Home » Мақалалар » Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бірінші сынып оқушыларына «Отан» сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп, ұғым қалыптастырамыз. Ондағы біздің мақсатымыз – әр білім алушының жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббатының отын тұтату болып табылады. Халық арасында «Отан отбасынан басталады» деген мәтел кең таралған. Яғни, бұл – әр оқушыға тұрып жатқан отбасының өзі кіші Отан болып саналатыны. Отбасында тату өмір сүру керектігін, бір-біріне қамқор болып, қорғау керектігін кең ауқымда ұғындыру қажет деп ойлаймын. Дәл осылай кіші Отанда қалыптасқан жылулық пен махаббаттан үлкен отбасын, яғни Отанын сүюге, оны қорғауға және қамқор болуға дайын жеке тұлға қалыптасады.

 

Қазіргі қоғамда көптеген теріс мінез-құлық, әрекеттер орын алуда. Соған байланысты елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда талқыланып, көзделген мақсаттар жүзеге асуда. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын елбасы былайша талқылады: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз. Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім.

  1. Бәсекелік қабілет
  2. Прагматизм
  3. Ұлттық бірегейлікті сақтау
  4. Білімнің салтанат құруы
  5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы
  6. Сананың ашықтығы…»

Елбасының осындай бағдарламасы аясында, еліміздің мектептерінде Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббатты ояту мақсатында түрлі тәрбиелік іс-шаралар өткізілуде. Әр білім алушыны “Cен – еліңнің болашағысың, Отанды қорғау және оған қамқор болу – сенің ғана қолыңда” деген ойды бекіту қажет. Дәл осындай ұстанымнан кейін «Мен – қазақпын», «Мен өз жерім мен елімді қорғауға әркез дайынмын» деген тұлға өсіп шығатынын нақты сеніммен айта аламын.

 

Әдебиеттер:

  1. https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru

Мухамеджан К.А.,

«Сәтбаев қаласының №1мектеп-гимназиясы» КММ,

бастауыш сынып мұғалімі,

Қарағанды облысы,

Сәтбаев қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.