Он шақты күннен бері қазақстандықтар Елбасы жолдауын жаппай талқылап жатыр. Жуырда жолдаудан туындаған тапсырмаларды білім басшылары мен осы саланың басы-қасында жүргендер де Астана қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Білім беру – экономикалық өсімнің жаңа моделінің орталық буыны» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде пысықтап алды. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент үндеуі түрлі салаға жан бітірері сөзсіз. Әсіресе, білім беру саласына соны серпін берері анық. Өйткені, Мемлекет басшысы ағарту ісінде алға ілгерілеудің жаңа нұсқасын ұсынды. Айта кетейік, жиынға Парламент депутаттары, танымал мұғалімдер, ғалымдар, сондай-ақ, ЖОО және мектеп басшылары, білім беру саласындағы менеджерлер қатысты.
Жиын барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова: «Президент Н.Ә.Назарбаев: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деген болатын. Расында, Жолдауда көрсетілген бес басымдықтың төртіншісі – қазақстандық білім берудің жаңа моделін құруға, «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге, үштілділікті одан әрі енгізуге, заманауи оқу жоспарларын қалыптастыруға және басқа да перспективалық міндеттерді жүзеге асыруға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпқой әрі білікті тұлғалар қандай да болсын жаңғыртудың негізгі қозғалтқыштары болғандықтан Елбасының 2017 жылғы жолдауында білім беруге аса екпін қойылады, — деді өзінің алғы сөзінде.
Биылғы жолдаудың басымдықтары бес бөлімге бөлінгені белгілі. Соның төртіншісі білім беру саласына бағытталып отыр. Бұл ретте, адами капитал сапасын жақсарту айрықша мәнге ие. Сонымен бірге, білім беру жүйесінің рөлі өзгеріске ұшырамақ. Яғни, білім саласы экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналады. Өскелең ұрпақтың сыни ойлауы мен өз бетінше ізденуіне мүмкіндік беріледі. Енді, мұғалімдер шәкірттеріне білімді бағыт-бағдар беру арқылы үйретуге көшеді. Бұл оқушылардың ойлау жүйесінің жастайынан қалыптасуына жағдай туғызбақ. Жалпы, IT білімді дамыту, қаржылық сауаттылықты арттыру, ұлтжандылықты ұлықтау мәселелері де назарда болады. Кездесу кезінде Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева балаларды рухани адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу мәселесінің жолдауда көтерілгеніне ерекше қуанғанын айтып қалды. Оның ойынша, мемлекетті жаңғыртуды жүзеге асыру үшін жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру керек.
Қала мен ауылдағы білім ұяларының оқыту деңгейін теңестіру мәселесін Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Никольск орта мектебінің директоры ерекше атап өтті. «Жаңартылған мазмұндағы білім беруді мектепке енгізу» тақырыбындағы баяндамасында тәжірбиелі ұстаз біршама мәселе көтерді. Ал мәжілісмен Бақытжан Әбдірайым адами капиталды жетілдіруге қатысты ойларын ортаға салды.
Үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу жайы да жиынның өзегіне айналды. Назарбаев Университеті жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева білім берудегі заманауи сындар төңірегінде айта келе, үш тұғырлы тіл мәселесіне де соқпай кетпеді.
Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деді. Шынында солай, біздер ағылшын тілін жетік білуіміз керек. Сонда ғана әлемдегі алпауыт мемлекеттермен тереземіз теңеседі. Енді бірер жылда орта мектептердің өзінде жоғары сыныптағыларға кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту қолға алынады. Мұны да Елбасы өз жолдауында айтып өтті,- деді ол.
Шара аясында, білім беру саласына оң өзгерістер әкелген компания басшыларының да пікірі ескерілді. «Bilim Media Group» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы: — «Биылғы елбасы жолдауы білім саласына, мектептерге, мұғалімдер мен оқушыларға, сондай-ақ, біздер сияқты компанияларға ерекше күш берді деп ойлаймын. Еліміздің үшінші жаңғыруы аясында білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп, көптеген мәселелердің көтерілуі уақыттың талабы деп білемін. Адами капитал ұғымын елбасы мәдениетке, білімге, медицинаға енгізу арқылы ұлттық көзқарастарды қалыптастыруға болатындығын айқын көрсетіп отыр. Адами капитал ұғымының мәні тереңде жатқаны түсінікті. Ал оның өзегі білімде жатқаны сөзсіз. Денсаулығы мықты, білімі жоғары, жеке мәдениеті мен азаматтық ұстанымы биік тұлға қалыптастыру оңай шаруа емес. Осындай күрделі шаруаларды ынтымақтаса көтерсе ғана нақты тапсырмалар іске асырылады деп сеніммен айтуға болады»,- дей келе финсабақтары деген еңбектен біршама мысалдар келтірді. — «Кезінде финдіктерде тек сауатты жастарға ғана үйленуге рұқсат етілген. Яғни, кез-келген финдік білімі бар, жазу-сызуға икемі болғанда ғана үйлену құқығына ие болған. Тіпті, бұл талап өз нәтижесін берген. Соның арқасында ұстаз беделі айтарлықтай өскен көрінеді»,- деді. Компания басшысының сөзін іле-шала инновациялық зияткерлік технологиялар академиясының ғылыми жетекшісі Нұралы Құдайбергенұлы жалғады. Өзінің «Сандық Қазақстан» моделін құру деп аталатын баяндамасында бірнеше ұсыныстарын ұсынды. Жолдауда айтылғандай, коммуникация игіліктерін арттыру мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға тұтастай қолжетімділікті де жүзеге асыру қажеттігінің тиімділігі турасында сөз қозғады. Келелі кездесуде сөз алған Астана қаласы әкімдігінің «Оқушылар сарайы» МКҚК менеджері Даниэль Шаяшұлы да ақпараттық технологиялар саласындағы жеделдетілген технологиялық жаңғырту жайында толығырақ әңгімеледі. Шара соңында, баяндамашылар өзара пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.
Нұрбай Шәкім