Home » Мақалалар » Болашаққа бағдар – ұлттық сананың жаңғыруына бастама

Болашаққа бағдар – ұлттық сананың жаңғыруына бастама

Бүгінде кез келген адам ғана емес, тұтас ұлттың заман ағымына лайықты болу қажеттігі сұранып тұрғандай көрініс табады. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай ХХІ ғасыр қасиеттері соны талап етеді. Тек қана техникалық сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени қалыптасу мына дөңгеленген дүниеде жеткіліксіз. Осыларға қоса тарихи негізді ұмытпау да аса маңызды. Өйткені осы қасиеттерді сақтап, ілгері дамуға ұмтылған ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Міне сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бастамалар соны меңзейді. Оның көрінісі мақаладағы мына сөздермен нақтыланған: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын».

Расында, бүгінгі дамыған заманда жетістіктер мен жаңалықтарға қол жеткізу әрі табысқа жету жолдары тым өзгеше. Заманға лайық болу үшін әркім өз заманынан қалмауы керек деген қағиданы ұстануы тиіс. Елбасының атап өткені де осы. Ал тарихи діңгек мәңгілік. Оны сақтау әрі ұмытпай, рухани құндылығы ретінде бағалау кез келген ұлттың міндеті. Егер елдің рухани болмысы сақталмаса немесе өзінің өзегі болған тамырынан ажырамаса ол адасуға жол бермейді. Ал егер оны ұстай алмаса, онда жоғалып кетуі бек мүмкін. Сондықтан Елбасы: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деген болатын.

Көріп тұрғанымыздай өткендеріміз тек қана рухани жетелеу ғана емес, ол құндылықтарымызды жаңаша ұстанымда жаңғыртудың да бастамасы. Мұнда болашақта ұлттық санада жаңғыруы тиіс деген сөз. Міне осы ұстанымды сақтай алсақ, болашағымызға жол ашатын, ұлттық сипатымызды танытатын әрі өткеніміз бен болашағымызды байланыстырып сабақтастыратын алтын көпір болары сөзсіз деп ұғуымыз керек.

Сөз жоқ, өткенді саналы да, сапалы пайдалана білу де қажет. Алайда оның да орынды жолы болғаны абзал. Ол – адасуға бастар жол емес, келешекке бағыт берер жол болуы керек. Олай етпегенде ескінің сарқыншағы болуы да ғажап емес. Бұл ретте мақалада сөз етілген жаңғыртудың бірнеше бағыты осыны басшылыққа алатыны көрінеді. Олар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімді жетілдіру, еліміздің эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы.

Бұл – ХХІ ғасырға сұранып тұрған ұлттық сананың жаңғыруы. Мұнда негізінен мынаған ерекше мән берген абзал. Тарихи санамен қалыптасқан ұлттық нышандарымызды сақтай келе өз болмысымызды ұлттық рухта тәрбиелеу. Әрине, қатып қалған ескіліктен де арылу да сұранып тұрғандай. Өзгеден не болмаса саяси үстемдіктің салдарынан бойымызға сіңген жат қағидалардан да арылу қажеттігі осында көрініс табады. Сонымен бірге бұдан басқа, жаңаша бағытты таңдау да алдымызда тұр. Бұл жолда адасуға жол жоқ. Өйткені бүгінде әлем жаңаша бір бағытта, яғни баршаға түсініксіз халде бет алғанда олармен де санаспауға амал жоқ. Заман ағымына икемделу де, әлем елдерімен бір қатар да көріну де осымен тікелей байланысты. Демек, жаңа ғасырдың жаңа бағытын бойымызға сіңіру заман қажеттілігі. Міне осындай қиын-қыстау кезеңде жоғарыда аталған негізгі басымдықтар бізге жол көрсетуші бағдаршам іспетті болмақ.

Бір-бірімен сабақтасып келетін аталмыш бағыттардың негізгі аспектілері де жақсы атап өтілген. Айталық, бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы не болмаса сапасы өзгелерден ұтымды болған дүниені ұсына алу делінген. Ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, бәсекеге қабілеттілігімен өлшенетіні сөз етілген. Яғни әрбір қазақстандық өз заманына лайықты болуы керек.

Келесі прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті  көрсетеді делінген. Мұның басты ұстанымы – бабалардан қалған асыл қасиеттермізді қайта жаңғырту мен терең білім алу, кәсіби маман атану, соған ұмтылу қажеттігі.

Ұлттық бірегейлікті сақтау – салт-дәстүрлеріміз бен тілімізді, ән өнерімізді, әдебиетімізді, жөн-жоралғыларымызды, яғни ұлттық рухымыз болатын қасиеттерімізді бойымызды қалдыру. Ал білімді болу – табысты болудың басты көрсеткіші. Мұны баршамыз түсінуіміз керек. Себебі білімді бағалаған ұлт қана табысқа жетеді делінген мақалада.

Қазақстанның эволюциялық дамуы – ұлттың өркендеуіне жол ашады. Ол – өткеннен сабақ алып, жаңа құбылыстарға терең байыппен қарау, соған қарай бет түзеу. Бұл заманына қарай дүниетанымды қалыптастыру. Ал сананың ашықтығы – үш ерекшелікке негізделген. Оның бірі – әлемдегі және өз еліңдегі болып жатқан дүниелерді түсіну. Жаңа технологиялардың ағынымен келген өзгерістерді қабылдай алу. Сондай-ақ әлемдік озық тәжірибедегі жетістіктерді меңгеріп, пайдалана білу.

Сөз жоқ, мұның барлығы сана мен дүниетанымды жаңаша қалыптастырудың басты ұстанымдары болмақ. Түптеп келгенде, бізді алдымызда көптеген бастамалар күтіп тұр деген сөз. Осы бастамалардан адаспай, жаңылмай өз жолымызды таба алсақ, онда біз әлем елдері қатарындағы өркениеті дамыған, ұлттық мәдениеті қалыптасып, сақталған, жаңаша кезеңдегі өзгерістерге ілесе алатын ел болатынымыз еш күмән тудырмайды. Себебі мемлекет те, ұлт та әрқашан дамуды қарастырады. Олар кез келген заман ағымына бейімделуі үшін жаңаша бағыттар мен ұстанымдар қажеттігін алға тартады. Ол қажеттіліктердің басты белгісі – әр азаматтың білімді, қабілетті әрі өз заманына лайықты болып қалыптасуын талап етеді.

Бүгінгі даму өткен кезеңдердегіден өзгеше. Әлемдік даму жыл салып, ай салып, тіпті уақыт сағат салып өзгеріп жатқан тұста еліміздің де соған бейімделуі қажет-ақ. Ал ол үшін өткенді сараптап, жаңаны қабылдап, соған бейімделіп, жан-жақты білімді болып, әрқашан алға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана әрбіріміз қала берді ұлтымыз да тарихи өзгерістер мен жетістерге ілесе алатын болады деп сенеміз.

 Нұрлан Мансұров

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің доценті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.