Home » Жаңалықтар » БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Қазақ елі өзінің 25 жылдық кезеңінде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктерді әлем жұртшылығы танып, жоғары бағалауда. Соның нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада тиісті орын алып, жоғары беделге ие болды. Әрине, мақсатымыз алғашқылар қатарынан орын алу. Мұндай мақсаттың ең бастысы – әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елге қосылу. Осындай мақсаттарға жету үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделі ретінде Үшінші жаңғырту жөніндегі міндет қойып «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деген кезекті Жодауын ұсынды.

Міне осындай игі бастаманы қолдап, оның негізгі басымдықтарын талқылау үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасы ақпан айының 27 жұлдызында семинар өткізді. Семинарда кафедра меңгерушісі  Қ.С.Құлманов Елбасы өз Жолдауында еліміздің  әлеуметтік-экономикалық  даму  жағдайына  байланысты  барлық салаларды қамтып, алдымызға  зор міндеттер қойып отырғанын  ерекше атап өтті. Одан кейін сөз алған кафедра оқытушылары Үшінші жаңғыру, яғни жаһандық бәскеге қабілеттіліктің басымдықтары жайлы жан-жақты сөз етті.

Алғашқы басымдық – экономиканың же­дел­детілген технологиялық жаңғыртылуы жайлы кафедра доценті Р.Тұяқбаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде Жолдаудағы цифрлық технологияны қолдану ар­қылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету, ондағы елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мо­биль­ді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларға орай айтылған басымдықтарға тоқталды. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытып келетінін атаған Елбасының сөзін жеткізді.

Келесі сөз алған кафедра оқытушысы Ш.Салықжанова екінші және үшінші басымдық жайлы айтты. Онда негізінен жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін берілетініне тоқталып, оның маңыздылығы мен қажеттілігін атады. Ал үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту. Жаңа технологиялардың енгізілуіне бай­­ланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұ­мыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігіне арналғанын баян етті.

Жолдаудың келсі төртінші және бесінші басымдықтары жайлы аға оқытушы Л.Байболат сөз алды. Ол төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бірінші, ең алдымен, білім беру жүйе­сінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжан­дылықты дамытуға баса көңіл бөлінгенін сөз етті. Онда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігі, сонымен қатар бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсы­ным­дарын имплементациялау жұмысын қам­тамасыз етуге бағытталғаны аталды. Оған қоса жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізу қажеттігі баса айтылғанына назар аудартты.

Семинар Жолдаудың жан-жақты маңыздылығын атап, ондағы айтылған қажеттіліктердің барлығы орындалған жағдайда еліміз тағы да бір алдына қойған басты мақсаттарына жету үшін мықты әрі нақты қадам басатын болады деп тұжырым жасады.

Қортынды сөз алған кафедра меңгерушісі Қ.Құлманов еліміздің 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерінің жалғасы болатын осынау Жолдаудың негізгі басымдықтарына ерекше мән беріп, оның орындалуына баршамыз атсалысуымыз керектігін атап, соңғы басымдықтарындағы діни экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуде қоғамда,  халыққа дұрыс көзқарастар қалыптастыруда ақпараттық жұмыстардың арасында белсенді болуға шақырды. Сонымен бірге алдағы уақытта жолдауды білім алушылар  арасында да талқылау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігіне тоқталды.

Нұрлан МАНСҰРОВ, ЕҰУ ф.ғ.к., доцент
Динара ИЛЯСОВА, ЕҰУ ф.ғ.к.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.