Home » Балабақша » Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығады

Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығады

Шериева Жайна Мұратбайқызы

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылы

ЖШС «Рауан» балабақшасының тәрбиешісі

Мақсаты: 1. Бүлдіршіндерге Білім күні мерекесінің мән-мағынасын ұғындыру; 2. Сахналық мәдениетін қалыптастыру; 3. Мерекелік көңіл-күй сыйлау.

І. «Көңілді балалар» биі орындалады.
ІІ. Ән «Күмбірле, қоңырау»
Ортаға тәрбиеші мен «Еркетай» ортаңғы топтың бүлдіршіні шығады.

Бала: Балабақша есігін,
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай  өсіріп,
Мәпелейді бақшамыз.
Бұл — екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз осы үйдің гүліміз,
Біз осы үйдің сәніміз.
Тәрбиеші: Қош келдіңіздер, құрметті ата — аналар, балалар, барша қонақтар! Бүгін 1-қыркүйек — білім күні. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Биіктерге бастайтын асқаралы,
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні.
Мерекеде бәріміз бір дауыспен,
Шырқайық бақшамыздың әнұранын!
Балабақша әнұраны.
Тәрбиеші: Бүгінгі білім күні мерекесімен құттықтау құрметі ЖШС«Рауан» балабақшасының директоры  Ж.Г. Жапароваға ұсынылады.
Құттықтау сөз:

Тәрбиеші: Білім бастауы — балабақшада. Ендеше бүгінгі мерекеде тағы бір
әнімізді балабақшамызға арнайық!
Ән  «Бақытты баламыз».
Тәрбиеші:
Енді, біздің балалардың білім алудың маңызына байланысты айтарларын тыңдап көріңіздер..
Білім керек бәріне! Ф. Оңғарсынова
Корабльді басқарып,
Көк жүзіне самғасам.
Тауды бұзып, тас жарып,
Мұхиттарды жалғасам.
Таңдандырар бар елді,
Ғажап үйлер сала алсам.
Жасартатын әжемді,
Дәрі де ойлап таба алсам….
Сырлары көп ғылымның,
Шешілмеген әлі де.
Тереңдігі білімнің,
Керек екен бәріне!
«Білім» М. Ибраемова
Білім — менің ертеңім,
Өсу үшін өркенім.
Жүзем оқу – айдында,
Жайып білім желкенін.
Қиындықтан өтуге,
Армандарға жетуге.
Білім алам ерінбей,
Еліме қызмет етуге!
Тәрбиеші: Жарайсыңдар. Өнерлерің өрге жүзсін! Бүлдіршіндеріміздің өнер,

білім үйреткен, сүйікті балабақшаға арнаған кезекті бір әніне кезек берейік.

Ән «Балабақшам — бақұям»
Тәрбиеші: Жаңа оқу жылын қоңыраудың сыңғырымен бастау — жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан қалыптасқан дәстүр. Ендеше биылғы 2015 — 2016 оқу жылының қоңырауын қағуды кішкентай бүлдіршініміз Жарасұлы Нұрасқа ұсынамыз!

Алғашқы қоңырау соғу салтанаты.
Тәрбиеші:

Шырылдаған тыным алмай,
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам,
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы,
Ғалымдық та асқаралы.
Бар білімнің нұр бастауы —
Балабақшадан басталады!
Бүгінгі мерекелік ертеңгілігіміз осымен ақталды. Назар салып тамашалағандарыңыз үшін көп рахмет! Баршаңызды балабақшамыздың білім бағына шақырамыз!

Ән «Күмбірле қоңырау»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.