Home » Балабақша » Бізді қоршаған әлем

Бізді қоршаған әлем

                                                             Таза болса табиғат,

                                                                            Аман болар адамзат.

Ф. Оңғарсынова

         Табиғатта болып жатқан алуан түрлі құбылыстар желісі, алуан түрге енетін әуе кеңістігі, қызылды-жасылды ағаштар жемісі – бәрі-бәрі адам баласын таңқалдыратыны сөзсіз. Міне, адам баласының табиғатты жырлау шеберлігі, табиғатпен сырласуы – осының айғағы. Қалай десек те, табиғаттың күйін, әсемдігін, қазынаға толы қоймасын көрсек жанымыз тойғысыз, жырласақ тіл жеткісіз. Дүниеге жаңа зымырандар, адуынды автомобильдер, тікұшақтар, мықты моторлы қайықтар, роботтар келді. Ғылымдағы озық техниканың жетістігі саналатын мұндай жаңа дүниелер құпияға толы табиғаттан үйренген адам баласының жетістігі екендігі рас. Мысалы, қазіргі тікұшақты инелікке, жүк машинасын қоңызға, ұшақты құсқа, автобусты есекқұртқа, сүңгуір қайықты балыққа, жерді қопарғыш тракторды бұзаубасқа қарап жасалғандығы анық. Жер жүзіндегі жеті кереметке Вавилон бақшасы арқылы үлесін қосқан табиғаттың шеберлігін ұққан адамзат сән өнері, сурет салу, сәулет өнері, шеберлік сынды қасиеттерді бойына дарытқандығы даусыз. Мәселен, өзіміздің әлемге әйгілі суретшіміз Әбілхан Қастеевтен «Сен мұндай өнерді қайдан үйрендің?» — деп сұрағанда: «Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім»-деген екен. Яғни, адамзат өмір бойы барлығын табиғаттан үйренді, үйреніп келеді, үйрене бермек те. Міне, сондықтан да табиғатқа адамзаттың қыруар өлшеусіз қарыздылығы оның табиғат тынысын тазартып, аялай білумен қатар, көркем бейнесін қалпына келтіріп, әлемнің жеті кереметін жетпіс кереметке жеткізумен өлшенбек.

«Таза болса табиғат, аман болар адамзат, табиғат, сен – тіршілік тұнып тұрған, сен – күнсің, көтерілген күліп қырдан, сен – көлсің, сен — ормансың, сен — бұлбұлсың, адамға сұлулықты шын ұқтырған», — деп ақын ағамыз Садықбек Хангелдин жырлағандай, табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені, адамның өзін дүниеге әкелетін аяулы да, қадірлі жан – анасы болса, адамның табиғатты «Ана» деп құрметтеуінде өте үлкен мән жатыр. Адам – табиғаттың бір бөлшегі әрі ғажайып туындысы. Адамның табиғатсыз өмір сүруі мүмкін емес. Себебі, адам өміріне қажетті заттардың барлығын табиғаттан алады.

Сондықтан табиғат пен адамды бөліп қарауға болмайды. Әсіресе, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін табиғатсыз елестету мүмкін емес. Сан ғасырлар бойы халқымыз табиғат аясында көшіп-қонып тіршілік еткен. Табиғаттың сан алуан құпия сырларына үңіліп, өзіндік ой түйген. Сол арқылы табиғат заңдылықтарына үндесіп, бірлікте өмір сүрген. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз өз кәсібін табиғатпен үйлесімді жүргізіп отырған. Табиғатқа аялы алақан, жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық керек екендігіне ерекше мән берген. Табиғат – тылсым дүние, табиғаттың өзі арайлап атқан таң, қызарып батқан күн, жүйіткіген бұйра бұлттар, мың құбылған сағым, жарқыраған әсем жұлдыз, әнші құм, биші қайың секілді құпия сырлы тылсым дүние, жұмбаққа толы ғой шіркін! Сол себепті, табиғат тылсымын түсіне білгендер – бақытты жандар! «Табиғат – біздің дүниетанымымызды қалыптастырушы және басты ұстаз. Адам баласының білім алатын көзі – табиғат. Сол табиғатты бақылау, зерттеу, оны қорыту, сырын шешу қажет».

«Ғаламның ғажайып көркі де сонда, сыры да сонда, мақамы да сонда.., ғылымы да сонда, адамның өмірі де сонда», — деп А. Машанов айтпақшы, тілсіз табиғаттың тылсымын түсініп, оны аялау, қорғау және көркейту – әрбір адамның міндеті әрі борышы. Себебі, табиғат пен адам – егіз.

Біз, жас ұрпақ – табиғаттың қорғаны. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай, қастерлеуіміз керек. Бұл жайында халқымыздың қалдырған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», тағы да басқа ұлағатты сөздері, табиғатқа сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы Табиғат-Анаға қарыздар. Сондықтан да табиғатқа немкетті қарау, онымен санаспау ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Табиғат озбырлықты көтермейді. Оны мәпелеп баптап, мейіріммен аялау арқылы ғана қажетті үлесіңді үзбей ала аласың. Табиғат қазынасын қастерлеген адам ғана ұлы мұратқа жетеді. Өз адамгершілігіннің салмағын өлшегің келсе, табиғаттың сыр сипатын түсіне білуге әрекет жасап көр. Адам – табиғаттың ең сенімді, айнымас досы, қамқоры, қорғаушысы. Туған жеріміздің баға жетпес қазынасын ысырап етпей, еселеп арттыра беру жолында талмай, жалықпай еңбек ету – барлық үлкен-кішінің абырайлы борышы, мүлтіксіз атқаратын міндеті. Табиғат – адам үшін жайлы мекен, барлық игіліктің бастауы. Адамзаттың басты міндеті – табиғи қуат көздерін орнымен пайдалану, табиғат әсемдігін сақтау, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру, мейірімділік нұрын шашу екенін ұмытпайық. «Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді» демекші, барша байлықтың анасы – Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнауынан қазба байлықтарын игеріп ала білу, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру – өз қолымызда.

Жолдасова Карилгаш Армиевна

№16 «Ертегі» балабақшасының директоры

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.