Home » Балабақша » Бөбектер өнерімен тәнті еткен мереке

Бөбектер өнерімен тәнті еткен мереке

2017 жыл күз мезгілінің екінші айында Астана қаласының сол жақ жағалауында орналасқан №56 «Береке» балабақшасының бүлдіршіндері жаз бен қыстың арасындағы табиғаттың таңғажайып өзгерісін өздерінше бақылап, қоңыр күздің құбылысын жан-жақты зерттеп, түсінгендерін әртүрлі бағытта топ тәрбиешілері мен жетекшілердің басқаруымен жеткізуді бастап кетті. Оның бірі бүгін, 25 қазан, мектепке даярлық «Қарлығаш» тобы тәрбиешісі Асқар Жұмагүл «Құстар кетті қайтып» деген атаумен алтын күзді қызықты ертегілермен бастады. Өз деңгейлеріне арқау болған ертегі анықтамасын берсек. Ертегі – ол, тәрбиелік әрі көркем-эстетик әдеби қазына. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау десек, дәл осы жанрды таңдаған «Қарлығаш» тобы расында да мектепке дайын екендерін дәлелдеп берді. Себебі, бұл іс-шараға келген ата-аналар мен қонақтар алдында өз ойларын, тақпақтарын, іс-қимылдарын емін-еркін жеткізе алғандары сырттан келген бізге де таңқаларлық қуаныш сыйлады. Ата-аналар да балаларын тәрбиелеп отырған балабақша ұжымына айтар алғыстарын жасырмады. Әрине, мұндай пікір қалыптастыра алғанын «Береке» балабақшасының меңгерушісі мен ұйым ұжымының еңбек жемісі деп білеміз.

         №56 «Береке» балабақшасының меңгерушісі Алипбаева Гүлсім Әзімжанқызы: «Біздің күз мезгіліне арналған әрі дәстүрге айналған мерекелік кешіміздің бірі — бүгінгі «Қарлығаш» тобы мен жетекшілері ұйымдастырған іс-шара көңілді де қызықты өтті. Себебі, көз алдымызда өскен балапандар кеше ғана былдырлап сөйлеп келген болса, бүгін мектепке дейінгі балалар болып,
көлеміне қарамастан тақпақтары мен ертегілерін жаңылмай, тіпті жүргізушілік сөздерін де мүдірмей жеткізе білді. Әрине, бұл тәрбиешілердің ұйымдастыру қабілетіне, санатына, іс-тәжірибесіне, еңбек өтіліміне байланысты».

Әуелі музыка жетекшісі Серікбаева Әйгерім Сағынғанқызының басқаруымен «Күз келді» әніне бүлдіршіндер «Аққу» биін билеп көңілдерін баулап алды.

Қандай ақын, жазушы, суретшіні алсақ та барлығы жылдың осы мезгілін көркем суреттеген. Сол ақындар сипаттаған күзді тілге тиек болған балабақша балалары жатқа жарыса айтты.

Ендеше, балалар ұсынған ертегіні сурет желісімен жеткізіп көрейік.

  

   

Назар салсаңыз, әртүрлі құстар кейіпті балалардың «Құстар кетті қайтып» атты көрінісін зор ынтамен ойнап шықты. Тіпті, тәрбиешілері ымдап әуреге түсіп жатпағанын көріп, Асқар Жұмагүлдің еңбектік тәжірбиесіне жоғары баға бердік. Ал, іс-шараның ерекшелігі – ертегінің тізбегінде күз құбылысын халқымыз құстардың ұшуы, қонуы, келуіне қарап ауа райын болжағанын айта отырып, ойындар, құстар туралы мақал-мәтелдердің қамтылғандығы.

     Келесі кезекті тақпақтар мен билерді тамашалап, жетекшілердің, әсіресе, би жетекшісі Альжанова Динара Тендікқызының тақырыпты ашатындай «Қолшатыр» биін шеберлігімен билете білгенін айтпай кетуге болмас. Себебі, бала тәрбиесіндегі күрделі процессті барлық балабақша мамандары үлкен жауапкершілікпен атқара отырып алтын уақыттарының заяға кетпей, жоғары бағаланғанын қалар еді. Қорытынды бөлімінде балалар Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» тебірене шырқады.

Айналамызды сары кілем жапқан алтын күзге арналған кешті мекеме басшысы Алипбаева Гүлсім Әзімжанқызы топтың балалары мен тәрбиешілеріне өте риза болып, дайындықтарын жоғары бағалап, рақметін ата-ана тарапына мақтап та мақтана айтумен аяқтады.

 

Мұстафина Жансая Алибекқызы

Білім айнасы

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.