Home » Тұлға » Баянауыл өңірінің ұлы ғұламалары

Баянауыл өңірінің ұлы ғұламалары

Туған жер…Тұнып тұрған лирика. Адамзат баласы дүниеге келгенде ең бірінші анаға деген махаббатпен оянса, екінші туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімімен қамтылады. Кіндік қаның тамған жерің саған әрқашан ыстық. Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін Туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. «Туған жердей жер болмас,Туған елдей ел болмас», дегендей туған жердің әрбір тау мен тасы өзені мен көлі, ауасы мен топырағы бәрі де адам үшін ыстық болады. Біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өтсе де, ата- бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Осы ата-бабаларымыздың арқасында керегесі кең жайылған елді-мекенде өмір сүріп келеміз. «Келешек ұрпақ-жастар» демекші, бүгінгі күнгі біз жастар Отанды қадірлеп, қастерлеп елімізге деген махабат намысын жоғалтпау- бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті.

Мен Қазақтандықпын.  Қазақстандық болғаныма мақтанамын. Қазақстан-кең-байтақ ел.Төбесі көкке тірелген таулары бар, көк жасыл орман-тоғайлары бар, асу-асу белдері бар, қайнақы алтын астық пен малға толған кең жазира даласы бар. Қазақстан-әлемге әйгілі бай ел. Табиғаты әр алуан жан-жануарларға толы, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңіздері бар достығы жарасқан көп ұлтты мемлекет. Әнұранмен әйгілі, туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі елімізге қызыға қарамайтын ел жоқ шығар. Менің Туған жерім, Отаным – кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі-Баянауыл жері. Баянауылда туып-өскеніме толықтай ризамын. Жалпы Баянауыл өңірі – ғалымдардың, жазушылардың, ақындар мен қоғамдық қайраткерлерді тудырған. Олардың есімдері тек қана Павлодар облысына ғана әйгілі емес,барша Қазақ еліне таралған. Бұл жерде қазақ халқының тарихы мен фольклорын жинаушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев, атақты ақын Бұқар-Жырау, композитор және ақын Ж.М. Байжанов, тарихшы — ағартушы М.Ж. Көпеев, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, ақын және философ Жаяу Мұса дүниеге келген. Қазақстан ғалымдарының ішінде геолог, Қазақстан Ғылымдар академиясының бірінші Президенті, КСРО Ленин және Мемлекет премиясының лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың алатын орны ерекше. Кеңес ғылымының дамуына академиктер Ш. Шөкин, Ә. Марғұлан, ғылым докторлары А. Бектұров, Е. Бекмаханов, С. Бейсембаевтар зор үлес қосты. Баянауыл жерінен шабыт алған ақындар мен жазушылар: Д. Әбілев, Қ. Бекқожин, З. Шашкин, Қ. Исабаев, кинорежиссер және актер – КСРО халық әртісі Ш. Айманов және т.б. үлкен даңққа ие болды.Осындай елден ерек туған пенделеріміздің арқасында осы күні Баянауыл , әлемге әйгілі.

Сарыарқаның маңдайына жаратқан,

Алты алашқа аталы сөз таратқан —

Едіге, Шоң, Шорман би мен Торайғыр

Төрелігі төрді ауызға қаратқан.

Атажұрттың аты мәлім бір ұлы-

Мұса Шорман-шарапатты ұлығы.

Өлең сөзден өлмес мұра қалдырған

Мәшһүр Жүсіп-тұма жырдың тұнығы.

Көктесін деп көсегесі көгере,

Қазақ сөзін көтеріскен төбеге-

Жүсіпбек пен ақын Сұлтанмахмұт

Өмірлері ұрпақтарға өнеге.

Тарам-тарам жол тараған алдынан,

Марғасқасы бар білімнің-Марғұлан.

Бедел еді химияда Бектұров,

Бетке ұстайтын талай ғалым баулыған.

Ұлыларын ұлтын сүйген ғажап тым,

Ұмытпайды еркін дала, азат күн…

Жұмат, Шәкен-тұлға болған тұңғышы

Театр мен киносына қазақтың.

Баян елі, саған ғашық кім болмас?!

Туған сенде ақының да қолбасшың…

Дүрілдей бер дүлділ мінген жыры боп,

Атажұрты Сүлейменов Олжастың!

Қазағымның батыр ұлы ғарышкер

Нағашы елі Әубәкіров Тоқтардың!

Дара туған Даниалдай ұлымен

Даңқы тағы дүрілдесін Баянның!

Қаныш Сәтпаев-қазақтың тұңғыш акедемигі

Қ. И. Сәтпаев 1899 жылғы 12 сәуірде көшпелі қазақтың отбасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының № 4 ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде, сонан соң Павлодардың орыс-қазақ училищесінде оқыды және 1918 жылы Семей мұғалімдер семинариясын сәтті бітірген соң, Семейде педагогикалық курстарда жаратылыстану мұғалімі болып жұмыс істеді. Баянауыл ауданының ең басты көрікті жерлердің бірі Академик Қ. И. Сәтпаев атындағы мемориалдық мұражай болып табылады. Аудан тұрғындары өздерінің ұлы жерлесін мақтан тұтып, оның есімін құрметпен еске алады. Мұражай аудан тұрғындары арасында танымал жер болып табылады, ал сол жерге экскурсиямен баруды қаланың барлық қонақтарына ұсынады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қазан төңкерісіне дейінгі ақындардың ішінде шоқтығы биік жарқыраған жұлдыздардың бірегейі — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) — көрнекті ақын, публицист, этнограф, ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. «Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» деп ақынның өзі айтқандай, 5 жасынан бастап-ақ молдадан хат таныған ол 1870 жылы Хамеретдин хазіреттің медресесінде дәріс алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Бүгінгі күні Баянауыл өңірінде Қара суық пен Жаңажол елді мекендерінің арасында Ескерткіш орын бар. Бұл жердегі дөңде оның кесенесі орналасқан. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жан-жақты, білімі терең адам болды. Ол өртеу зияны мен зардабы, шөп шабу мен сақтау, жылқылардың қандайын өсіру керектігі, қандай жерге егу керектігі туралы, жылқыларды емдеу, суды қай жерден іздеу керектігі туралы және т.б. мақалалар жазды. Қоғам қайраткері ретінде ол жәрмеңкелерді ашуға қол жеткізсе, геолог ретінде құдықтарды қай жерде қазу керектігіне кеңес береді.

Шәкен (Шаһкерім) Айманов

Шәкен (Шаһкерім) Айманов — актер, режиссер. Болашақ актер 1914 ж. 15ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітіріп, (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Семей  мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 ж. Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Қазіргі таңда Баянауыл ауданында «Ш. Айманов атындағы ЖОББМИ» орын алады. Мектеп-интернатының әр оқушысы Ш.Айманов аталарындай болуға тырысып, киноға түсіп, актер болуды армандайды. Жыл сайын мектепте аймақтық «Шәкен оқулары» өтеді. Әр аймақтың оқушылары, Шәкен аталарын зерттеп, білгендерін үнемі ортаға салып отырады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі. Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес. Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы. Торайғыр ауылында С.Торайғыровқа арналған мұражай бар. Мұражай 8 тұрақты жәдігерлер бөлімінен тұрады: «Ақынның балалық және жасөспірім шағы», «Туған ауылда», «Баянауыл медресесіндегі оқу жылдары», « Тройцк қаласында», «Ақынның әдебиеттегі алғашқы қадамдары», «Ақынның мұрасы», «Ақынның туыстары», «Атақты жерлестер». Мұражайда 339 жәдігерлер қойылған, соның арасында сол уақыттағы тұрмыстық заттар бар. Жыл сайын мұражайға 1,0 мыңнан аса адам келеді.

Жаяу Мұса

Баян топырағында туған,  қазақ өнерінің көгінде жұлдыз болып жаңған асыл азаматтарының бірі- Жаяу Мұса. Оның әрі мінезді адам болғандығын екенің бірі біледі. Сонымен қатар, Жаяу Мұса сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі, өзі ақын-жыршы, әнші-сазгер, саяткер батыр. Баянауылдағы Сәтпаев көшесінде «Жаяу Мұса атындағы» өнер-мектебі бар. Өнер-мектебінің оқушылары: бірінен-бірі асатын дәрежедегі оқушылары. Армандары Жаяу Мұса атамыздай болу. Бұл мектептің түлектері, аса дарынды балалар болып табылады.

Ал қазіргі кезге келер болсақ, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Зекебай Солтанбайұлы да Баянауылдар шыққан ұлы тұлғалар қатарына жатады. Туған топырағында түлеп, қалам тербеп, шабыт ләззатына бөленіп, өнерден, көркем сөзден – ақындар ауылының мәртебелі дастарханынан өзіне лайықты дәм-тұзын татып жүрген Зекебай Солтанбайұлының әдебиет әлеміне қосқан мұрасы санмен емес, сапамен өлшенгені ләзім. Баянауылым-киелі жерім, тұғырым. Бізден шыққан данышпандарымыздың бірі Аспанбек Шұғатаев ағамыз Баянауылдың атын жер-көкке танытып жүрген айтыскер. Ол өз туындысында

«Баянауыл -бауыры босамаған Бай Ана-бұл.

Әулие тауларыңа тәж кигізіп,

Тәңір келіп өзі еккен саяңа гүл.

Аялы ауыл!

Ақбеттің асулары-ай аяғы ауыр,

Ақ сисасын аңқытқан Жаяу-адыр…»деп, Туған жерінің туын көкке көтерді.

Қорытындылай келе, Баянауыл жерін Сарыарқаның алтын алқасы деп бекер атамайды. Бұл бірқатар ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерінің Отаны. Біз бүгінгі жастар сол аға-апаларымыздың жолын қуып, Баянауыл өлкесінен шыққан талантты да дарынды жастары болуға тырысуымыз қажет. Олардың аты тарихта қалғандай, біздің де атымыз тарихтың бетінен жарық көретініне сенімдімін. «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламасының 6-бағыты бойынша, Туған жеріміздің ерек тұлғаларының ізін басып, елімізді одан әрі жаңғыртып, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекет қатарына кіруімізге барлығымыз бірдей ат салысуымыз қажет.

Абдығомар Рауан Айтбайқызы,
«Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты» КММ,
10-сынып оқушысы,
Павлодар облысы

 

                                   Пайдаланылған әдебиеттер:

Мәшһүр Ж.К- http://kazorta.org/m-sh-r-zh-sip-k-pej-ly-mirbayany/

Қаныш И.С- https://www.zharar.com/kz/referat/1574-satpaev.html , https://stud.kz/referat/show/27833

Ш.Айманов — https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/199 , https://dic.academic.ru/dic.nsf/ruwiki/613637 ,

С.Торайғыров — https://stud.kz/prezentatsiya/id/18302 , http://toraygirov.pavlodarlibrary.kz/index.php?id=70&Itemid=53&lang=kz&option=com_content&view=article

Жаяу Мұса — http://www.iref.kz/zhayau-m-sa-bayzhan-lyi/

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.