Home » Мақалалар » БІЛІМ – БАҚЫТЫҢНЫҢ БАСТАУЫ

БІЛІМ – БАҚЫТЫҢНЫҢ БАСТАУЫ

Білім — жанған шырақ, ойласаң,

Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң.

Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,

Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң.

(Жүсіпбек Аймауытов).

Қазіргі кезде білім алудың маңызы өте зор. Бұл  жайында халқымыз ерте заманнан-ақ, ерекше мән беріп, бүгінгі ұрпақтарына өнегелі сөздерімен бірге, мағынаға толы көптеген мақал-мәтелдер қалдырған. Мысалы:

«Оқу — білім азығы,
Білім — ырыс қазығы». Ал, енді осы мақалдың маңыздылығын анықтап көрейікші. Білімділік маңызы қандай? Жас жеткіншекті неге тәрбиелейді және қандай мақсатқа жетелейді?

Меніңше, әрбәр нақыл сөз, мақал-мәтелді білімді қалыптастырушы құрал ретінде ғана емес, үлкен тәрбиелік аспектіні қамтитын даналық теориясы деп түсінген дұрыс. Шындап келгенде, білімсіз адам жоғары оқуға түсіп, арнайы кәсіби мамандық иесі бола алмайды. Демек, оның бала күнгі қиялдары құрдымға кетіп, армандаған небір биік мақсаттарды бағындыру, ұнатқан қызметке орналасу және өз-өзін қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкіндіктері кеміп, сағымға айналады. Сол себепті, адамның барлық ойы, ынта-жігері тек білімге, жаңашылдыққа бағытталуы керек.

«Білегі күшті бірді жығады,
Білімі күшті мыңды жығады» дегендей, күші көп адам бір адамды, тіпті, екі адамды жеңуі мүмкін, ал білімі көп адам өзінің ақылы мен тағылымды парасатының арқасында айтқан бір-екі ауыз сөзімен-ақ, мыңдаған адамды, тіпті, бар әлемді аузына қарата алады.

Бабаларымыздың «асыл – тастан, ақыл – жастан» шығады деуінің астарын да олардың жастарға зор сенім артып, үмітін үкілеп, оларды жарқын болашаққа, жақсылыққа жетелеуі деп түсінген абзал. Қазіргі заманда білімді болмау – өз бақытыңды бағаламау, өз-өзіңе қиянат жасаумен бірдей. Себебі, сапалы әрі жоғары біліммен қарулану – заман талабы. Ғылым мен техника жаңалықтары дамыған ғасырда білімге деген құштарлық артпаса, кемімеуі тиіс. Бұл — заңды құбылыс және мұны әрдайым есте сақтаған жөн.

 

ƏШІМОВА Дариға Жалбырқызы,

«Замандстар дамыту орталығының тәрбиешісі.

Павлодар қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.