Әжібаева Нұрлыгүл Қожабайқызы
Атырау облысы, Исатай ауданы
Зинеден селосы
«Ақбота» бөбекжай –балабақшасының тәрбиешісі
Жүргізуші: Табиғат күллі тіршілік атаулының қуатты қонысы, алтын ұя бесігі,
құт берекесі. Осы табиғаттың төрт мезгілінің алатын орны ерекше.
Күз -адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтанда да, адамдар күзді-берекелі күз, алтын күз деп баға береді. Алтын-дейтін себебі, біріншіден, айналаның бәрі сап-сары түске боялады, екіншіден, алтын-байлықтың белгісі.
Құрметті, ата — аналар, кішкентай бүлдіршіндер! Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Күз мезгілі барлық үйге молшылық алып келсін.
Әр жыл мезгілінің өз ерекшелігі бар, балалар. Табиғат қай кезде болмасын – тамаша дүние. Күз келсе – біз сары-қызыл жапырақтарды тамашалаймыз, қыс түссе – аппақ қарда алысып ойнаймыз, көктемде қабат-қабат тонымызды шешіп, күннің сәулесіне қыздырынып, жаңадан бүршік атқан талдарды, ұшып келген құстарды көріп, жаңа өмір басталғандай боламыз; ал жазда – көлге барып, суға түсіп, жазғы демалысымызды ерекше өткізуге тырысамыз.
Міне, балалар, күз мезгілінің керемет екенін көрдіңдер ме? Ендеше, осы күз мезгіліне арналған ортаңғы «Күншуақ» тобында ұйымдастырғалы отырған
«Берекелі, Алтын күз!» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
Хор: «Алтын күз» әні.
Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар!Тыңдаңдаршы бұл не шу? (Жаңбырдың, желдің шуылы естіледі).
Осы кезде әсем әуенмен ішке Күз ханшайымы кіреді.
Күз ханшайымы: Уа, халайық, дархан далам армысың,
Табиғатым жаны жайсаң, тал мүсін.
Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқымның алғысын.
Мен – Күз ханшайымымын. Сендерді көргеніме қуаныштымын. Өте еркемін. Сәл нәрсеге ренжіп, бұртыйып, қабағымды түйе қаламын. Сол кезде аспанды қою басады. Кейде болмашыға өкпелеп, көз жасымды тыйа алмай, төгіп-төгіп жіберемін. Сол кезде жаңбыр жауып кетеді. Әйтсе де менің жомарттығым мен ақ көңілдігімді бәрі де ұнатады.
-Менің айларым қандай еді, айтыңдаршы, балалар?
-Қыркүйек, қазан, қараша.
-Дұрыс, жарайсыңдар! Бұл айлар еңбектің,ерліктің айы. Қоймамыз алтын астыққа толады.Диқандар егіндерін жинап, мерекелерін тойлайды. Берекесін тойлайтын мереке айы болады. Сондықтан да мені жұрт «Алтын күзге» теңейді.
Жүргізуші: Дұрыс, айтасыз, Күз ханшайымы. Қош келдіңіз! Бізбен бірге мерекені тойлаңыз.
Күз ханшайымы: Жарайды. Мен сендерге жұмбақ жасырайын. Сол жұмбақтың шешуін мына себеттен тауып көріңдер.
Жаздай інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні. Бұл не? (Сәбіз).
Жайлы, жұмсақ төсегім,
Домаланып өсемін.
Қабат-қабат тоным бар,
Қалай оны шешемін. Бұл не? (Қырыққабат).
Қалың киімді ұнатады,
Шешіндірсең жылатады. Бұл не? (Пияз).
Үстіне тігіп,көк шатыр,
Астында қызыл дәу жатыр. Бұл не? (Қызылша).
-Жарайсыңдар, балалар!Керемет таптыңдар!
Жүргізуші: Кезекті тақпақтарға берейік.
Зере: Көбейді құт-береке,
Астық толды қоймамыз.
Құтты болсын мереке,
Алтын күзді тойлаймыз.
Кәмшат: Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді.
Нұртілек: Тоңазып атырап,
Көп жеміс піседі.
Сарғайып жапырақ,
Саудырап түседі.
Гүлжайна: Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Би: «Саңырауқұлақтар».
Күз ханшайымы: Қандай керемет! Мен сендермен бірге ойын ойнайын деп едім.
Ойын: «Дәмінен таны».
Шарты: Кесілген жемістер мен көкөністердің дәмін көзі байлаулы тұрған кезде ажырату.
Жүргізуші: Кезекті тақпақтарға берейік.
И.Ақерке: Күз айы тамаша,
Ән айттық жаңаша.
Би билеп бәріміз,
Қуанайық балаша.
Ай Ару: Сарғайды тоғай,
Сап-сары маңай.
Соңғы әнін айтып,
Құс кетті қайтып.
Жайнагүл: Жапырақ ұшты,
Суықта түсті.
Сонда да бізге,
Қызық көп күзде.
Шынасыл: Алма пісіп, алмұрт түсіп,
Күзде бақтар жайнайды.
Құстар қайтып, қош айтысып,
Қимас үнмен сайрайды.
Би: «Полька».
Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Көңілді би екен. Кезекті ойынға берсек қалай қарайсыңдар.
Ойын: «Көкөніс пе, жеміс пе?».
Шарты: Көкөніс суреті көрсетілсе, жүгіреміз, ал жеміс суреті көрсетілсе отыра қаламыз.
Жүргізуші: Ортаға жемістерді шақырайық:
И.Ақерке:
Мен алмамын, алмамын,
Таңдай жұлар бар дәмім.
Нұрислам:
Мен алмұртпын, алмұртпын,
Аузындамын бар жұрттың.
Ж.Ақерке:
Мен өрікпін, өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін.
Кармелита:
Мен жүзіммін, жүзіммін,
Моншақ болып тізілдім.
Ай Ару:
Мен өрікпін, өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін.
Кәмшат:
Шиемін мен шиемін,
Піскенше тон киемін.
Бала келсе жаныма,
Басымды мен иемін.
Жүргізуші: Көкөністерді ортаға шақырайық.
Нұртілек:
Көктеп ерте шырмалып,
Өсемін мен бүр жарып.
Атым-қияр,теріп ал,
Жиі-жиі суғарып.
Шынасыл:
Иісім жұпар аңқыған,
Бақшадағы шырынмын.
Жеп көргендер тамсанған,
Балдай тәтті қауынмын.
Нұрайна:
Бақшаларда тізіліп,
Қаперсіз мен жатамын.
Қабат-қабат киініп,
Қырыққабат атандым.
Р.Айзере:
Асханадан шықпаймын,
Атым-пияз бұқпаймын.
Көзден жасты шағарып,
Тұмаудан да сақтаймын.
Төрехан:
Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянғада азықпыз,
Сәбіздерміз жазақсыз.
Жайнагүл:
Ақ түсім бар қант алар,
Қызыл түсім қанға нәр.
Зияным жоқ біліп қой,
Қызылшамын пайдам бар.
Гүлжайна:
Картоп –біздің атымыз,
Жер астында жатырмыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
Зере:
Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып.
Тұрған ол мен-қызанақ,
Күнге қарап ұялып.
Назым:
Көрсең егер бақшада,
Доп екен деп қалма.
Шөл қандырар қарбызбын,
Ерте үзіп алма.
Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Тамаша айттыңдар! Енді менімен би билеуге қалайсыңдар?
Би: «Жапырақтар».
Ән: «Жаңбыр».
Күз ханшайымы: Керемет, балалар!Жақсы мереке болды. Көңіл — күйім де бір көтеріліп қалды.Менің де кететін уақытым болып қалыпты. Сендерге көп рахмет. Ризамын, сол себепті сендерге дайындаған азғантай сыйлығым бар, соны тапсырайын. Жемістерден жасалған шырынды ішіп, әрқашан дендерің сау болып өсіп, аман жүріңдер! Келесі кездескенше сау болыңдар!
Күз ханшайымы әсем әуенмен шығып кетеді.
Жүргізуші: Күздің кереметі, байлығы өте көп. Біздің дастарханымыз дәнді дақылдарға, көкөністерге, жеміс-жидектерге толы болсын! Бірақ осы байлыққа жету үшін, көп еңбек ету керек. Бүгінгі күз мерекесін жақсы тойладық.
Әр отбасына бақ, береке әкелсін! Осымен «Берекелі алтын күз» атты ертеңгілігіміз аяқталды, сау болыңыздар!