Home » Мақалалар » «Білімді ұрпақ – кемел болашақтың кепілі»

«Білімді ұрпақ – кемел болашақтың кепілі»

Тәуелсіз еліміздің білім беру жүйесінде болып жатқан оң өзгерістер қоғамның жас ұрпақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі терең сезіліп отырған бүгінгі таңда оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыру бағытында барлық мүмкіндіктерді пайдалануды көздейді.

Білімнің әлеуметтік рөлінің артуына байланысты адамдардың болашағы алған білімдерінің деңгейіне, сапасына, көлеміне, дәрежесіне тікелей қатысты болады. Сондықтан мұғалімдерге жауапкершілік, үлкен міндет жүктеледі. Мұндай міндетті шешу мұғалімдерден мектепте оқушыларға берілетін білім негіздерін олардың болашақ іс-әрекетінің берік негізі әрі тірегі болатындай етіп, оқытуды, оқу-тәрбие үрдісін, білім мазмұнын түбірімен жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды, педагогикалық жаңалықтарды тәжірибеге батыл енгізуді жүзеге асыруды талап етеді.

Осы мақсатта мен өзіміздің мектепте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы жалпы білім беретін мектептердің педагогтерінің кәсіби дамуының «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша  мектеп тренері Омаш Айжанның ұйымдастыруымен құрылған курсқа қатысып, тәжірибе жинақтадым.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдері оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік дағдыларын, логикалық және сын тұрғысын ойлауын дамытатын технологиялар мен әдістемелерді  игеруі, оқыту үдерісін жоспарлау, оқушылардың оқу жетістіктерін жүйелі тиімді бағалау  дағдыларын жетілдіру, ресурстарды тиімді қолдана білу болып табылад.

Жоғарыда аталған курс барысында   деңгейлік бағдарламаның жеті модулін сабаққа ықпалдастыру жолдарын түсініп, сабақтарыма жаңа технологияның элементтерін енгізуді көздедім. Сонымен қатар, курстың бірінші күнінен бастап жаңалыққа бет бұрып, ішкі уәжімді оятуға үлкен септігі тиді.

Осы курс барысында үйренген  жаңалықтарымды  09.02.2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасы Әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен  «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»бағдарламасы аясында дәстүрлік пен жаңашылдықты үндестіре отырып, баланы отбасында тәрбиелеу» тақырыбында облыстық практикалық семинарда  қолдандым.   «Отбасы- Отан тірегі, бақыт мекені» тақырыбында ата-анамен бірлесе, жаңартылған білім мазмұнымен байланыстыра отырып   ашық  сабақ өттім. Сабақ барысында үйренген әдіс-тәсілдерімді  қолдануды жөн санадым.

Бұл сабақтың балаға да, ата-анаға да берері көп болды. Бірлесе отырып тапсырмаларды орындау барысында отбасында өздерінің орны қаншалықты маңызды екенін және отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігін байқауға болады. Отбасының бір-бірімен қарым-қатынасы; дастарқан басында, қонаққа барған кезде немесе қонақ күту кезінде өздерін қалай ұстау керектігін іс жүзінде көрсете алды. Бір ғана мысал: «Айна» ойынында ата-ананың іс-әрекетін балалары қайталай отырып, бала ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмайтынына; бала үйде не көрсе немесе не естісе соны қайталайтынына көздерін жеткізе білді. Осыған орай ата-аналар өз ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта өз әрекеттерін тәрбиелік мәні бар іспен көрсету керек деген ойларын айтып өтті.

Ал, бұл сабақ маған не берді дегенге келетін болсам, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктері мен тиімді тұстарын ата-аналар жіті түсіне бермеуші еді. Сабақ барысында әдіс-тәсілдердің тиімділігі балаға берілген тапсырманы жеңіл қабылдай алатынын, өмірде қолдана алумен қатар уақытты тиімді қолдануға болатынын атай отырып, ата-аналар тарапынан қолдауға болдым.

Қорытындылай келгенде әр сабақта оқу мақсатына жету үшін тиімді әдістерді қолдана білу мен мұғалімнің педагогикалық шеберлігі ұштасып отыруы қажет. Баланың сын тұрғысынан ойлауына жол ашу, алған білімдерін өмірде қолдана білу үшін оқу мен тәрбие процесінде тиімді әдіс-тәсілдерді көптеп дамыту болып табылады.

Білімді ұрпақ-кемел болашақтың  кепілі. Олай болса, білімді ұрпақ тәрбиелеуде  талмай  еңбек етіп, ізденіп, заман талабына сай әдістермен қаруланған, заманауи технологияларды меңгерген  мұғалім ғана  жас ұрпаққа  қажетінше білім мен тәрбие бере алады.

Досанова  Мадина  Қуандыққызы

ОҚО Ордабасы ауданы

А.Шерімқұлов атындағы жом

бастауыш сынып мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.