Халықаралық аккредиттеуден өткен әлемдегі білім ошақтары қатарын Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі толықтырып отыр.
Осы жылғы 30 қыркүйекте Қызылордаға халықаралық мектептер (ХМК) ұйымының сарапшы тобы келген еді. Алдыңғы қатарлы білім беру әдістерін әзірлейтін халықаралық білім беру жүйесіндегі ұйым өкілдері сапар аясында мектеп командасының жұмысымен танысты, әкімшілік ғимаратты көріп, оқушылармен кездесті, олардың ата-аналарымен әңгімелесті.
Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Әзірбайжан, Германия, Венгрия, Катар және Ресейден келген топ өкілдері мектептегі білім беру үдерісі мен оқушыларға жасалған жағдайларға баға берді. Сарапшылар сабақтарға, үйірмелік дәрістерге, спорттық секцияларға қатысып, мектептегі тамақтану мәзірін көрді. Жұмысшы топтармен «Оқу және оқыту», «Менеджмент және көшбасшылық», «Мектеп қоғамдастығының мәдениеті және ынтымақтастығы» және «Операциялық жүйелер» стандарттары бойынша әңгімелесу өткізілді.
— Сараптама тобының мүшелері бір айдан кейін халықаралық аккредитациядан өтуге лайық деп есептеп, бағалау нәтижелерін жариялады. Сапардың қорытындысы бойынша сарапшылар тобы мектептегі мұғалімдерді кәсіби дамыту, оқу мен оқыту сапасын жақсарту, әкімшіліктің сыртқы байланыстарды тарту арқылы оқушылардың білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, оқушылардың көшбасшылығын дамыту жұмыстарына оң баға берді. Бұл бүкіл ұжым еңбегінің жемісі, — дейді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай.
Халықаралық мектептер кеңесі (ХМК) – білім беру саласындағы жоғары стандарттар мен жаңа жетістіктерді дамыту үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым. Бүгінде беделді клубтың 109 елде 667 мектебі, 490 университеті мен колледжі бар. Халықаралық мектептер кеңесі әлемдегі үздік 50 ЖОО-мен жұмыс істейді.
Қызылорда мектебінің дүниежүзілік деңгейдегі элиталық білім беру ұйымына кіруі түлектердің әлемнің үздік университеттеріне түсуіне мүмкіндік туғызып, халықаралық көрмелерге қатысу, білім беру саласында жоғары білікті мамандарды іздеу аясын кеңейте түседі. Қазақстанда қазірдің өзінде 7 Назарбаев Зияткерлік мектебі аккредиттелген. Оқу жылы ішінде тағы алты зияткерлік мектеп халықаралық аккредитациядан өтеді деп жоспарлануда. 2019 жылға дейін барлық мектептер аккредитациядан өтеді.
М. Ақынұлы,
тілші
Қызылорда