Мәңгілік ел болып қалыптасуда ұрпаққа берілетін алғашқы білімнің баспалдағы – тәрбие десек, жас ұрпақ тәрбиесі барша адамзатты толғандырары хақ. Дүние есігін ашқан әр нәресте өз отбасынан отбасы құндылықтары, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленсе, білім мен тәрбие ошағы — балабақшаларда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады.
Осындай білім ордаларының бірі де бірегейі — мен еңбек ететін «Болашақ» бөбекжай-балабақшасы. Аталмыш балабақша мемлекеттік «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы құрылысы салынып, 2013 жылдың қарашасында нақты іске қосылған болатын. Қазіргі таңда ауданымыздағы 180 отбасының мектепке дейінгі жастағы балаларын тәрбиемен, біліммен қамтамасыз етіп отырған ең үлкен, ең жас әрі ең жаңа балабақша. «Болашақ» балабақшасы педагогтер арқылы өзінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра отырып, егемен еліміздің саналы да сапалы ертеңін тәрбиелеу ісінде үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп келеді. Балабақша қызметкерлері тек балаға бас көз болып қараймыз, сол үшін еңбек ақымызды аламыз деп есептемейді, уақытын босқа өткізбейді, әр үйдің болашағына тәрбие мен білім беріп, жақсыны үйретіп, жаманнан жирентіп «Ойын баласын» «Ойшыл балаға» айналдыруды алдына мақсат еткен жауапты тұлғалар.
Баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 7 жыл оны тәрбиелеу мен оқытудағы ең басты кезең болғандықтан оны ескерусіз өтаізіп алуға болмайды. Баланың болашағы сол кезеңде алған тәрбиесіне өте байланысты. Олай болса адамзаттың рухани және материалдық жағдайы осы кезеңде алған тәрбие негіздеріне тәуелді. Баланың өміріндегі алғашқы қабылданған қуанышты сәттер оның болашақтағы өміріне жағымды бағыт бере отырып, өмір бойы есінде қалады. Сондықтан да, бақшамыздағы тәрбие ісінің негізгі міндеттерінің бірі- балаларды жан-жақты білім мен тәрбие, өнер түрін бойларына дарыта отырып тәрбиелеу болып табылады. Сонымен қатар, аз ғана жылдар ішінде көптеген биіктерді бағындырған, «Мектеп кемесіне» бірнеше саналы бүлдіршіндерді самғатып ұшырған, аудандық, облыстық, республикалық балалар білімі мен шығармашылығынан бірнеше мәрте жеңіспен оралғандар да бақшамыздың мерейін асқақтатып келеді. Атап айтсақ 2015 жылы облыстық «Айгөлек» балалар шығармашылығынан балабақша бүлдіршіндері хореография жанрынан «Варенька» биімен І орын иеленсе, вокал жанры бойынша «Анашым» әнімен ІІ орынға ие болды. Республикаға жолдама алды. 2015жылы аудандық «Айналайын» фестивалінде «Көңілді балалар» биімен жүлделі І орынды еншіледі. «Білім жолымен» балалар олимпиадасына «Ойлан тап» номинациясы бойынша Найзағай Аружан облыстық кезеңінен ІІІ орынға ие болды. 2015-2016 оқу жылында дәстүрлі «Айгөлек» фестивалінде орыс биімен ІІ орын және, театр қойылымдарында «Толағай» ертегісінен ІІ орын, көркем сөз жанры бойынша Алпамысқызы Салтанат ІІ орын иеленсе, 2016-2017 оқу жылындағы «Айгөлек» фестивалінің облыстық кезеңінен ертегі қойылымынан ІІІ орын, би жанрынан ІІ орынға ие болып аудан мерейін үстем етті. Аудандық «Айналайын» байқауына «Еркетайлар» би тобы І орын еншіледі. Халықаралық «Таланттарды іздейміз» фестивалінде балабақшамыздан құралған «Үкілім-ай!» би тобы жүлделі І орынға ие болды. Осындай бірнеше жетістіктердің арқасында 2016 жылғы дәстүрлі тамыз кеңесінде облыстағы «Үздік балабақша» номинациясымен марапатталғаны ұжым қызметкерлерінің аянбай еңбек етуіне себепші болғандай.
Алдағы уақытта да педагог қызметкерлердің санатын көтеру, білім-білік дағдыларын жетілдіру, балабақшаның материалдық-техникалық базасын молайту, балабақша маңын көгалдандыру мәселелерін жетілдіруді мақсат етіп отырмыз.
Балабақшаны «Бала бағбандарының мекені» деп тани отырып, «Болашақтың қақпасына» айналдыру ісінде ұжымның бірлігі арқылы ««Болашақ»-болашақтың бақшасына» айналатынына сенімім мол.
Сарсембаева Нұргүл Аманкелдіқызы,
«Болашақ» бөбекжай-балабақша меңгерушісі