Home » Білім және өнер » Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде ағылшын тілі пәнін оқытудағы жаңа көзқарас

Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде ағылшын тілі пәнін оқытудағы жаңа көзқарас

 20-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8fДжатканбаева Айжан Канатовна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты,
«Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы

 Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарындағы білім мен оқыту әдістерінің дамуы және осы негізде жаңа оқу сапасына қол жеткізу білім беру мазмұнынын жаңартудағы стратегиялық міндет болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының білім беру мазмұнын жаңарту бойынша «Ағылшын тілі» пәні қайта қарастырылды. «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Қазақстан Республикасында орта  білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде жалпы білім беретін мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстарының маңызы зор. Себебі, бағдарламаның мақсаты – Ағылшын тілі пәні бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.

Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру бағдарламасының құрылымы жүйелі. Курс кезінде алдымен мұғалімдер құжаттармен жұмыс жасап үйренеді. Мұғалімдер білуге тиіс негізгі үш құжат бар: оқу бағдарламасы, оқу жоспары, критериалды бағалауға арналған басшылық. Осы үш құжатты бір- бірімен байланыстыратын нәрсе – оқу мақсаттары. Оны білудің  қандай артықшылығы бар? Сабақты жоспарлау кезінде мұғалім осы құжаттарды қолдануы және қай құжаттан нені басшылыққа алатынын анықтай алуы тиіс. Сондықтан курс барысында осы құжаттармен жұмысқа жиі оралып отыру қарастырылған. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – әр пәннің ерекшелігінің ескерілуі. Сол себепті бағадарламаның оқу-әдістемелік кешенінде ағылшын тілін оқытуда қолданылатын педагогикалық тәсілдер, оқудың үдемелілігі, белсенді оқу, мұғалім жетекшілігімен жүретін оқылым және жазылым, қолданылатын әдістер мен тәсілдер, ағылшын тілін оқытудағы бес тілдік дағды, оқушыларды уәждеу, белсенді оқудағы мұғалімнің рөлі, оқытуды критериалды бағалау және жоспарлауға дейін негізгі мәселелер қамтылған.

Ағылшын тілін оқытуда қолданылатын әдістер мен тәсілдер аясындағы «Табиғи әдіс», «Тыңдау – көру – орындау», «Тіл үйренушілер қоғамдастығы» әдіс- тәсілдері, графикалық органайзерлер мұғалімдердің қызығушылығын тудырды. Қысқа мерзімді жоспарлар жасау барысында  мұғалімдер осы және басқа да белсенді оқу әдістерін шеберлікпен енгізіп, ықшамсабақтар кезінде әріптестерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

Оқыту мен оқуда басты назарда ұстайтын мәселенің бірі – тиімді кері байланыс. Ұсынылған кері байланыстың тиімді болуы немесе оны тиімді, оқушының қызығушылығын, ынтасын, өзіне сенімін жоғалтып алмайтындай етіп ұйымдастыру мұғалім шеберлігіне байланысты екенін де мұғалімдер осы курс аясында түсіне алады. Ықшамсабақтарды жоспарлау мен өткізу кезінде оқушы, мұғалім, бақылаушы рөлдерінде отырып бір- біріне тиімді кері байланыс ұсыну тәжірибелерін жетілдіреді, сонымен қатар өзара бағалау, өзін- өзі бағалау әрекеттерін де жүзеге асырады. Сонымен, қорыта келе, курс мұғалімдерге қандай жаңа мүмкіндіктер береді:

  • пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана біледі;
  • пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсінеді және қолдана біледі;
  • мұғалімдердің орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен дағдылары қалыптасқан.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.