Еңселі егеменді еліміздің қуатты тұтқасын, яғни саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Сондай-ақ еліміздің болашағы- жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру мекемесі. Демек, тәрбие білім берумен қатар жүреді десек те, тәрбиені ең жоғары орынға қойылуы керек. Адамзат тарихында Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл- Фараби: « Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауып әкеледі» — деген екен. Бұл ақиқат сөз. Негізінде сапалы білім, саналы тәрбиемен астасқанда ғана ұлт тілегі, мемлекет мүддесі орындалмақ. Сондықтан бұл істе асығыс шешім, жалған әдіс, қатып қалған тәсіл қолдануға болмайды. Тәрбие дегеніміздің өзі, ең алдымен баланың сезімін ояту, танымдық қызығушылығын дамыту. Жалпы айтқанда, «сезімді ояту- баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық әкелетін қылық қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу» деген сөз.
Қазіргі қоғамдағы отбасы — дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін тәрбиелік ықпал жасайтын негізгі ошақ болып отыр.Ата-ана балалардың еңбекті құрметтеп өсуіне, денсаулығын сақтауға, қамқорлық жасауға өздері барлық істе үлгілі болуы тиіс.
Отбасы ошақтың үш тағаны сияқты үш тіреуден тұрады: олар – әке, ана, бала. Үшеуінің бірлігі – отбасының берекесі. Осындай берекелі отбасы – қоғамның іргетасы, шағын мемлекет. Сол отбасының бақытты жанұя болуының бірден — бір кепілі — бала. Отбасындағы бала- татулық, сенім, сүйіспеншілік қалыптастырушы, яғни отбасы – береке, бірлік қуаныш ортасы. Шынында адам баласының ажары да, бақыты да отбасынан басталады. Ал, отбасы бақыты деген не? Ол адам бойына сырттан келіп сіңетін немесе аспаннан құйылып денесіне енетін нәрсе емес. Оның да өсіп — өнетін тұрағы бар. Адам баласының бақыты оның үзіліссіз тәлімі мен тәрбиесінен қалыптасатын жарқын да адал мінездеріне байланысты. Яғни, отбасы бақыты ата- аналардың өз қолында деуімізге болады.
Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Бірінші ата- анадан, екінші ұстазынан, үшінші құрбы- құрдастарынан – деп ұлы ойшыл Абай атамыз айтқан. Осы орайда халықтың мына бір мәтелі ойға еріксіз оралады. «Балаңа 5 жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен асқан соң құрбыңдай сырлас». Шынында да, өскелең ұрпақ үшін осы мәтелдің маңызы зор деп ойлаймын. Демек, дәл қазіргі менің сыныбымдағы оқушыларымның ата-аналары балаларын құлындай жұмсап отырған кез десек те болатын секілді. Міне, ата-аналарымыз баласын жұмсай отырып, баласының танымдық қызығушылығын дамытуға да өз үлестерін қосса нұр үстіне нұр болар еді деймін. Мысалы: бәріңізге белгілі қазіргі таңда жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша шиыршықты білім беру біртіндеп көшу іске асып келеді. Биыл менің сыныбым 1-сынып болғандықтан ата-аналармен етене қарым-қатынас жасау мен үшін өте маңызды. Сондықтан, ата-аналармен жұмыс жасау барысында мен ата-аналарды мектепке жиірек шақырып, жаңа бағдарлама бойынша өзгерістермен таныстырып, оларды сабаққа ендіріп, пікірлерін тыңдап отырамын. Бұл жердегі менің мақсатым: — баладан үлкен үміт күтетінімізді ұғындыру. Бала өзінің болашағы екенін ұғынатын әр ата-ана өз баласына көп көңіл бөлу қажет.
Қорыта келе, ең бастысы бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне деген қызығушылығын сезінуі, ата-ана тарапынан қолдауды және түсіністікті сезіну қажет. Егер бастауыш мектепте баланың өмірге қызығушылығы мен таң қалушылығы сақталса, онда келесі буындардағы оқуда жетістікке жетуіне күмән болмайды.
Ендеше, келешекте жас ұрпаққа бар мейір мен күш–жігерді, бар бойымыздағы махаббатымызды сарп етіп болашақ еліміздің тұтқасы болуына мектеп, ата- ана, ұстаз болып ықпал ете білейік.
Шектибаева Жаныл Атеновна,
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,
Жаңарық ауылы, №167 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі