Абай жақсы адам қандай болатынын отыз сегізінші сөзінде былай талдаған. Жақсы адам атануы үшін алты шарт қажет: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Бұл – жақсылықтың өлшемдері. Бүгінде менің де хәкім Абайдың алты шартына кейіпкеріміздің ана тілімізге деген құрметін қосқаным артық болмас?! Әрине, кейіпкеріміздің ел үшін атқарып жатқан еңбегін халқы біледі. Бірақ ана тіліне деген құрметі оның жұлдызының шоқтығы биік екенін көрсетеді!
Сонымен экономика ғылымдарының докторы, профессор Ақтөбе облысының әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлын сөзге тартқан едік.
— Бердібек Машбекұлы, Сіз 2015 жылдың 11 қыркүйегінен бастап, 900 мыңға жуық халқы бар, жер көлемі 300 629 шақырымды құрайтын, еліміз бойынша екінші орында тұрған Ақтөбе облысын басқарып келесіз. Әңгімемізді Елбасының Сізге берген басты тапсырмасы Ақтөбе облысын жұмыспен қамту туралы мәселесінен бастасақ.
— Ия, жер көлеміміз үлкен. Атқаратын шаруа да жетерлік. Тəуелсіз жас мемлекетіміздің 26 жылға жуық уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктері, бағындырған белестері мақтанышпен айтуға тұрарлық. Бұл дәрежеге Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлының сарабдал саясатының арқасында жеткеніміз аян. Осыдан 2 жыл бұрын Президентіміз Ақтөбе облысын басқару міндетін маған сеніп тапсырды. Өзіңіз айтқандай, Ақтөбе – индустриясы, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, мәдениеті жақсы дамыған өңір. Алайда аймақтың басқа облыстар сияқты шешімі қиын, күрделі мәселелері де жоқ емес. Дегенмен, ондай мәселелер де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдаулары, соған сай жасалынған мемлекеттік бағдарламалары, ұлттық жоспары аясындағы шаралар арқылы шешімін тауып отыр. Сіз айтып отырған жұмыспен қамту мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Айталық, Өңірде халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі мақсатында «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында әзірленген Кешенді жоспарды іске асыру арқылы 30 мыңға жуық адам жұмысқа жұмылдырылды, яғни оның ішінде жұмысқа орналастырылғандары, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында оқуға жіберілгендері, шағын несие алып, өз кәсібін ашқандар да бар. Кешенді жоспар аясында халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2017 жылдың 2 тоқсанына жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады (орташа республикалық көрсеткіш – 4,9%). Облыста халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
— Қазіргі кезде Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Сіздер, Ақтөбе облысы, еліміздің дамуына қандай үлес қосып келесіздер?
— Ақтөбе облысы – Батыс Қазақстандағы геосаяси орталық, еліміздің экономикалық және стратегиялық маңызды өңірі екені белгілі. Тарихи мұралары, даңқты ұл-қыздары, шеберлері мен өнерпаздардың туындылары елімізде ғана емес, әлемге танымал десек, артық айтпаған болармын. Әлемдік деңгей туралы айтар болсақ, ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосып отырған Қазақстандағы тұңғыш қара металлургиялық кәсіпорын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты туралы айтпай кетуге болмайды. Зауыт өндіретін басқа кен түрлерімен қатар, хром қоры әлем бойынша үштікке кіреді. Сондай ақ, Ақтөбе облысында ТМД аймағында теңдессіз 120 метрлік рельстер шығаратын Рельс-арқалық зауыты жұмыс жасайды. Мұнай өндіру бойынша да аймақ Қазақстанның маңызды орталығы саналады. Өңір өңдеу өнеркәсібі бойынша елімізде бірінші орынды иеленді. Ақтөбе облысы әлеуметтік жағынан да қарқынды дамып келеді. Еркін елдің ертеңгі қамын көздей отырып, әртүрлі әлеуметтік маңызды орталықтар мен нысандардың қатары толықтырылуда. Айталық, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде бірқатар орталықтар бой көтерді. Солардың қатарында жақында ғана пайдаланылуға берілген өнер орталығы және шығармашылық академиясы, Ақтөбе жерінен шыққан, қазақ ұлтының біртуар дарындары Жұбановтар династиясының өмірі мен шығармашылығына арналған Жұбановтар әлемі үйі, Жекпе-жек сарайы, Хоккей модулі бар. Еліміз бойынша баламасы жоқ әлемдік деңгейдегі қызмет көрсете алатын Медициналық кластердің жұмыс жасай бастағанына бір жыл толды. Осы жұмыстардың барлығы, сайып келгенде, халықтың әл-ауқатын көтеруге, еліміздің дамуына септігін тигізуге арналған.
— Әкім мырза, жасыратыны жоқ, қазіргі проблема баспана, сәбилерді мемлекеттік балабақшаға орналастыру және т.б. Сіздерде осы мәселе қалай шешімін табуда?
— Орынды және өзекті сұрақ қойдыңыз! Ақтөбе облысы бойынша 22 мың адам үй кезегінде тұр, олардың 80 пайыздайы қалада тұрады. 500-дей құқық қорғау саласының қызметкері, мыңға жуық жетім бала тұрғын үйге зәру. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларға қосымша біз өзіміздің бар мүмкіндіктерімізді де пайдалануға тырысып жатырмыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеңілдетілген бағдарламаларын тиімді пайдаланумен қатар әртүрлі ынталандыру акциялары қолданылуда, мысалы, ата-анасыз қалған балаларды қолдау акциялары оң нәтиже береді деп күтілуде. Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Ақтөбе облысында осы тапсырманы сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бағдарлама шеңберінде тез тұрғызылатын несиелік жеке үйлердің құрылысы жүріп жатыр. «Нұр Ақтөбе» жаңа тұрғын үй алабында жобаны іске асыру үшін 111 мың адамға арналған 4 200 тұрғын үйге есептелген 1200 гектар жер бөлінді.
— Жақсы екен! Осы жерден баспана құнының 1 шаршы метр бағасының құны…
— Тұрғын үйдің бір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 100 мың шаршы метр болатын кемінде 144 аз қабатты және жеке несиелік тұрғын үй пайдалануға беріледі. 1000 отбасы қоныстойын тойлайды деп күтілуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда Ақтөбе халқының саны екі есе үлкейді. Жыл сайын дүниеге келген бала саны айтарлықтай артып отыр. Бұл әрине көңіл қуантарлық жағдай. Өз тарапымыздан осы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін алдыңғы қатарға қойып отырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2016-2019 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жыл сайын артып отырғанын байқауға болады. Соңғы кезде мемлекеттік тапсырыс орналастырылған, жекеменшік балабақшалар қызмет көрсету сапасы жағынан оң баға алып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Білім басқармасымен мектепке дейінгі ұйымдар объектілерінің құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасының аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, білім басқармасымен Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдері арасында 2017-2019 жылдарға мектепке дейінгі ұйымдарды ашу және енгізуге арналған меморандум құрылды. Меморандумға сәйкес 2017 жылдың соңына дейін облыстың барлық аудандарында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 100% қамтылады. Ақтөбе қаласында бұл көрсеткішке 2018 жылдың соңында қол жеткізіледі деп күтілуде.
— «Білім саласында тамыр-таныстық болса, біткеніміз, болашағымыз болмайды» дедіңіз. Қалай ойлайсыз, «тамыр-таныстық ауруынан» қайтсек құтыламыз?
— Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып табылады. Сондықтан оны болдырмау, алдын алып отыру – басты міндет. Облыстағы жемқорлыққа қарсы шаралар 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы стратегия, «100 нақты қадам» ұлт жоспары бойынша жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы әрекеттер бойынша белгіленген. Мемлекеттік қызметкерлердің, мекеме басшыларының және бюджеттік сала қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын және жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру, өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, оларды барынша автоматтандыру секілді шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Мысалы, Қазақстанда алғаш рет тек осы Ақтөбе қаласында «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтын «Халықтық кеңсе» жұмысына кірісті. Бұл жоба арқылы ақтөбеліктер бір мемлекеттік қызметті алу үшін түрлі сатыларды араламайтын болады. Мамандар тиісті мемлекеттік органдарға жіберуі үшін өтініш жазса ғана болғаны. Бүгінде мұнда қызметтердің 600-ден аса, соның ішінде мемлекеттік түрі көрсетіледі. Осындай жобалар жең ұшынан жалғасу сияқты көріністерді болдырмауға барынша септігін тигізеді. Дегенмен, қоғамды бұл дерттен толық айықты деуге әлі ерте. Жең ұшынан жалғасу сияқты жаман әдеттерді болдырмауды, қылмысқа төзбеушілікті мектеп жасындағы балалардың санасына құя білуіміз керек. Егер тамыр-таныстық, жемқорлық көріністері білім саласында үйреншікті жағдайға айналып кетсе, не болады? «Ел болам десең-бесігіңді түзе» дегендей, тазалықты ең әуелі білім беру орындарынан талап етуіміз қажет. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласында тамыр-таныстық болмау керек дейтінім сондықтан!
— Айтыңызшы, облыс бойынша мектеп, бала-бақша жеткілікті ме?
— Қазақстан тәуелсіздігі жылдары ішінде Ақтөбе өңірінде жүзден аса мектеп пен балабақша салынды. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын үнемі жақсартып отыру шаралары қабылдануда. Ақтөбе облысында биыл үш мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы төрт мектеп пайдалануға берілетін болады. Барлығы 23 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл сайын осы білім беру ұйымдарында балалар мен жастардың сапалы білім алуына тиісті жағдай жасау үшін мемлекет бюджетінен қаржыландыру көлемі артып келеді. 2017 жылы білім беру саласына бөлінген қаражат 82,1 млрд. теңгені құрады. Біздің мақсатымыз – 2020 жылға дейін үш ауысымдағы және апаттық жағдайда тұрған барлық мектепті жою болып табылады. Облыстағы өзекті мәселелердің бірі — балабақшаға баратын балалардың кезегінің азаймауы. Қазіргі уақытта облыста балабақша кезегінде тұрған 6 жасқа дейінгі бала саны 34320. Соның 84 %-ын Ақтөбе қаласының балалары құрайды. Осы жылы 5450 орынға 65 бала бақша ашу жоспарланып, қазір оның 3078 орынға арналған 34-і іске қосылды.
— Әкім мырза, бірде «Бала 11 жыл оқыса, ҰБТ жақсы тапсырады!» дедіңіз. Ал ауыл балаларының жағдайы қалай болар екен? Мұғалім жетіспейтін ауылда 70-80 баллды жинай ала ма екен?
— Жыл сайын түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысымы жақсарып, республика көрсеткішінен жоғары болып келеді. Осы жылы қатысым 2,3%-ға артып 74,2% құрады. Тестілеу нәтижесінде түлектердің орта балы — 82,4, республикадан +1,9 баллға жоғары. Ақтөбе облысы Алматы, Павлодар, Астана қаласынан кейінгі 4-орында (ҚР – 80,5).
Сұрағыңызға келер болсақ, қазіргі кезде ауыл мұғалімдерін қайта даярлықтан өту курстары, ағылшын тілін үйрету сабақтары көптеп өткізілуде. 2017 жылы 408 мектепте жаңа бағдарламаға 2, 5, 7-сынып оқушылары көшуіне байланысты осы сыныптарда сабақ беретін төрт мыңға жуық (3826) мұғалімді курстан өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Бастауыш білім берудің жаңартылған бағдарламасын енгізу мақсатында Ақтөбе қаласы мектептерінде панорамалық сабақтар өткізілді, онда бастауыш сынып мұғалімдері жаңартылған бағдарлама бойынша тәжірибе алмасты. Облысты жаңа стандарттармен жұмыс жасайтын екі мектеп жұмыс жасайды (№9, Жаңа қоныс ОМ). Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп іс-тәжірибе тарату мақсатында облыстың 70 тірек-жетекші мектебі анықталып, оларға қала, ауыл мектептері бекітілді. Осы орасан зор қаржыны қажет ететін ауқымды жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауыл балалары да үлкен жетістіктерге жететініне кәміл сенемін. Негізі қазіргі кезде Қазақстанның атын әлемге әйгілі етіп жүрген дарынды ұл-қыздардың дені ауыл балалары екенін ұмытпағанымыз жөн.
— Былтыр пайғамбар жасы 63-ке толдыңыз. Осы жасқа дейін біраз іс атқардым деп ойлайсыз ба? Арманыңыз қандай?
— Осы жасқа дейін қандай істер атқарғаным көпшілікке аян. Бағасын халық береді деп ойлаймын. Армансыз адам болмайды емес пе? Менің арман-тілегім еліміздің тыныш, жұртымыз, ауыл-аймақ, отбасымыздың бүтін болуы, Егеменді еліміздің бұдан да зор жетістіктерге жеткеніне куә болу.
— Газетімізге тілегіңіз?
— Адамның ой-өрісі кітап, газет-журналдарды оқи келе дамиды. Сондықтан, алдымен БАҚ оқи жүріңіздер деп тілеймін. «Білім айнасы» газетінің оқырмандарына мейлі мұғалім болсын, басқа мамандық иесі болсын, ұлт болашағы алдындағы жауапкершілікті ұмытпаңыздар деген тілек айтамын.
— Салиқалы сұхбатыңызға үлкен рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сәния СҮЛЕЙМЕН,
Астана-Ақтөбе-Астана