Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы ұстазсыз инновациялық экономика құра алмаймыз» деп атап көрсеткен. Яғни, осы заманғы ұстаз – озық тұлғалы болып, бала оқытуда бар күш-жігерін аянбай, өзін-өзі барлық қырынан жетілдіре білуі керек. Ал мұғалімдердің шеберлігін арттыру және дамыту үшін біліктілікті арттыру курстарынан өткізу керек деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары бағдарламасы мұны басты міндет етіп қойып отырғаны бәрімізге белгілі. Бұл курстарда ұстаздар оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерімен танысып, тәжірибе алмасады. 12 ақпан мен 9 наурыз аралығында біліктілігімді арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында ағылшын тілі пәнін оқыту» бағдарламасы бойынша курсқа қатыстым. Курста көптеген оқу стратегияларын, ағылшын тілін үйретуде әртүрлі әдіс-тәсілдерді үйреніп, оны тәжірибеде қолдана білуді егжей-тегжейлі меңгердім. Әріптестерімізбен тәжірибе алмаса отырып, қысқа мерзімді жоспар құрастыруды, төрт дағды бойынша оқып үйреніп, аудармасыз оқытудың тәсілдерін, крийтериалды бағалауды, топтағы бағалауды өте терең меңгеріп, түрлі әдістер арқылы топқа бөлудің түрлерімен, сонымен қатар, кері байланыстың түрлерімен танысып және өзімізге рефлексия жасауды үйреніп, педагогикалық біліктілігімізді арттырдық. Әр сабағымыз қызықты, мазмұнды өтті. Білім алудан еш жалықпадық. Курс соңында қысқа мерзімді жоспармен құрылған сабағымызды сәтті қорғап шықтық. Бізді бағдарламаның қыр-сырымен терең таныстырып, өз тәжірибесімен бөліскен тренер Айман Мұханбетқызы Қараеваға алғысым шексіз.
Осы курстан үйренген тиімді әдіс-тәсілдерімізді сабақта қолданысқа енгізсек, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын қалыптастыруға көп ықпал етеміз. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, қазіргі таңда жолымды қуып, ағылшын тілін сүйіп оқитын, аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шәкірттерім бар. Ерекше шәкіртім 9-сынып оқушысы Қашаған Әсемнің ағылшын тіліне қызығушылығы өте жоғары. Болашақта ағылшын тілін жетік меңгерген маман болатынына кәміл сенемін. Ұстаздық өмірдің қызығы мен шыжығын, ащысы мен тұщысын, әуресі мен сәулесін көріп келемін, бірақ ешқашан ұстаздық етуден жалықпаймын.
Рыскүл ОРАЗОВА,
Мұнайлы ауданы.
№2 орта мектептің мұғалімі