Home » Жаңалықтар » Білім және ғылымдағы инновациялар

Білім және ғылымдағы инновациялар

2018 жылдың 22-23 қарашасы күні «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Басқару және білім сапасы кафедрасының ұйымдастыруымен «Білім және ғылымдағы инновациялар» атты ІІ xалықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференция жұмысына Жапония мемлекетінен Ямагути университетінің профессоры, PhD, Масаюки Хюдо мырза, Чех Республикасынан Палацкий университетінің профессоры, доктор, мистер Дэвид Ливингстон (онлайн-трансляция арқылы), Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, Сауат ашу оқулығының авторы, п.ғ.д.,  профессор Жұмабаева Азия Елеупанқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ, п.ғ.к., профессор Қыяқбаева Ұлбосын Қозыбайқызы, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ қызметкерлері, қазақстандық, шетелдік сарапшы-ғалымдар, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы, PhD докторанттар мен магистранттар, мектеп ұстаздары қатысты.

Іс-шараның мақсаты: білім және ғылымдағы инновациялар траекториясын жетілдіру, халықаралық тәжірибедегі педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың ерекшеліктерін саралау.

Конференцияның  пленарлық отырысын п.ғ.д., профессор, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» директоры Кенесбаев Серік Мұхтарұлы салтанатты түрде ашып, педагогтың кәсіби-тұлғалық әлеуетін жетілдіру – кәсіби әрекетті инновациялық тұрғыдан жүзеге асыруды көздейтіндігін және педагог мәртебесін көтеру, мұғалім мамандығының беделін арттыру ең маңызды міндеттер қатарынан саналатындығына тоқталды.

Халықаралық конференция барысында жапондық ғалым Ямагути университетінің (Yamaguchi) профессоры, PhD, Масаюки Хюдо мырза (Massayuki Hyodo) «Білім және ғылымдағы инновациялар (химия саласы, ақпараттық технологиялар жайында)» атты ғылыми ізденісімен бөлісті. Ал, Чех Республикасынан Палацкий университетінің (Palacky University, Olomouc Gzech Republic) профессоры, доктор, мистер Дэвид Ливингстон (David Livingstone) онлайн-трансляция арқылы «Орта білім берудегі ағылшын тіліне үйретудің тиімді технологиялары» (“The effectivenes of innovative technologies in teaching at secondary school”) тақырыбында қатысушыларды өзінің озық тәжірибесімен таныстырды.

Пленарлық отырыста п.ғ.д., профессор, «Сауат ашу», «Қазақ тілі» оқулықтарының авторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Жұмабаева Азия Елеупанқызы «Білімнің жаңартылған мазмұны жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық қызметке даярлаудың кейбір мәселелері» тақырыбында, Абай атындағы ҚазҰПУ, п.ғ.к., профессор, Қыяқбаева Ұлбосын Қозыбайқызы «ҚР-дағы мектеп жасына дейінгі балалардың ерте дамуы: қазіргі жағдайы, тенденциялары және болашағы» тақырыбы бойынша баяндамалар жасап, аталған өзекті мәселелер бойынша ой қозғады.

Филиал директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, доцент Толқын Ауелгазина және Басқару және білім сапасы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Алмаш Тұралбаеваның басшылығымен  ғылыми-әдістемелік форумды ұйымдастыру комитетінің ұзақ уақыт бойы жүргізген дайындығын да атап өту керек.

Секциялық отырыстың модераторлары мен хатшылары «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» қызметкерлері мен ЖОО оқытушылары болды.

Іс-шара барысында позитивті, көңілді атмосфера болды. Сертификат, алғыс хат пен құрмет грамоталарын иеленген қатысушылар ұйымдастыру алқасына өз ризашылықтарын білдірді.

ІІ Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар негізгі білім сапасын жақсартуға, білім берудің ғылыми зерттеулермен байланысын нығайтуға, оқытушылар мен тыңдаушылар арасындағы бірлескен қызметті үйлестіруге негізделген мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған дәйекті іс-қимылдарды қамтитын Қарар қабылдады.

 

Нұрақбаева А
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ,
Қоғаммен байланыс және баспа бөлімінің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.