Home » Білім және тұлға » БІЛІМ БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

БІЛІМ БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

 Білім саласы бойынша Филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттық  технологиялар университеті тілдер кафедрасының ассоциациялық профессоры Ақмаржан Тәсібекқызы Ақыжанованың ой-пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Ақмаржан Ақыжанова 1952 жылы қаңтардың 13 күні Талдықорған облысы Қаракөз ауылында дүниеге келген. 1969 жылы осы ауылдағы «Қызылорақ» орта мектебін бітіріп, Алматы педагогикалық шетел тілдері институтының француз тілі факультетіне түскен. Оны 1973 жылы «француз тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1973-1983 жылдары Алматы облысының әр аудан мектептерінде француз, орыс тілі пәндерінің мұғалімі, «Жаңа тілеу» орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерінен бастаған. 1973-1983 жылдары Алматы облысының әр аудан мектептерінде француз, орыс тілі пәндерінің мұғалімі, «Жаңа тілеу» орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ақмаржан Тәсібекқызының 1983 жылдан бастап еңбек жолындағы өрлеуі басталады. Әуелі Алматы зоотехникалық мал-дәрігерлік институтының шетел тілдері кафедрасына француз тілінің оқытушысы, ал 1989-1991 жылдары Алматы қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында шетел тілдері кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1992-2009 жылдарда Алматы мемлекеттік медицина институтының қызметкерлерге арналған қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы, доцент қызметінде жүріп, осы университет құрамындағы Қазақстан Республикасы жоғары медициналық оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру факультетінде қазақ тілін оқытты. 1996-1999 жылдары Алматы педагогикалық шетел тілдері институтының қазақ филологиясы кафедрасының аспирантурасында оқып «Қазіргі қазақ тіліндегі парцелляция құбылысы (бөлшектелген сөйлемдер)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Біліктілігінің арқасында 2009 жылдың 15 тамызынан бастап Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің доценті қызметін атқарған. Атаулы университетте 2009-2012 жылдары Ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы болды. Бүгінде Филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпаратттық  технологиялар университеті тілдер кафедрасының ассоциациялық профессоры.

Ақмаржан Ақыжанованың жетістіктеріне де тоқталсақ, өзінің ғылыми-педагогтық еңбек жолында еңбек еткен жергілікті орындар деңгейіндегі, аудандық деңгейлердегі түрлі марапаттардың иегері және бірнеше оқу-әдістемелік кітаптарының авторы. Атап айтқанда, 1 монографияның, 6 оқу-әдістемелік құралдың, нұсқаулық пен сөздіктің авторы. С.Асфендияров атындағы  Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессорлары С.Әмреев пен Қ.Ж.Сейтжанованың «Медициналық паразитология», «Акушерия» оқулықтарының қазақша нұсқасының редакторы, Қазақ тілі сабағында ақпараттық технологияларды инновациялық әдістердің бірі ретінде қолдану, ЖОО Ақпараттық технологияларды оқыту сапасын көтеру: жолдары мен мүмкіндіктері,  А.Т. М. Әуезов шығармаларындағы бөлшектелген сөйлемдер сынды т.б. ғылыми мақалалардың авторы.

  • Ақмаржан Тәсібекқызы білім берудегі мектепке дейінгі және орта буындағы білім беру жайлы не дейсіз?

–Мен, өмірімнің 43 жылын ұстаздықпен өткізіп келе жатқан адаммын. Қазіргі әлемнің даму қарқынына ілесу үшін, ұрпақтарымыздың ел қатарлы өмір сүруі үшін, ескі сүрлеу соқпақпен жүре бермей, әрекет етуіміз керек. Бірақ жас мемлекеттің өз жолын анық танып, табуы үшін осылай істемеске  амалы да жоқ қой. Біздің бұрынғы ескі соқпағымызды аңсайтынымыз рас, себебі, бәрі түсінікті, бәрі бір ізге түскен еді. Алайда, оған  жету үшін де қанша өзгерістер, қанша реформалар жасалып еді ғой. Ақырында, әйтеуір, бір дұрыс-ау деген жолға түсіп едік. Қазір жас мемлекеттің үкімет басына жастар келіп жатыр. Олардың дүние танымы кең, білімдері  жаңаша, ойлары озық дегім келеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту туралы айтар болсам. Бұл сатыға алдымен еңкейген кәрі, сонан соң еңбектеген бала да қуана келісуі керек. Солай болады да деп ойлаймын. Себебі, біріншіден,  Кеңес үкіметі кезінде де (ескіні көксей беретіндер үшін)  әрбір, тіпті ең кішкентай деген ауылдың өзінде, мектепке дейінгі балабақша бар болатын. Өйткені, бір де бір әйел үйде жұмыссыз отырмайтын, әуелі босанғаннан кейінгі демалыстың өзі 70-ақ күн болатын. Тек әлі қайраты қайтпаған, ширақ әжелері бар үйдің балалары ғана үйде тәрбиеленіп өсетін. Сонда олар бақшаға баратын балаларға қызыға қарайтын. Балабақшада сәбилер көпшілікпен араласып, ұжымда қауымдасып өмір сүруге бейімделеді, көпшіл болып өседі. Әр елдімекендегі әр бала мектепке дейінгі тәрбие, білім беретін арнайы орында тәрбиеленіп өсуі керек.  Енді екінші мәселе, мектепке дейінгі білімнің сапасы, осы сәбилерді мектеп жасына дейінгі балабақшада тәрбиелеушілер жайы. Бәрі сол мекемелерде еңбек ететін педагогтарға байланысты болатыны еш дау тудырмайтын, талқылауға да жатпайтын қағида ғой деп ойлаймын.

Орта білім беру ең көп дау тудырып, әр ата-ананы алаңдатып отырған да білім берудің осы сатысы. Себебі, кезінде әр ата-ананың өз басынан өткен, енді  баласымен бірге қайта  өтетін сатысы. Қазіргі қоғамда еңбек етіп жүргендер – Сталин дәуірінен бастап неше өзгерісті, қайта құруды, жаңаруды  бәрін басынан өткерген ұрпақ. Орта, жоғары білімді сол заманда алса да, құдайға шүкір, қоғамдағы өзгерістер мен шайқалыстарға төтеп берер иммунитеті жоғары ұрпақ екенін дәлелдеп келе жатыр. Жаңа заман ағымынан да қалып жатқан жоқ, әлемге танымал ғалымдар да шықты, кезінде мектепте неміс тілінен басқа естімеген тілдерді де, атын да естімеген компьютерді де игерді.  Бұл уәжбен айтпағым, бұрынғы  орта білім беру жүйесінен түбегейлі бас тартуға болмайды деп ойлаймын.

Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде. Әрине, көп тіл білу жақсы-ақ. Біздің данышпан бабаларымыз «Жеті түрлі ғылым біл, жеті елдің тілін біл» деп өсиет етіп кеткен ғой. Әрине, әлем тілі– ағылшын тілін білу қажет. Тек даланы аласартпай, тауларды биіктетудің амалын қарастырған жөн. Жалпы, қазақ балалары өте дарынды, зерек. Оларға шетел тілдерін мектепте дұрыс оқытса, тәп-тәуір сөйлеп кетеді. Біздің қазақтардың бетін бір жаққа бұрып, сол жолмен тура жүре бер десе, ор болса қарғып өтіп, қамал болса бұзып өтіп, жүре беретіні бар емес пе! Сондықтан бұл мәселеде «шаш ал десе бас алмай» абай болып, таразының екі басын тең ұстаудың жолын қарастыру қажет. Мысалы, ағылшын тілін тек пән ретінде бірінші сыныптан бастап оқытса жеткілікті. Ал өзге пәндерді оқушылар өздерінің ана тілінде оқып-үйренуі, меңгеруі қажет. Ал жеке пәндерді ағылшын тілінде тек бейінді мектептерде, сол пәнді таңдап, ертең сол саланың маманы болатын оқушыларға ғана оқыту керек деп ойлаймын.  Егемен мемлекет болып, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алғалы  ширек ғасыр ғана болса да, адам үшін әжептәуір ұзақ өмір. Ал сол өз ана тілімізді әлі де  сол деңгейге көтере алмай келеміз. Осы жағын да ойлауымыздың мәні зор.

 Техникалық және кәсіптік білім беру заман талабы болғандықтан сапасы қалай арттырылады?

  • Бұл сатының егемендік алған жылдары ақсап қалғаны шын. Енді дұрыс бетбұрыс жасалды. Орта мектептің әр оқушысына педагогтар кәсіптік бағдар беріп, алдындағы оқушыға қабілетіне қарай жол сілтеп отыруға тиіс. Техникалық және кәсіптік білім алу деген қорлық емес, кемсіту емес, уақытты бекер өткізбей, ертерек есею, ертерек мал тауып, жан бағу екенін түсіндіру қажет. Техниканың тілін біліп, оны жөндеп, құрастыру да, темірден, ағаштан түйін түйіп, ою-өрнек жасау да өнер екенін әр оқушының санасына сіңіру қажет. Орта мектепте он екі жыл босқа уақыт өткізіп, жоғары оқу орнына түсе алмай, сонан соң «жұмыс жоқ» деп ата-анаға масыл болып отырудың намыс, ұят екенін ұқтыру керек. Ата-аналарға да техникалық білім алудың артықшылықтарын жеткізу қажет. Мектеп педагогтары осы жағына көп көңіл бөлулері маңызды. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген Абай сөздерін әр ата-ананың да, әр оқушының да жадына жеткізген жөн.

Шын мәнінде кәсіби шыңдалған,  білікті маман дайындау үшін дуальды білім беру жүйесінің қажет екені, бұл мәселенің соңғы жылдары белсенді түрде айтылып, көтеріліп жүргені заман талабынан туындаған. Бұл жағынан бізге кеңес дәуіріндегі селолық, қалалық кәсіптік-техникалық училищелер, мектеп оқушыларының аптасына бір күн кәсіптік тәжірибеден өтетіні үлгі бола алады. Соны қайта жандандыру қажет. «Серпін» сияқты арнайы әлеуметтік жобалардың болғаны дұрыс шешім.

  • Ғылым, білім және өндірістің сабақтастығы жайында айтар ойыңыз?

 — Бұл үш жаққа да пайдалы, тиімді болмақ . Көз ілмей отырып жаттап алып, емтиханда немесе сабақта төбеге қарап тұрып зуылдатып айтып шығатын теориядан, тіпті білімді, білікті маманның ойлап тапқан бір жаңалығы, жобасы, ол егер өндіріске енгізіліп, пайдаға жарамаса, еш нәтижесіз, еш кеткен еңбек болмақ. Сондықтан мектепте алған білімді жоғары оқу орнында теориямен толықтырып, оны іске асырып, пайдаға жаратқанда ғана өндіруші орындар, мекемелер, кәсіпорындар ғалымдардың жаңалықтарына құлақ салып, үкімет оны іске асыруға қаражат бөлгенде ғана, цикл аяқталды деп есептеуге болады. Олай болмағанда, мектепке, жоғары оқу орнына шығарылған қаражат желге ұшқанмен бірдей болады. Сондықтан сабақтастық толық іске асатын болса, ғылыми технологияларымыз өркендеп, өрге басады деген ойдамын.

 Зерттеуші ЖОО туралы қандай пікірдесіз?

  • Ғылымиерттеу жұмыстарымен айналысатын жеке ЖОО болуы дұрыс мәселе. Себебі, ЖОО дәріс оқитын оқытушылардың ғылыммен айналысуға уақыттары жетпейді және кейбір оқытушылар сабақ өткізуге бейімді болса, біреулері ғылыммен айналысқанды қалар еді. Міне, осы жағынан келгенде, бұл өте дұрыс. Бұдан сабақ өткізетін ұстаздар ғылымнан шеттеп қалады деген ой тумаса керек, себебі, студенттерді оқудың алғашқы кезеңінен бастап теорияны ғылыми жағынан дамытып, оны іске асыруға қабілетті етіп даярлау қажет. Ол үшін өте жақсы оқып, ЖОО қабырғасында өзінің ғылымға бейімділігін көрсеткен, өзінің ойы, жобасы бар түлектерді ары қарай салалық ғылыми-зерттеу орнына жолдаса, одан еліміздің  ғылыми-техникалық жағына мол үлес қосатын маман шығады.

 Дидар НҰРЖІГІТ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.