Home » Жаңалықтар » Білім және ғылым министрі үш баланы өрттен құтқарған студентті марапаттады

Білім және ғылым министрі үш баланы өрттен құтқарған студентті марапаттады

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ақпарат және технологиялар факультетінің 2 курс студенті, 21 жасар Нұрсұлтан Исмагулов Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен шыққан өрт кезінде батылдық танытып, үш баланың өмірін сақтап қалды. Төтенше жағдай Бейбітшілік көшесінде орын алған. Батыл да ержүрек студентті марапаттаған білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова: «Өз өмірін тәуекелге тігіп, қиындыққа түскен адамға көмек қолын созуға ұмтылатын жастар мақтауға тұрарлық. Әрине, осындай батыл да ержүрек баланы өсіріп, тәрбиелеген Нұрсұлтанның ата-анасына алғыс айтқымыз келеді. Осындай жігерлі балалардың қалыптасуы барысында мектеп пен білім ордаларындағы ұстаздардың атқаратын рөлі орасан. Біздің ортақ мақсатымыз – өскелең ұрпақтың күшті, жігерлі, батыл болып өсуіне барынша қолымыздан келгенше әрекет ету. Нұрсұлтан сияқты жастар – біздің заманымыздың нағыз батырлары»,- деп ерекше атап өтті.

Сол күні Нұрсұлтан достарымен астаналық саябақтардың бірінде серуендеп жүрген. Адамдардың шулап жатқандығын естіген балалар, оқиға орын алған жерге достарымен тез жетеді. Оқиға орнына жеткен кезде үйдің екінші қабатынан ер адамның көмекке шақырып жатқан дауысын естиді. Нұрсұлтан ешбір кідірместен төменде орналасқан дүкеннің шатыры арқылы үйдің екінші қабатына көтеріліп, үйдің терезесін сындырып, үш баланы өртке оранған пәтерден алып шыққан. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер пәтерде қалған тағы бір кішкентай бөбек пен отағасының өмірін арашалап қалды.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.