Қара шаңырақ… Киелі де қасиетті ұғым. Ел қадірлейтін шаңырақ. Осындай қара шаңырақтың бірі – А. Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі. Бүгінде 95 жыл білім саласында еңбек етіп, сан мың түлекті қанаттандырып, тәрбиелеп, маман етіп, өмірге аттандырған қуатты білім мекемесі саналады. Ордалы білім ордасын 20 жыл Қазақ КСР және КСРО Ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Әбікенов Қабдірахман Әбікенұлы басқарып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыра білді. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздарымыз: Умралина Күлмаш Жүнісовна, Хасенова Нағима Хасеновна, Кемелова Сайлау Бергебаевна, Жұмабекова Гүлбану Ғаббасовна, Жапанбаева Назгүл Мінтаевна, Кожухова Сауле Кабиевна, Жарқынбаев Қабдрашит Қожабекович, Каргина Айгүл Бейсенбековна, Жүсіпбекова Гүлжан Жүсіпбековна, Омашева Күләш Маршраповна жұмыла жемісті жұмыс істеді. Жастарға жанашырлық, басшыға демеу, әріптестерге қолдау білдіруді парыз еткен Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Ибраева Хорлан Әміржанқызы тоқсаныншы жылдары ашылған қазақ бөлімін басқарды. Қазақ баласы қара шаңырақ иесі – атасының үйін ардақтайды, яғни, атасы көтерген қара шаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінеді. Бүгінде осы колледжді бітірген түлектер әр саланың беделді мамандары: бірі – ғылымға, бірі – білімге, бірі – басқа салаға еңбек сіңіруде. Соның бір мысалы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-да 7 кешегі түлек: Адамова Ж.Ш., Кисабекова М.Е., Айткенова М.Б., Шадетова А.К., Майбасова Ү.А., Какенова Д.Б., Дюсенбаева Р.Б. қызмет атқарып, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға үлес қосуда. Біз, Тәуелсіз Қазақстанның білім саласында еңбек етуші түлектер, осы шаңырақтан қанаттанғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде колледж – 12 біліктілік нысаны бойынша мамандар дайындайтын оқу орны. Құзыреттілік қатынас аясында білім алушылардың өз бетімен іздену құзыреттілігін қалыптастыруға, әрекеттік, танымдық, креативтік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін оқу орны. Қазіргі дара тұлғаға бағдарланған оқыту жүйесінде өз орны бар, беделі бар колледжді ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Закамолкин Владимир Анатольевич басқарады. Қазақ бөлімі колледжде беделді орында, оның бір мысалы, 2017 жылдың 24 қарашасында Саран қаласында, Мәдениет үйінде А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған түлектер кездесуі – «Жұлдызды кеш – 2017» мәдени іс-шарасы. Игі істің басында тұратын қазақ бөлімінің меңгерушісі – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Күнеділова Ақмарал Дәріғұлқызы. Табысты, іргелі колледж ұжымына алғысымызды білдіріп, бүгінгі өркениетті дамудың талабы – қоғамды ізгілендіруде нәтижелі еңбек тілейміз.
М.Б.Айткенова, Ж.Ш.Адамова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ аға оқытушылары