Home » Мақалалар » БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ІЗДЕНІСТЕР

БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ІЗДЕНІСТЕР

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім»,-деген болатын. Міне осыған орай, ел Президентінің халыққа ұсынған Жолдаулары мен Ұлт жоспарынан туындаған басты тапсырмалардың бірі – елімізде жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру. Онда «Барлық әлем сияқты Қазақстан да жаңа білім беру әдістеріне көшуі керек» деген келелі ойынан Қазақстан білім беру үдерісіне білім сапасын өзгертудің өзекті мәселелерінің бірі – жаңартылған білім бағдарламасының енуі қолға алынды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай болашақ ұрпақтың жан-жақты құзыреттілігін қалыптастыратын өзекті бағдарлама.

Өмір өзгерістерге толы, күннен күнге жаңа идеялар пайда болуда, толықтырылуда, жетілдірілуде. Педагогтардың дәстүрлі білім беру жүйесімен алған білімдері, бүгінгі таңдағы жаңашылдыққа, өзгерістерге лайық, қарқынды, оқытудың жаңа технологиялары мен ХХІ ғасырдың әдіс-тәсілдерін меңгерген болуға тиіс.

Білім мен тәрбие беру жүйесіндегі өзгерістер мен талаптарды басшылыққа ала отырып, облыс педагогтарымен бірлескен, ынтымақтасты жұмыстар жоспарға сай жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі талап педагогтардың кәсіптік жаңашылдық қызметі мен әдістемелік бағыттағы жұмыстарын жетілдіруді, өмірдегі өзгерістерге сай біліктілігін көтеруді, кәсіптік тұлғасын қалыптастыруды, сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар сапасын көтеруге ықпал етуді, педагогикалық қоғамдық қызметінің белсенділігін арттыруды қажет етеді.

Педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары негізінен төмендегідей бағыттарда жүргізіледі:

  1. Мұғалімнің кәсіптік құзіреттілігін қалыптастыру, өз жұмысының түпкі нәтижесі үшін оқу үрдісін шығармашылықпен жүргізу;
  2. Білім мен тәрбие беру барысында мұғалімнің зерттеушілік қызметін күшейту, өз пәнін жетік білу, үздіксіз білім алу, оқу, кәсіби шеберлік деңгейін көтеруді талап ету.

Мұндай сападан көріну әрине мұғалімнің өз жауапкершілігі мен ұмтылысына, қабілет-қарымына байланысты деуге болады. Педагогтарға қойылып отырған талаптар мен сұралып отырған қажеттілікке орай, бүгінгі жаңа формация педагогы мына бағыттарда өз деңгейін көтеруі қажет:

  • педагогикалық-психологиялық деңгейін көтеру;
  • оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын, әдістемелер мен тәсілдерді зерттеп, меңгеру, оны жұмыс барысында қолдана білуі;
  • өз білімін көтеруге, шығармашылық жұмыс атқаруға ынталандыру, педагогтарды жаңалықпен қамтамасыз ету;
  • авторлық бағдарламалар, курстар, әдістемелік құралдар, мақалалар дайындап, ізденістер жасауға ұмтылдыру, қолдау көрсету.

Филиал қызметінде қазіргі уақытта сапаға көңіл бөлініп, жаңашылдық басымдылығы күшейтілген. Облыс педагогтарына жаңарған және жаңартылған білім беру модульді бағдарламалармен жұмыс жүргізіледі. Әзірлемелердің модульдік тәсілі курстардың мазмұнының жаңаруының тиімді жолы.

Курс бағдарламасының барлық модульдерінде белсенді оқыту әдістерін қолдану қарастырылған. Бағдарламаларда басымдылық негізінен тыңдаушыларды оқытудың тәжірибелік бөліміне беріліп, аудиторияда өткізетін тәжірибелік сабақтармен  қатар жаңашыл, тыңдаушыларға бірлескен көшпелі тәжірибелік сабақтарды (КТС) көрсетерлік тәжірибесі мен шығармашыл педагогтары бар базалық жалпы білім беретін мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарда, балабақшаларда, мектеп-интернаттарда өткізіледі.

Курс тыңдаушыларымен ынтымақтасты байланыс орнату мақсатында желілік қауымдастық жұмыстары жолға қойылған. Облыс педагогтарын қолдау бағытында филиалдың жедел іс-шаралар жоспары жасақталған. Онда халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен әдістемелік семинарлар, дөңгелек үстелде пікірлесу алаңдары, шебер сыныптар мен оқыту семинарлары, озат тәжірибені тарату жұмыстары бойынша шаралар жоспарланған. Іссапар шығындарын үнемдеу мақсатында шаралардың 50 пайызға жуығы онлайн режимінде өткізіледі.

Аталған шараларда іс-тәжірибесімен бөліскен ұстаздарға арнайы үлгідегі сертификаттар беріледі.

Облыс педагогтарының кәсіби біліктіліктерін арттыру бағытындағы курстар мен курсаралық шаралардан кейін оң нәтиженің болғандығын айта кеткен жөн. Мәселен:

  • Педагогтардың кәсіби-әдістемелік сауаттылықтарының артуы;
  • Шығармашылық белсенділіктерінің жоғарылауы;
  • Үштұғырлы тіл мәселесіне оң көзқарастың айқындалуы;
  • Халықаралық, Республикалық, облыстық конференция, семинарларға қатысуға ұмтылыстарының көтерілуі;
  • Оқушыларының да белсенділіктерінің артуы, нәтижелі көрсеткіштерінің жоғарылауы;
  • Желілік қоғамдастық аясындағы іс шаралар мазмұнына қызығушылықпен қарауы;
  • Әр түрлі мазмұндағы, ойлануға, қолдануға мүмкіндігі жоғары ресурстарды коучтармен талқылай алуы, ұсынуы;
  • Мұғалімдер арасында көшбасшылықтың қалыптасуы, сапалы жұмыстар атқарылуы;
  • Интернет сайт ашып, өз тәжірибелерін таратуы, әріптестердің пікірін алу, үнемі әріптестік байланыста болу мүмкіндігі;
  • Педагогтардың әдістемелік талқылаулар, зерттеулер жасай білуі, кәсіби деңгейлерін көтере білуі.

Филиалдың профессор-оқытушылар құрамымен бірлесе отырып, инновациялық дамуын ғылыми-әдістемелік қолдау, біліктілік арттыру жүйесінде оқу әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру бойынша отандық және шетелдік тәжірибе туралы ақпаратты талдау және жинақтау жұмыстарын жүргізе отырып, өзгермелі қоғамға лайық кәсіби мамандарды қалыптастырып, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстар атқарыла береді.

Исмурзина Гүлнара Базарбайқызы

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша ПҚБАИ  бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.