Home » Мақалалар » БАТЫС ТАРБАҒАТАЙ ТАУЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ  ЖЕР БЕДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ-ЛИТОЛОГИЯЛЫҚ КЕШЕНДЕРІ

БАТЫС ТАРБАҒАТАЙ ТАУЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ  ЖЕР БЕДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ-ЛИТОЛОГИЯЛЫҚ КЕШЕНДЕРІ

  Экологиялық ойлау мен  ғылымды экологияландыру – ХХI ғасырдың басындағы маңызды  ерекшелік болып табылады. Ғалымдардың көтерген  экологиялық проблемалары  бүкіл адамзаттың алдындағы  басты мәселе болып, ол биосфераның, адамның, тіпті  бүкіл жер планетасының  болашақтағы халықаралық  және ұлттық  қоғамдық қозғалысына  шешуші роль атқарды. Сол сияқты Батыс Тарбағатайдың да  қазіргі жер бедерінің  қалыптасуы эндогендік және экзогендік процестердің өзара әсеріне негізделеді.

Батыс Тарбағатай аймағында дамудың геосинклинальдық және платформалық кезеңдеріндегі жастары әртүрлі болып келетін қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы тектоникалық құрылымдар дамыған.  Батыс Тарбағатай жер бедерінің ерекшеліктері негізгі рельефқұрушы эндогендік және экзогендік факторлардың өзара байланысының нәтижесінде қалыптасты. Олардың уақыт пен кеңістікке өзара қатынасының әрекетінен рельефтің әтрүрлі кешендері пайда болды:  тектоника-скульптуралық және тектоника-аккумулятивтік. Бұл кешендер одан әрі ұсақ таксономиялық бірліктер-рельеф типтеріне бөлінеді.Жаңа тектоникалық құрылымдардың орналасуында болып өткен даму кезеңінің мұралары сақталған. Жалпы мұнда солтүстік-батыс бағытындағы құрылымдар басым, сонымен бірге, ендік бойынша созылған орқаш таулар мен опырықтар да кең дамыған.Жер бедеріндегі олардың байланысы: орқаш тауларға-көтерулер, ал опырықтарға- тауаралық ойпаттар сәйкес келеді.Жотаның неотектоникалық құрылымдары рельефте морфоқұрылымдардың пайда болуына мүмкіндік жасайды.

Рельефқұрушы эндогендік факторлардың қорытындысынан жер бедерінің құрылу процесінде аса маңызды міндет- тектоника мен тау жыныстарының құрылымдық-литологиялық ерекшелігіне қойылады.

Батыс Тарбағатай аймағында анықталған құрылымдық-литологиялық кешендер рельефтің негізгі белгілерін ашып берді. Яғни, рельефтің құрылымдық негізі жаңа тектоникалық  қөзғалыстармен қалыптасты, оның ерекшеліктері дизъюнктивті дислокациялардың басымдылығынан байқалады [1].

Рельефте айқын көрінген морфоқұрылымдар-орқаштаулар мен опырықтар жотаның негізгі құрылымдары болып табылады.

Сыртқы  факторлардың  рельефқұрушы ролі тау жыныстарының  бұзылуында, олардың дөңес жерлерден ойыс жерлерге тасымалдануында көрінеді. Яғни, рельефтің қалыптасуына анағұрлым көп әсер ететін орография, климат, су торлары, топырақ пен өсімдік жамылғысы болып табылады.

Жер бетіндегі рельеф  пен оның  болашақтағы дамуын  болжайтын «экологиялық  геоморфология» деген ұғым қалыптасты.

Экологиялық геоморфологияның  алдында төмендегідей маңызды міндеттер тұрды :

— геоморфологиялық жүйенің күйін талдап, оның табиғи және антропогендік, баяу және жылдам процестердің әсер етуінің  нәтижесінде ұшыраған  өзгерісін анықтау. Бұл міндетті  шешу үшін геоморфологиялық  жүйенің қоршаған ортамен, соның ішінде адам  әрекетімен байланысын білу керек;

—   экологиялық жүйедегі оның күйімен  өзгерісін болжау  және солардың нәтижесіндегі геоморфологиялық жүйенің өзгерісіне анықтау. Рельефтің құрылымын-рельефқұрушы  процестерді біле отырып, бұл жүйедегі  адам өміріне қатысты болып жатқан немесе болашақта болатын процестерді айтуға болады.

Батыс Тарбағатайдағы қазіргі экзогендік процестердің әртүрлілігімен жиілігі жотадағы биіктік зоналылығымен және климат жағдайларымен байланысты. Жотаның солтүстік беткейінде физикалық және аязға  үгілу процестері мен  опырылулардың қалыптасумен  қатар, Төбеске, Тақиякеткен, Нарын, Қарабұға, өзендерінің аралығында солифлюкциялық процестері де дамыған. Рельефтің солифлюкциялық пішіндерінің ішінде  күшті және опырынды  жарықшалар, иіндер, қайраңдар  кең тараған.

Өзен аңғарларының кейбір жерлерінде ортатаулар зонасында тереңдік эрозиясы жақсы дамыған. Сұлуғантерек, Келдімұрат, Үріжар, Тебеске, өзендерінің аңғарларында  байырғы жыныстардың шайылу процестері өтіп жатыр. Тереңдік эрозиясы процесінің  жиілігі қазіргі кезде жүріп жатқан жаңа тектоникалық қозғалыстарға негізделеді.

Аласатаулы зонада  беттердің тегістелуі; яғни беттік шайылу процестері жақсы байқалуда. Үгілу мен сызықтық эрозия процестері тұрақты және уақытша өзендердің  шатқал тәрізді аңғарларында жақсы дамыған. Олардың беткейлерінде тастардың құлауы, опырылулар жүруде. Өзендер аралығындағы беттерде эрозиялық ой- шұңқырлар кездеседі. Ақжайлау, Қытай, Мыңбұлақ және Қызылбелдеу тауларының  гранитті массивтерінде  физикалық үгілу процессі интенсивті түрде дамыған.Тауаралық ойпаттар эрозиялық  процестермен қатар жотаның қазіргі тектоникалық  көтерілуілері де байқалады. Аккумуляция процестері дамыған тауалды зонасында қазіргі ысырынды конустар, өзен аңғарларында жайылмалар қалыптасуда [2].

Батыс Тарбағатай территориясында  ұзақ уақыт бойы континенттік денудация процесі басым болып келсе, тыныштықтағы тектоникалық жағдайда бұл жерде біртұтас денудациялық жазық пайда болды. Неогеннің басында тектоникалық қозғалыстар мен тауқұрылу процестерінің  күшеюі нәтижесінде жотаның қазіргі рельефі қалыптасты.

Батыс Тарбағатай рельефінің одан әрі дамуы тектоникалық көтерілуі жағдайындағы  эрозия, аккумуляция, солифлюкция және гравитациялық бұзылу процестерімен тығыз байланысты.

Батыс Тарбағатайдың қазіргі рельефінің  қалыптасуы, оның негізгі типтері мен пішіндерінің  құрылуы эндогендік және экзогендік процестерінің  өзара әсеріне негізделеді. Сонымен, мезозой мен кайназойдың басында бұл территорияда  бірқалыпты тектоникалық тәртіпті жағдайындағы континенттік денудация процесі басым болды, соның нәтижесінде бұл жерде палеозойлық тау құрылымдарының орнында денудациялық жазық-пенеплен құрылды. Палеогеннің аяғында тектоникалық қозғалыстар мен денудация процестерінің ара қатынасында  өзгерулер байқала бастады. Тектоникалық әрекеттер артқан сайын пенеплендену процесі бірте-бірте тоқтай бастады.

Тектоникалық қозғалыстар-көтерілулер Батыс Тарбағатай аймағында әсіресе, неоген дәуірінде күшейе түсті. Рельефтің негізгі типтері мен подтиптерінің дамуы неоген-антропогеннен басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Территорияның көп бөлігінде ежелгі пенеплен сілемдері-денудациялық жазықтар сақталған.

Рельеф типтері мен пішіндерінің  морфологиялық ерекшеліктерінде  негізгі рөлді су көздерінің эрозиялық-аккумулятивтік әрекетті атқарады.

Қорыта келгенде, Батыс Тарбағатай аймағында анықталған құрылымдық-литологиялық кешендер рельефтің негізгі белгілерін көрсетеді. Рельефтің құрылымдық негізі жаңа тектоникалық қозғалыстармен қалыптасты, оның ерекшеліктері дизъюнктивті дислокациялардың басымдылығынан байқалады.               Рельефте айқын көрінген морфоқұрылымдар орқаштаулар мен  опырықтар жотаның негізгі құрылымдары болып табылады, яғни, Батыс Тарбағатай рельефінің қалыптасу процестері қазіргі жағдайда  интенсивті түрде жалғасуда, оған эндогендік процестер сияқты, рельефқұрушы экзогендік факторлар да қатысты.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Физическая география Республики Казахстан /Под.общ.Ред./ К.М. Джаналиевой. Алматы:

Қазақ университеті. 2008-266 ст.

  1. Л.К. Шупарская Геоморфология Западного Тарбагатая. Алматы, 2015.
  2. Бейсенова Ә.,Каймулдинова К.Қазақстанның географиялық атласы. «Глобус» 2013.

 

 Таскараева Қалбибі Ахметовна
 «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы
және Шымкент қаласы  бойынша ПҚБАИ
 «Инновациялық білім беру  және ақпараттық
технологиялар»  кафедрасының аға оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.