Home » Білім және тұлға » Білімді басшы —  білікті маман

Білімді басшы —  білікті маман

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін нәрсе – білім» — деп  М. Әуезов айтпақшы адамзатқа ең бірінші білім керек. Бүгінгі таңда еліміздегі  білім саласындағы жаңа бағдарламалар мен өзгерістер озық технологияларды меңгерумен қатар ұлт болашағының дамуына бағытталған.

ХХІ ғасыр – білімдінің заманы. Білімділік – бәсекелестікті туындатады. Бәсекелестік – қабілеттіліктің бастауы, ал қабілеттілік – жаңашылдық жаршысы. Осы ретте, Қызылорда облысы, Арал қаласындағы  № 71 орта мектептің директоры Әбілбаев Әліби Әбілбайұлымен білім саласындағы жаңа бағыттар мен жаңартылған білім беру бағдарламасының орындалуы жөнінде сұқбаттасқан едік.

  • Ең алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз ?

 Мен 1985 жылы Арал қаласында туылып, қаладағы № 62 орта мектебін 2003 жылы бітірдім. 2008 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетін «Ақпараттық жүйелер және технологиялар» факультетінің «Математика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Еңбек жолына келер болсам осы кезеңге дейін ОҚО № 1 Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында, Т.Рысқұлов атындағы №25 гуманитарлық-этнопедагогикалық мектеп-гимназиясында информатика пәні мұғалімі, Арал аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметтерін атқардым. 2011 жылдан бастап осы №71 орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап осы мектепте директор қызметін атқарып келемін.

  • Әліби Әбілбайұлы Сіздің ойыңызша қазіргі мектеп қандай болу керек деп ойлайсыз?

 Өнім шығаратын зауыттың өнімі қаншалықты сапалы болса, соншалықты зауыттың да пайдасы мол болары анық. Қандай мектеп болмасын  білімді оқушы тәрбиелеуді мақсат тұтары анық. Бірақ біз оқушыларға пән бойынша  мектеп бағдарламасын меңгертумен ғана шектелмеуіміз қажет. Жақында бір әлеуметтік желіден оқыдым. Қытай үкіметін әлемге танымал өнертапқыштар — Билл Гейтстің, Стив Джобс, Илон Маск, Марк Цукербергтердің барлығы неліктен Америка елінен шыққандығы алаңдатады және соны анықтау үшін осы тұлғалардың өмірбаянына үңіледі екен. Сонда олар атақты өнертапқыштардың жас кезінде фантастикалық шығармаларды көп оқығандығын байқаған екен. Яғни оқушы қиялын шарықтату. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнының да мақсаты осы, яғни оқушыларға сыни тұрғыда ойлауды жетілдіру. Біз ұстаздар осы мәселені тиімді ұйымдастыру қажетпіз.
Канаданың Торонто қаласында Ережесіз мектеп деген қызық оқу орны бар екен. Ол жерде оқушыларға қатысты ешқандай ереже жоқ. Яғни оқушы ешқандай  ережеге бағынбайды, мұғалімнің айтқанын да тыңдамауы мүмкін. Үйге тапсырма берілмейді, оқушылар қандай сабаққа қатысқылары келетінін өздері біледі. Сол жерде білім беретін мұғалімдер қандай болу керек деп ойлайсыз? Яғни мұғалімдер оқушылардың білім алуы үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл қазіргі заманның, қоғамның талабының бір көрінісі. Біз де мұғалімдерге білім беру деген сатушының қолындағы тауар тәрізді екендігін түсіндіруге тырысып жұмыс жасаймыз. Тауарды ұсынушы – мұғалім, өз тауарының сапалылығын, өтімділігін ұйымдастыру қажет болса, сатып алушы — оқушы мен ата-ана, әрдайым кез-келген талап қоя алады деген сөз. Алдағы жылдарда енгізілетін білім беруді жан-басына қаржыландыру мәселесі де осыны айғақтайды. Келешек ата-ана мен оқушы мектептің сапасына қарап таңдау жасайды, ал әр мектеп өздері беретін білімнің сапалылығына жауапты болады және бәсекелеседі деген сөз.

  • Сіз басқарып отырған мектепте  білім беруде  қандай ерекшеліктер бар?

Мұғалімдерге оқушыларды қызықтырып оқытуды ұсынамыз. Білімді қинап беруге болмайды, қызықтырып беру қажет. Мысалы, былтыр мектеп оқушыларына жыл бойына «Білім бәйгесін» ұйымдастырдық. Бәйгеге ноутбук, планшет, смартфон тәрізді бағалы сыйлықтарды тіктік. Сонда оқушылардың бір-бірімен жарысып оқығандарын, ата-аналардың балаларының білімдеріне алаңдаушылық білдіргендерін байқадық. Биыл да бәйге жалғасын тауып, барлығын озып шыққан 3 оқушыға велосипедтер сыйға тартылмақшы. Бағалы сыйлықтар демеушілер есебінен ұйымдастырылады және жыл қорытындысымен 25 мамырда беріледі.
Оқушылардың бейіні, пәнге қызығушылығын анықтау, мамандық таңдау бойынша жұмыстарды 5 сыныптардан бастау керек деп есептеймін. Біз 5 сынып оқушыларынан бастап барлық оқушылардан сауалнама, әңгімелесу, сабақ үлгеріміне талдау жасау, сабақтарына қатысу арқылы әр оқушының қандай пәндерге қызығатындығын, неге қабілеті бар екендігін анықтадық. Егер жаратылыстану пәндерінен жақсы оқушы сол пәндер бойынша 5 сыныптан үйірмелерге қатысып, кейін 8 сыныптан бастап олимпиадаларға дайындалып, сол өзі жақсы білетін, өзі қалаған пәнінен ғылыми жобалармен айналысса және 11 сыныпта ҰБТ тапсырғанда сол пәндерді таңдаса, ол оқушы сөзсіз жақсы балл жинайды, оқуға түседі, өзі мамандығының иесі болады деп ойлаймын. Және біз осы бағытта жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Қазір ҰБТ-ға дайындықтағы сынақ тестілеулерде оқушыларымыз жоғары балл жинап жүр.

Сабыр Адайдың «Әр қазақ  — менің жалғызым» деген жақсы сөзі бар. Сол сияқты біз де «Әр шәкірт – менің жұлдызым» деген сөзді басты ұран етіп, оқушылардың тұлға қалыптастыру мақсатында жан-дүниесіне үңіле отырып жұмыс жасаймыз

  • Мұғалім мәртебесі туралы не айтасыз

Әрине қоғам бойынша ұстаздың өз мәртебесі болу қажет. Қазіргі таңда жылдан жылға мұғалімдердің жағдайы мен мәртебесі назарға алынып келе жатқаны белгілі. Дегенмен ұстаздың мәртебесі мұғалімнің өзіне байланысты. Білімді, тәжірибесі мол ұстаздың оқушы алдында да, ата-ана алдында да, қоғам алдында да мәртебесі биік болады.

Білім беру заңында мектепті басқару демократиялық үлгіде болу қажет делінген. Барлық педагог кадрлармен теңдей дәрежеде сөйлесемін, барынша жағдайларын түсінуге тырысамын. Мектеп әкімшілігі басқаруда көбінесе жазалау, талап ету қағидасы емес, үйрету, көрсету, үлгі болу қағидаттарын ұстанамыз.

  • Үш тілде оқытуға көзқарасыңыз қандай?

Қазіргі қоғамда осыған байланысты сан-алуан пікірлер бар. Көбісі жас балаларға қиынға соғады деп алаңдап, білім министрінен бастап барлық шенділерге көңілдері толмай жататынын  көріп жүрміз. Бірақ осы үш тілде білім беру мәселесі сонау 2010 жылдары 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасына енгізіліп қойылғандығын, соңғы  жылдарда жоспар бойынша қолданысқа енгізіліп жатырғандығын біле бермейді. Яғни, кім министр болғанда да осы өзгерістер енгізілетіні анық. Тек мәселе қалай енгізілуінде. Әрине, ағылшын, орыс тілдерін білу, үйрену өте қажет екендігін барлығымыз білеміз. Білімнің атасы саналатын Ыбырай Алтынсарин атамыздың қазақ даласында алғаш ұстаздықты бастағанда неліктен балаларға орыс тілін үйреткендігі айтпаса да түсінікті.

1,2 сыныптарға орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беретін мұғалімдермен осы мәселе туралы сөйлескенімде оқушыларға сабақтар қиынға соқпай жатырғандығын айтты. Кейін сабақтарына да қатысып көрдім. Бағдарламада оқушыларға тілдік ережелер сияқты қиын мәселелер емес, заттардың аты, түрі-түсі сияқты оңай дағдылар үйретіледі және жазу-сызу емес түрлі түсті суреттермен ойын сабақтар түрінде өтіледі екен.
Сенбі күн сайын ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері өз еріктерімен ағылшын тілін үйрену курсын жүргізеді. Мұғалімдер мен мектеп  әкімшілігі қызметкерлері қызығушылықпен қатысуда.

  • Әңгімеңізге көп-көп рахмет Әліби Әбілбайұлы. Еңбектеріңізге шығармашылық табыс, алдағы уақытта биік белестерден көріне беріңіздер. Рахмет.

 

 

                                                                                                                    Анар Елеусізқызы
Білім айнасы
Қызылорда облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.