Home » Айтарым бар » Болашақтың қуаты

Болашақтың қуаты

Мемлекетіміздің мықтылығын, ел әлеуетін, жалпы айтқанда, ұлы ұлт екенімізді дәлелдейтін сәт туды. Астанада дәл қазір, халықаралық шара «EXPO -2017» көрмесі өтіп жатыр. Айтулы көрмеге Астана қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығында» өтіп жатқан курстың тыңдаушылары жиналып барып қайттық. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлығы жоғары деңгейде дайындалған.

«Елдің дамуының «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы «EXPO -2017» қуатты серпіліс беруде. Өйткені, бүгінгі күні Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылып отыр. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын»  өз көзімен көре алады» деген Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы айтылған сөздері осының айқын дәлелі.

«EXPO» – ағылшынның «экспозишн» деген сөзінің қысқартылған нұсқасы. «Көрме» деп аударылады. Халықаралық көрме ұйымдастыру – француздардың ұсынысы болса да, ең алғашқы EXPO Англияның принці Альберттің ұсынысы бойынша 1851 жылы Гайдпаркте өткен болатын. Хрустальды сарайда орын алған EXPO -ның тақырыбы: «Барлық ұлттардың өнеркәсіптік жұмыстарының ұлы көрмесі» болып аталды. Сол көрмеден кейін халықаралық аренада дизайн мектептері, туризм саласы және өндіріс өнері пайда болды. Осы көрме халықаралық сауданың жандануына септігін тигізді. Одан соң 1855, 1878 жылдары Парижде, 1939 жылы Нью-Йоркте, 1985 жылы Цукуба — Жапонияда, 1992 жылы Севилья — Италияда, 1998 жылы Лиссабон — Португалияда, 2000 жылы Шанхай — Қытайда EXPO халықаралық көрмелері болып өтіпті.

«EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізетін ел мәртебесі Қазақстанның елордасы Астана қаласына бұйырғандығы 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның  астанасы Париж қаласында өткен ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті Астана қаласына дауыс берсе, біздің бәсекелесіміз бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинаған. Біздің елдің ұйымдастырушыларының тарапынан ұсынылған Future Energy, яғни Болашақтың қуаты тақырыбы сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шығып, «EXPO -2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы ретінде қолдау тапты.

Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Сондықтан жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған халықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін айшықтайтын алаңға айналарына сенім зор! Лайым солай болғай!

Батырхан КАРАШИНОВ

 Арқалық қаласы, Қостанай облысы,

№10 жалпы орта білім беретін мектебі,

Тарих және география пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.