Home » Білім және өнер » Батасыз қазақ бағанасыз

Батасыз қазақ бағанасыз

Қадірлі қариядан бата алу қазақтың ықылым заманнан бергі айнымай келе жатқан салты. Ал сол жоралғыдан кейінгі кезде жас емес, қарттарымыздың өзі жаңлысып жүр. Ақсақал, қарасалдырымыз көпшілік орындарда бата беріп, құран оқырда күмілжіп жатады. Бата қайыруға келгенде қысылып, иық қиқаңдатқанда кешегі орақ ауыз, өткір тілді бабаның ұрпағымыз деп айтуға ұялатын халге жеттік. Бұл қазақтың дін діңгегінен айрылғанының ғана емес, тамыр тынысынан ажырағандығын аңғартатын құбылыс. Бүгінгі жас буынға бәтуәлі батаның не екенін аға буын үйретпесе, кейінгі несін айтады? Хош. Сонымен қазақылығымыздың күре тамыры саналатын батаның мән-мазмұны мен түр, төркініне тоқталсақ.

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқ. Қанша жерден дамыған елдер көшіне ілесеміз, ескіден арылып, жаңамен жанасамыз десек те, тамырсыз тал болмайтындығын ұмытпаған абзал. Бұл турасында Елбасы: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады» деп жолдауында айрықша айтып өткен-ді. Демек, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өзіндік мәдениеті болмай, ұлт болып қалыптасуы мүмкін емес жайт. Бүгінде әлемдік аренада өзіндік орнын алған Қазақстанның салт-сана, таным-болмысын жаһан жұрты танып, ұлттық мәдениет деп мойындады. Ал сол ұлттық құндылығымыздың хал-қадірін, мән-маңызын білу бүгінде біздер үшін маңызды.

Қазақ өзі сөзге тоқтаған, сөз құдыретін сезіне салмақтай білген халық. Адамның адамдығын да тілеуіне, пейіліне қарап бағалаған жұрт. Бесікте жатқан баласына берілген батаға, айтылған сөзге ерекше мән беріп, санасында сақтаған ағайын. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген бабадан қалған қастерлі сөзі бар. Дуалыдан шыққан бір ауыз сөзді жадында жаттап, баласының құлағына құюмен ер жеттірген ел. Сол қазақтың рухани құндылықтарына кеңестік кезеңде түрлі соққы жасалады. Дінімен қатар әдет-ғұрыптарына да тыйым салынды. Әсерінен қазіргі «дүбәрә» ата мен әже, жолын білмейтін аға буынға жолығып отырмыз. «Бата» сөзі қазіргі таңда тек алғыс, тілек ретінде қолданылады. Алайда, алғыс пен қарғысты кез келген адам айта алады. Ал батаны сөзінің салмағы бар, ел мойындаған ерлер береді. Бұл жайында филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы: «Тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік.  Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан  формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде  оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз, немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін»,  «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін»,  «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын»  деген дағдылы жауаптарды береді. Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы  сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұрқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты ­– Таңжарық болсын» т.б. тілектерді айту дәстүрге айналған» — деп дәлелді дәйектер келтіреді.

Иә, бата беру – ақ ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Жақсылыққа бастайтын дәстүр бізбен қатар Шығыс халықтарында да қалыптасқан. Бұқара батадан рухани қуат алып, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, аты мәшһүр билерден, шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Бата тек тілек емес, тұла бойы тәрбие. Мәселен, ұзатылғалы жатқан қызға әкесі не әулеттің үлкені бата беріп, бақыт тілесе, сөз арасында келін болудың қыр-сырын да түсіндіріп, жауапкершілік артады. Бізге жеткен тарихи әдебиеттерден Қарасай батырдың балаларына берген батасы мен бірге өсетін де айта кетуге болады.

Жалпы киелі сөзге айналған бата үш түрге бөлінеді. Ел арасында кеңінен тараған «ақ бата» игі ниеттен туындайды. Ақ батаның негізгі мақсаты – адамдар арасындағы мейірім сүйіспеншілікті арттырып, бауырмалдылыққа жетелейді. Бір мүдде жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырып, қилы кезеңдерде ел бірлігінің ыдырамауын үндейді. Сәйкесінше ақ бата жаңа туған нәрестеге, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, сапарға шығушыларға, үлкен істі қолға алушыларға, жорық, шеруге аттанушы сарбаздарға, түрлі тойларда, әруақтарға арналған үлкен астарда, жауын тілеген тасаттықта, сабан тойда, құрбандықта, мал-жанға, соғымда, Наурызда (Наурыз бата), Жаңа жылда, мүшел жасқа, дастарқанға беріледі. Қазақта бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны көп арасында үлкен адам болмаса, жұрттың рұқсатымен, жас болса да бас боларлық ісі бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Десе де тарихтан батыр, билерімізге әз аналарының бата бергендіктері де белгілі. Мәселен, Райымбек батырға анасының берген батасын айтпай кетуге болмайды.

Ақ батаны мазмұнына қарай екіге бөлуге болады. Бірі – негізгі бата, екіншісі – лебізді бата. Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді батада халықтың тапсырған аманат-тілегі, болашаққа үміт-сенімі баяндалады.

Жақсы сөзді жарым ырыс санаған халық «теріс батаны» мейлінше қолданбауға тырысады. Себебі теріс бата – қарғыстың, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны көңілі қалған ата-ана баласына, не налыған кісі қолды теріс жайып тұрып береді. Көп жағдайда әке-шеше сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетті масқаралаған, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған адамдарға қарата айтылады. Атылған оққа айналған сөз ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалады. Халық санасында елдің теріс батасын алғанның жолы оңалып, ісі өрге баспайды деген түсінік қалыптасқан. Дәстүр бойынша, теріс батаны қайтып алу үшін жұрт жинап, Аллаһ Тағалаға жалбарыну рәсімдерін жасаған. Ал ата-анасы тірі болса, «Теріс батамды қайтып алдым» деп айтқан.

Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, елдік маңызды шараларда жасалатын жоралғы. Бұрнағы уақытта дала заңына бағынған халықтар баталасуға берік болып, бір сөйлеген. Ал уәдені бұзып, серттен тайған адамды Көктәңірі кешірмейді деп ыланған. Серттесу хан алдында, ақсақал, билер арасында, аруақ орнында қол алысып тұрып жасалатын болған. Оны бұзу — қарғысқа теңгерілген. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды. Ал бұл дәстүр бізге «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» жырынан жіті таныс. Яғни сөзі сұйылып, бесік құдасынан безінген Қарабайдың қайғылы тағдыры, өзімен қатар жан-жағын жалмаған әрекеті бұл батаның қасиетін айна қатесіз көрсетеді.

Сондай-ақ, батаның белгіленбеген өзінік ережесі бар. Бата берілген кезде жиналған жұрт қолдарын жайып, тыныштық сақ-тауға, бір-бірімен сөйлеспеуге, ыржалақтап күлмеуге, ас-су ішпеуге, басқа шаруамен айналыспауға тиісті. Бата біткен соң іштерінен «әумин» деп айтып, алақандарымен беттерін сыйпайды. Бата бізге Ислам дінімен қатар жеткендіктен, шариғат шарттары орындалады.

Дәстүрдің озығы барғ тозығы бар дейміз. Ал бата сан ғасырдан бері қазақпен бірге жасап келе жатқан жоралғымыздың бірегейі. Заман талабы мен талғамға сай бүгінде бата да жаңарып жазылып, айтылып жүр. Ұлттық болмыс, бағанамыздан айрылмауды көздеген ақын-жазушыларымыз (Мұзафар Әлімбаев, Фариза Оңғарсынова, Тұтқабай Иманбеков, Сейфолла Оспанов, Оразақын Асқар, Сейсен Мұқтарұлы) түрлі қуанышқа, отау құрған ұл-қызға, астарға арналған баталар жазып, оны халық жаттап алып, қуаныш-қызықтарында айтып жүр.

ТҮЙІН. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы алғаш рет Президент болып сайланып, таққа отыру рәсімінде баба жолымен бата алып барып, өз ісіне кірісті. Мемлекет басшысы батаны ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір Әбенов ақсақалдан алды. Аузы дуалы ақыннан бата алған Елбасы Қазақстанды аз уақытта аяғынан тік тұрғызып, әлем санасатын әлеуетті елге айналдырды. Бүгінгі жаңа Қазазстанның келбетіне қарап, батаның берерін бағамдауға болады. …Батасыз қазақ бағанасыз. Ең бастысы, бата берер азаматтарымыз азаймасын. Бата алуға асығатын құймақұлақ қаракөздеріміз көбейсін!

 

Гульмайра Булекбаева,

№17 «Ертөстік балабақшасының тәрбиешісі

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.