ең үздік жалпы білім беретін орта мектеп» номинациясы бойынша лауреат атанды;
- 2011-2015 жылдар аралығында қалалық «Білім беру қызметінің сапасы» номинациясымен марапатталды;
- 2016 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша облыстық «Үздік 5 мектеп» қатарына енді;
- Осы жылы облыстық «Мемлекеттік тілдегі ең үздік білім беру сайты» конкурсында және облыстық тәрбие жұмысының жүйесі байқауында 2 орындарға ие болды.
- 2017 жылы «Алтын белгі» иегерін дайындағаны үшін 400 мың теңге сертификатынаие болды, сонымен қатар, ҰБТ нәтижесі бойынша облыс көлемінде “Үздік 30 мектеп” қатарына енді;
- 2017-2018 оқу жылының рейтингісі бойынша қала әкімінің 2 млн теңге көлеміндегі грант иегері атанып, сертификат табысталды.
- Гимназия мұғалімдері жинақтаған оқу-әдістемелік кешендер, құзыреттілік тапсырмалар білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейін анықтайтын өлшеуіштері болып табылады. Білім нәтижесін анықтауда әр оқушыға жеке білім маршруты жасалады. Жеке білім траекториясын іске асыру дәрежесі, оқудағы ілгерілеуінің айқындалуы, зерттеу-жобалау әрекетінің барысы, әрекет тәсілдерінің қалыптасуы, құзіреттілік негіздері, тұлғаның дамуы, рефлексия жасау қабілеті білім алушылар портфолиосында жинақталады. Жүргізіліп жатқан шаралар білім беру саласын басқаруда және бақылау процесіне жаңашылдық енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – мектептің әрекетін барлық деңгейде уақытылы және дәлелденген басқару шешімдерін қабылдауға жетелейді.
Ұстаздар еңбегінің нәтижесінде гимназия оқушылары әр жыл сайын ғылыми жұмыстар, пән олимпиадаларынан республикалық, облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болып отырады. ҰБТ сырттай бағалау түріне енгізілгеннен бастап гимназия оқушыларының білімінің орта ұпайы жылдан жылға артып отырғаны байқалады.
2015 — 2016 оқу жылы — 93,8 ұпай жинап, қала деңгейінде І орынға ие болып, қала әкімінің грамотасымен марапатталды және аталмыш марапатқа гимназия бірнеше жыл қатарынан ие болуда. Бұл – білім сапасының тұрақтылылығына кепіл бола алады.
2016 — 2017 оқу жылы – 103,4 ұпайды құрады.
2018 – 2019 оқу жылы – 112,6 ұпайды көрсетті.
2016 – 2017 оқу жылында «Алтын белгі» иегері – 1, «Үздік аттестат» иегері – 2 болса, 2017-2018 оқу жылы «Алтын белгіге» ие болған 4 оқушы өз білімдерін дәлелдеді.
2017 жылы 26 түлек 11 сыныпты аяқтап, 19 оқушы мемлекеттік грант иегері болды, бұл – 73%-ды құрайды. 2017-2018 оқу жылында мектепті аяқтаған 15 түлектің12-сі мемлекеттік грант иегері болып, барлық оқушылар 100% ЖОО-на түсті. Бүгінгі күні мектебіміздің білім сапасы – 86%-ды құрайды.
ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Егеменді Қазақстан Республикасының болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу – қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін, салт дәстүріміздің рухани жаңғыруды қажет ететінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. «Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле!» деген даналықты ту еткен қазақ қыздар гимназиясында туған тіл, туған жер, туған тарих, туған салт-дәстүр- ұлттық тәрбие жүйесінің негізі, оның мазмұнының өзегі. Рухани жаңғыру – берік іргетасты қалайтын ұлттық құндылық. Ұлттық тәрбие мәселелерін шешіп, халқымыздың рухани келбетін сақтау үшін гимназия ұжымы қыз тәрбиесіне байланысты арнайы “Қыздар әліппесі” бағдарламасын, оның хрестоматиясын жасап нәтижелі жүзеге асыруда. Идеясы: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!». Ал, ертеңгі бесік пен әлемді тербетер ол – қыздар, еліміздің болашағын қалайтын азаматтарды тәрбиелейтін аналар екенін баршамыз да білеміз. Бұл – тәрбиелік мүмкіндік жағынан өте құнды түсінік. Гимназиямыздың 25 жыл тарихындағы зерттеу барысында біздің мектепті 600-ден астам түлек аяқтап, өздерін инабатты, саналы азаматша ретінде қалыптасқандары байқалды. Олар қызмет атқарып, өздерінің білімдері мен тәрбиелерін оң көрсетуде, түлектер мен оқушылар арасында сабақтастық орын алған. Біздің анықтауымыз бойынша, түлектеріміздің 85%-ы отбасылық өмір құрып, барлығы да бір-бір отбасының берекесі, жанұясының қаймағын бұзбай, болашақ ұрпақтың бойына ең құнды рухани-адамгершілік қалыптастыратын қоғамның басты тірек-арқауы – АНА деген абыройлы атқа ие болып отырған жандар. Бұл – көңілге қуаныш ұялататын мәселе.
Тәрбие жұмысының бір бағыты – оқушылардың бос уақытын қамту болып табылады. Мектеп мұғалімдері біліммен қатар оқушы бойына шығармашылық қабілеттерін дарытып, дамытуда. Осы орайда, мектебіміздегі ән, би, домбыра, шахмат, робототехника, тоғызқұмалақ, сурет, қолөнер үйірмелерінен құралған – «Өнер мектебі» жұмысын жемісті жүргізуде. 2017-2018 оқу жылында халықаралық – 6 орын, республикалық – 8 орын, облыстық – 2 орынға ие болды. Республикалық «Алтын ұрпақ тынысы» сайысында 6 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Гимназиядағы оқу-тәрбие үрдісін басқару жүйесінің тағы бір ерекшелігі – мектепті басқаруда ата-аналардың да қатысуы. Мектепте ата-аналардың қамқоршылық кеңесі жұмыс жасайды. Кеңес жұмысының мазмұны мен қызметі мемлекеттік нормативтік құжаттармен және мектептің жарғысымен айқындалады. 2009 жылы қамқоршылық кеңестің қолдауымен, «№25 қазақ қыздар гимназиясының даму қоры» қоғамдық қоры ашылды. Бұл қоғамдық қор кеңес білім ұйымдарын алқалық басқарудың бір түрі болып табылады. Іс-әрекетінің негізгі бағыты – гимназияның дамуына ықпал жасау, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуге қаржылық қолдау көрсету.
Қырандар түлегін қияға самғатып баулитыны белгілі. Өз сөзімді Ж. Аймауытовтың аталы сөздерімен аяқтасам деймін: «Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен, ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімділердің көздейтін түпкі мақсаты – осы! Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек». Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу саласында ұстаздарға аса жауапты қоғамдық міндет жүктеліп отыр. Гимназияның 25 жылдық мерейтойымен әріптестерімді, гимназия ұжымын құттықтай отырып, әрқашан бәсекеге қабілетті, дарынды шәкірттеріңіз еңбектеріңізді ақтасын, дегім келеді.
Избастина Саламат Даутовна,
Екібастұз қаласы
№25 қазақ қыздар гимназиясының директоры