Home » Жаңалықтар » Алаштың Ақселеуі

Алаштың Ақселеуі

        2017 жылдың 6-желтоқсанында Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болды.

Еуразия Ұлттық университетінің қабырғасында жазушы, журналист, зерттеуші, ф.ғ.д., профессор Ақселеу Сейдімбековтің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның өтуі жас ұрпақ үшін үлкен рухани серпіліс болды.

А. Сейдімбеков – жазушы, зерттеуші, ғалым және шебер аудармашы. А. Сейдімбеков қаламынан Гомердің «Илиада», «Одиссея» (1974, 1988), И. Можейконың «7 и 37 чудес» (1988) деген шығармаларын қазақ оқырмандары ана тілінде оқып, сусындады. Сонымен қатар, «Күңгір-күңгір күмбездер», «Күй шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі», «Балталы бағаналы ел аман бол», «Қазақтың әйгілі күйшілері» сияқты ғылыми көпшілік еңбектері қазақтың дәстүрлі мәдениетін өзінің төлтума қалпында біртұтас құбылыс ретінде қарастыруымен, тарихи-этнографиялық дерегінің молдығымен, әсіресе ұлттың рухани әлемін парықтаудағы тұжырымдарымен тарихтан сыр шертетін зерттеулері өз оқырманын тапқан.

Конференцияда Ақселеу Сейдімбек туралы ғылыми-теориялық ойлар айтылып қана қоймай, азаматтық тұлғасын аша түсті.

Ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков Ақселеу Сейдімбек туралы көптеген естеліктер айта келе, «Ақселеуден кейін қазақ тарихын ешкім жаза алмас , — деп терең күрсінді. – Күйдің тарихын Ақселеудей жазған адам жоқ, Қорқыттың күйлері туралы жазған әңгімелері қандай еді?!» — деп тамсана еске алды. «Қазақтың көне тарихының шежіресі еді ғой! — деп еске алып, — тарих қатпарында қалған Абылайханның алтын зерлі қамқа тоны Жаңарқада Байдалы бидің ұрпағының қолында екенін айтты» — деп ғалым тебіреніспен үлкен естелікті, тарихты жеткізді.

— Ол кісінің жүрген жері руханият еді ғой, бүгінгі еліміздің рухани жаңғыруын көре алмағаны өкінішті-ақ, — деп, өзекті өртеген өкінішімен бөлісті.

— Тарихшы Қойшығара Салғараұлы заманында бірге жүрген досы туралы көптеген естеліктерді айтып, жан серігім, рухани бауырым еді, — деп, тамыры тереңнен басталатын шежіреге толы өкініштерін білдіріп жатты.

Қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл: — Ақселеу айтушы еді: «Сенің әкеңнің мен білетін бір күйі бар. Сол күйді үйреніп алсаңшы. Алда-жалда мені көшеде машина қағып кетсе, осы күй менімен бірге кетіп қалады ғой», — деп. Сол күй осы кісімен бірге кетті, — деп, өкінішпен еске алды.

Конференция барысында орны толмайтын өкініштермен қатар, жақсы естеліктер айтылып, қайтып келмейтін Ақселеу Сейдімбекті тебірене еске алды. Рухани әңгімеден кейін ғалым туралы қысқаша деректі фильм көрсетіліп, соңы тәжірибелік бөлімге, ғылыми мақалаларға кезек берілді.

Қорыта айтқанда, жалғас бар жерде өмірдің мәні, маңызы мағыналы болады. Ақселеу Сейдімбек тұла бойымен көне қазақ мәдениетінің жаңа мыңжылдықтағы жалғасы, жаңғырығы, өзгеше сәні болып қалды. Ал, мәдениет болмысы мықты тұлғалармен жаңарады. Еуразия ұлттық университетінде өткен конференция осының айқын дәлелі.

Көкбасқызы Жазира,

Білім айнасы

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.