Home » Абайтану » Біле жүріңіз

Біле жүріңіз

Абай əкесі Құнанбайдың тірі кезінде Найман ішіндегі Ұлан- Бұлаңның асына туыстарына басшы болып барса керек. Тобықтыларға бөлінген үйге Абай бастап кіргенде, тіркестіріп тіккен киіз үйдің біріншісінде бір келбетті қарт отырған екен.
Абай ізетпен сəлем беріпті. Қарт:
— Құнекеңнің Абайы сенсің ғой қарағым, көрсем деп ем, көрдім. Сəлеміңе рахмет! Алла разы болсын! Мына бір сөзге мойын бұршы. «Садақтың оғы», «аттың жалы», «түйенің қомы» деген бар ғой. Сен шешу айтпасаң, ешкім айтпай жүр, қарақ — депті. Абай тыңдапты да, еш жауап қатпай, төргі үйге еніп кетіпті. Қарт та қайта сөз өрбітпейді.
Серіктері Абайға:
— Абай- ау, бəріміз бір саған бастатып, сен бар деп сеніп келдік. Əлгі шалдың сөзі не сөз? Жауабы жоқ сөз бе? — дейді.
Абай:
— Ол дауасы жоқ сөз. Дауасын тапсам да оны ұғатын сендер жоқ!.. «Садақтың оғы» дегені — «Тобықты Қалқаманды неге оққа байлап бердің?». «Аттың жалы» дегені — «Кебекті неге ат құйрығына сүйретіп өлтірттің?». «Түйенің қомы» дегені — Қодарды келінімен түйенің қомына дарға тартқаның қалай?» деген сөз емес пе? Дауасыз сөз дегенім сол! Дауасын сендер айтасыңдар ма, əлде?!.
Бір тобықты:
— Біз оны біле қоятын болсақ, бəріміз Абай болмас па ек. Өзің айтсаңшы, Абай.
— Оның дауасын келешек айтады, келешек! — депті Абай.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы

(Естеліктер мұрағатынан)

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.