«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша
«Түсі жылыдан түңілме» деп дана халқымыздың қалт айтпағанына тағы да бір рет көзім жетті. Стереотипті көзқарас. Десек те қабылдау бөлмесіндегі түсі жылы директормен кездесіп, танысу барысында қарама-қарсы отырған жанның тек ұлағатты ұстаз ғана емес, білікті басшы, адал жар, мейірімді ана әрі отаншыл тұлға екендігіне қуанып, оның мәртебесін көтеруді мақсат тұттым.
Қадірменді оқырман, кейіпкеріміз Рысбаева Ардақ Әбдірақымбайқызы Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы әкімдігінің №23 орта мектебінің директоры. Білікті ұстаз әрі мәртебелі басшы туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз!
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Рысбаева Ардақ Әбдірақымбайқызы туралы сөз қозғасақ, ол Тараз қаласындағы №23 мектептің директорлығы қызметінде, жоғары санатты химия пәнінің мұғалімі, 1983 жылы Қазақстан еңбек қызыл ту ордені Абай атындағы педагогикалық институтында жаратылыстану факультеті, «химия-биология» бөлімін үздік дипломмен тәмамдады. Еңбек жолын жоғары оқу орнын бітірген жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы А.С. Пушкин атындағы мектептен бастады. Бірнеше жылдан соң Кеңес ауылының орта мектебіне оқу ісінің орынбасары ретінде тағайындалды.
1989 жылы отбасылық жағдаймен Жамбыл облысы Талас ауданына көшіп, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып қызмет істейді. Бір жылдан кейін әдістемелік ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін адал атқарып, уақыт өте келе Ақкөл ауылындағы орыс мектебіне химия пәнінің мұғаліміне қажеттілік туындаған соң, аталған білім ошағына «химия» пәнінің ұстазы ретінде жұмысқа орналасады.
Зымырап уақыт өтті… Кейіпкеріміз мейірімді ана ретінде балаларының болашағы үшін отбасымен Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына қоныс аударады. Ал, оның ежелгі шаһардағы алғашқы жұмыс орны — №30 мектептегі химия пәнінің ұстазының қызметі. Көкірек көзі ояу ұстаз шәкірттеріне ерекше ден қойып, жақсы нәтижеге жетеді. Яғни оның оқушысы Болатхан Жансая химия пәні бойынша олимпиададан Тараз қаласында бірінші орын алады. Аз ғана уақыттың ішінде баланы оқытуда жоғары көрсеткіштерге жеткен ұстазды Б. Момышұлы атындағы Тараз қаласының №45 қазақ классикалық мектеп-гимназиясының директоры Айман Садыққызы химия пәнінің мұғалімі ретінде қызметке шақырады. Арасында №43 мектепте де екі жылдай уақыт ұстаздық етеді. Міне, содан кейін Мұқағали Мақатаев атындағы №14 мектепте оқу-әдістемелік ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарып, қоғамдағы әлеуметтік орны қалыптасады. Жалпылама мықты тұлға ретінде 2012 жылы 7 наурызында Тараз қаласының Білім бөлімінің басшысы тарихы терең №23 орта мектептің директорлығының тізгінін А.Ә. Рысбаеваға ұстатты.
Міне, бүгінде 50 жылдық тарихы бар білім ошағын Ардақ Әбдірақымбайқызы басқарғалы бақандай 5 жыл өтті, мектептің жетістіктері ұшан-теңіз. «Бұл мектепке келмей тұрған кезде ҰБТ-ның нәтижесі бойынша аталған білім ордасы артқы жағынан салыстырғанда, өкінішке орай, алғашқы үштікте екен. Ал қазіргі кезде ҰБТ-қорытындысы бойынша 25 орынға тұрақтадық. «Алтын белгі» иегеріміз Атырау университетінің грантын жеңіп алды. Биылғы жылы 22 бала ҰБТ тапсырып, оның 12-сі мемлекеттік грантқа ие болды, бұл біздің орта мектеп үшін жақсы жетістік деп ойлаймын. Әріптестерім туралы айтар болсақ, жақсы әрі көшбасшы мұғалімдер деңгейлік курстарды бітірген. Ал өзім Алматыда 9 айлық курсты тәмамдадым. Жалпы, жаңартылған бағдарлама бойынша ұстаздардың 80 пайызы біліктілігін арттырды. Биолог, химиктеріміз ағылшын тілін үйренуде», — деп кейіпкеріміз аталған мектептің жетістіктерін қысқа да нұсқа айта кетті.
Осы орайда дарынды басшыдан үш тілділік, латын қарпі, жалпы жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту туралы жеке пікірін сұрастырған едік. Ол: «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың, ал үшінші тілді білу еш артық болмайды, өйткені білім-ғылымның жаңалықтары ағылшын тілінде жазылған. Көштен қалмауымыз қажет, бұл қазіргі қоғамның талабы. Жаратылыстану пәндерінің ұстаздары оқушыларға білім мен ғылымды ағылшын тілінде үйретіп жатсақ парызымызға қарыз болмаймыз. Ұлы Абай Құнанбайұлы айтқандай, балалардың дүниеге кірпіш болып қалануы үшін біз барлық жағдайларды жасауымыз керек. Өйткені біздің қоғамда бәсекелестік пен теңдік қалыптасқан. Ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан әлдебір мекемені қабілетті адамның басқаруына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті факторлар қалыптасып жатыр. Сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдаймын. Латын қарпіне көшу де үлкен әрі жауапкершілігі мол бастама.
Әрине, біздің қоғамда ұстаздыққа білімсіз, қамшылап келіп қалғандар баршылық. Өкінішке орай, олар көшке ілескісі келмейді, рухани жаңғыру дегенді түсінбейтін консерваторлар. Тегінде олар жасқа да қарамайды. Мәселен, жастардың арасындағы ескі көзқарастағы азаматтар қоғамға еш пайда әкелмейді. Міне, мұндай адамдарға қоғамдық мекемелерде орын жоқ, мұндай азаматтар өздерінің орындарын босатуы керек!» — деп нақты әрі мағыналы пікір білдірді, қоғамда түсінбестікпен туындап жатқан түйткілдің түйінін шешіп, ұсыныс айтты.
Иә, директорлық қызметтің өз қиындығы мен жауапкершілігі бар, өйткені директор – мектеп атты кемені басқарушы. 1996 жылы Талас ауданының «Жыл мұғалімі», 1997 жылы Жамбыл облысындағы «Жыл мұғалімі» байқауынан үшінші орынды иеленген кейіпкеріміз бірнеше жылдан кейін дәл осы және одан басқа да жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгіге лайық деп табылып марапатталған еді. Сонымен қатар, Тараз қаласының 2006 жылғы «Жыл мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі» атанып, химия пәнінің мұғалімдерінің байқауларына қатысып, қалалық жеңімпаз және облыстық үшінші орын иегері атанды. №45 гимназияда химия пәнінің мұғалімі ретінде оның іс-тәжірибеcі бүкіл облысқа таратылды. Осылай «Зерттеуші мұғалім» төсбелгісінің иегері болды. Қалалық 2006 жылғы «Жыл мұғалімі» байқауында оның еңбегін бағалаған Тараз қаласының әкімдігінің Білім бөлімі жаңа пәтердің кілтін табыстады. Әлбетте біздің кейіпкер бұл марапатқа лайық еді, себебі ол сол байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал бүгінгі таңда ол №23 орта мектептің басшылық қызметінде, республикалық «Мәртебелі директор» байқауының жеңімпаздарының бірі. Кеудешеге тағылған әдемі медальдің иесі.
Ұзын сөздің қысқасы, мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, ынталандыру қажет. Себебі мұғалім – ұлы мамандық!
«Құлағдар шығарсыздар, білім саласында Жамбыл облысы Тараз қаласының жетістіктері үлкен. Республикалық байқаулар болсын, олимпиадалар болсын біз ең жетекші орындардың біріндеміз. Жақында осы Тараз қаласының 4 ұстазы «Үздік мұғалім» деген жүлденің жеңімпазы болды. Қазіргі таңда байқаулар өте көп, биылғы оқу жылында мектебіміздің «50 жылдығына» қарсы он мұғаліміміз төсбелгі алды. Оның ішінде алтауы «Үздік мұғалім» деген атаққа лайықты болды. Әрине қоғамдық ұйымдар тағайындап жатқан байқаулар ол да біздің ұстаздарды ынталандырады. Мәртебе демекші, ең әуелі мұғалімдердің айлық жалақысын жоғарылатуы керек. Қағазбастылық өте көп, тексеріс өте көп болғанымен Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы, қалалық Білім бөлімінің басшысының жұмыс жасау үдерісі өзгеріп, әдістемелік көмек көрсетуде қол ұшын созды. Жасыратыны жоқ, бұрын кемшілікті тағайындап айтып жататын білім басқармалары мен білім бөлімдері бүгінгі таңда көп көмек көрсетіп жатыр», — деп мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, мәртебесін көтеруде де біраз атқарылар қызметтің мәселесін қарастырды.
Иә, кейіпкеріміздің айтар сөзі көп. Сөзі орынды, ісіне сай, өйткені оның нақты өмірлік ұстанымы бар. Осы орайда кейіпкеріміз: «Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет дегендей, осындай ұлы қызметке тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам, өзімді бақытты деп санар едім, — дейді ұлағатты ұстаз. — Отбасымда төрт баланың анасымын, Олардың барлығы өз орнын тауып, төрт немере көз қуанышымызға айналды. Жолдасым да Бауыржан Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназия-мектебінде дене тәрбиесінен сабақ береді. Аллаға шүкір дейміз!» — деген еді.
Ал әріптесі әрі директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Курдюкова Галина Николаевна: «Ардақ Әбдірақымбайқызы – дарынды ұстаз, ол көп жылдар бойы биік белестерді бағындырып жатқан бірнеше ұрпаққа тәрбие мен білім берді. Оның оқушылары – облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпаздары. Басшымыздың сабақ беру үдерісіне келсек, жаңа бағдарламамен сәйкес химия пәнінің дәрісі шығармашылық пен жаңашылдыққа толы. Сонымен қатар, ол – директор ретінде өте әділ әрі әдіс-тәсілдері мықты жетекші. Мектеп ұжымы жұмысы жемісті болуы үшін, тиісті шешімдерді дәл уақытында қабылдай алады», — деп кейіпкеріміз жайлы жақсы мінездеме берді.
№23 мектепке қабылданған балалардың ата-аналары да шексіз алғыстарын директор мен мұғалімдерге жаудыруда, себебі мұнда тәрбие мен білім қатар жүреді. «Балаларымыз инабатты, ақылды, сондықтан да ата-аналардың атынан мұғалімдер мен басшылыққа көп рахмет айтқым келеді!» — дейді салиқалы ана Айжан Ошақбайқызы.
Қорыта айтқанда, білім саласында көптеген реформалар жүзеге асырылып, сапамен жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – үміт артар жастарымыздың сапалы білім алуы, бәсекеге қабілетті қоғамның толыққанды мүшесін қалыптастыру. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзге сүйене отырып, қай мектепте болмасын өзінің ұстаздығымен дарынды әрі қабілетті жастардың, әріптестерінің көкірек көзінің ашылуына қолғабыс болған қайырымды жан. Рухани әрі әдістемелік көмек көрсете білген білікті әрі мәртебелі басшы. Құсаинова Майра, Абдрахман Әсел, Мұстахан Әсел, Диас Жандарбеков, Ерлан Жүніс, Жансая Болатхан сынды шәкірттерімен, мектеп ұжымымен кейіпкеріміз Ардақ Әбдірақымбайқызы әрқашан мақтанады!
Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім Айнасы» газеті
Тараз қаласы