Home » Ашық сабақтар » Бүтін және бөліктер  

Бүтін және бөліктер  

Білім беру саласы: Таным. Коммуникация

Бөлімі: Көркем әдебиет.

Қарапайым математикалық  ұғымдарды қалыптастыру.

Мақсаты:

БМ: Затты тең екі және төрт бөлікке бөлуді үйрету. Бүтін және тең бөліктер туралы түсініктерін қалыптастыру.

ДМ: Балалардың ойлау қабілетін дамыту. Қоршаған ортадағы сәйкес пішіндерді беттестіре отырып, салыстыруға үйрету.

ТМ: Татулыққа, бірлікке, достыққа және қолыңдағы нәрсені бір-бірімен бөлісе білуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілі:  Ертегі терапия (практикалық), көрсету, айту, әңгімелеу, санау, ойнау, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі: Үлестірмелі карточкалар, геометриялық пішіндер, ертегі кейіпкерлері, түрлі ойыншықтар, жолақшалар.

Шаттық шеңбері:

Біздер тату баламыз,

Бір сыныпта оқимыз.

Бір шаңырақ астында,

Бірге ойнап-күлеміз,

Бірге шуақ шашамыз.

Тәрбиеші: Балалар мен сендерге татулыққа, достыққа байланысты бір тамаша ертегі айтып берейін, тыңдағыларың келе ме?

Тәрбиеші «Алма» ертегісін  көрнекі құралдарды, ойыншық аңдар мен құстарды пайдалана отырып әңгімелеп береді (сахна ертегіге сай безендірілген).

Ертегі желісі бойынша ағаштың басынан құлап түскен алмаға қарға, кірпі,қоян – үшеуі таласады. Қарға алманы тұмсығымен мен үздім дейді, қоян алманы мен бірінші көрдім десе, кірпі алманы мен ұстап алдым деп таласып, орманды шуға толтырады. Қатты шудан ұйқысынан оянып кеткен аю аңдардың таласын естіп, арыздарын тыңдап, әділ шешім шығарады. Аю алманы бірдей тең төрт бөлікке бөледі де, бір бөлігін қарғаға, бір бөлігін кірпіге, бір бөлігін қоянға береді. Әрқайсысы өзіне берілген алманың бөлігін жеп, риза болып, қалған бөлікті аюға ұсынады. Аю ешкімді ренжітпей, әділ шешім шығарған еді.

Міне, балалар әр нәрсенің шешімі болады. Татулық болса, береке де болады екен. Сондықтан дос-құрбыларыңмен бөлісе білу керек.

Балалар сендерге ертегі ұнады ма? Аюдың әрекетінен қандай жағымды нәрсені үйренуге болады.

Тәжірибелік жұмыс: Тәрбиеші затты тең екі бөлікке, яғни теңдей етіп қалай бөлу керектігін көрсетеді.

Лентаның екі ұшын тура  біріктіріп, ортасынан кеседі. Содан кейін алынған бөліктерді бір-біріне қаттап қойып, біріктіреді.

Тең екі бөліктің кез-келгені жарты деп аталады.

Келесі лентаны тең емес  екі бөлікке бөледі де, балаларға сұрақ қояды. «Мына бөлікті жарты деп атауға бола ма?»

Неге болмайды? Себебі?

Бөлінген екі бөліктің бір бөлігі екіншісімен бірдей болмаса жарты деп атауға болмайды.

Заттар тең бөлікке де, тең емес бөлікке де бөлінеді.

Балалар, екі бөліктің жартысы деп бөліктер тең болғанда ғана айтылады.

Мен сендерге әр түрлі бейнелерді, геометриялық пішіндерді, ойыншықтарды үлестіріп беремін, сендер оларды беттестіре отырып, салыстырасыңдар. Сонымен бірге тез бүктелетін қағаз шеңберлер үлестіреді.

Екіге бүктеу тәсілін орындаймыз (тәрбиеші өзі үлкен шеңбермен көрсетіп тұрады).

Бұл – шеңбердің жартысы. Неше жарты шықты?

Тағы бір рет бүктесе, шеңбер төрт бөлікке бөлінеді (көрсетеді, санатады).

Шеңберді төртке бөлу ширек деп аталады.

Балалар, ойын ойнаймыз ба?

Ойын: «Жартысын тап!»

 

 

Балалар көздеріңді жұмып, орындарыңнан тұрыңдар.Мен үстелдің үстіне жартылай бөлінген бейнелерді қоямын. Қолымды шапалақтағанда, көздеріңді ашып, бейнелерді аласыңдар. 3-ке дейін санағанша өз жартыларыңды тауып аласыңдар. Қандай бейне шықты, түсі қандай?

Енді дәптермен жұмыс жасаймыз.

№1 тапсырма Суретті тиісті түспен өз беттерінше бояйды.

Сергіту сәті.

№2 тапсырма. Тәрбиешінің көмегімен таяқшаларды санай отырып орындайды.

№3 тапсырма. Фигура неше бөлікке бөлінген?  Ширек бөлігі. Қиылған бөлікті тауып, орнына орналастырады.

Шеңбердің қай бөлігі қиып алынды?

Іс-әрекетті бағалау кезеңі

Не үйрендік?

Қандай ертегі айтып бердім?

Ертегі кейіпкерлерін айтып беріңдерші.

Балалар, сендер бүгінгі оқу іс-әрекетіне белсене қатыстыңдар. Сондықтан мен сендерге сыйлыққа алма алып келдім. Сендер 14 баласыңдар, ал алма 7-еу. Мен жеті алманы аю секілді теңдей етіп бөліп беремін. Рахмет, балалар. Сау болыңыздар!

 

 

Ақмарал Аманжолқызы Аманжолова,
ЖББ Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешенінің
мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі,
Сырым ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.