Тәуелсіз Қазақ Елін төрткүл дүниеге, күллі өркениетті әлемге танытар, ең дамыған 30 елдің қатарынан көрсететін құдіретті күш – білім және білімді ұрпақ екендігі айдан анық. Осы ретте мемлекет басшысы, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында былайша салмақты ой айтады, терең түйіндейді: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Иә, расында солай. Сондықтан Елбасы алдын ала ойлап, күн ілгері болашақ үшін үн қатып отыр. Аталмыш мақалада Ұлт Көшбасшысы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді тең етіп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», — деген ойын бүкпесіз жеткізеді, ашық айтады. Шынтуайтына келгенде, Елбасының «өзгеруде» деген сөзінің бір ұшығы бүгінгі еліміздегі күн санап өзгеріп жатқан білім жүйесіне де келіп тіреледі.
Бүгінгі білім беру саласында өзгеріс көп, жаңалық жетерлік. Біріншіден, бүгінгі мұғалім басқарудың авторитарлы стилін емес, либералды стилін таңдап отыр. Яки, мұғалім тек «сабақ беруші», оқу үрдісін «басқарушы» ғана емес, ол — оқушылардың уәж дағдыларын дамытуға жағдай жасаушы, мүмкіндік туғызушы, олардың еркін ойын, өзіндік ерекшеліктерін, қабілет-қарымдарын ескере отырып жеке тұлғасын қалыптастырушы жан болуы тиіс. Екіншіден, бүгінгі педагог жаңа технологияларды іске асыру бағытында қалыпты емес жағдайда жұмыс істей алатын, білім беру процесін бүге-шүгесіне дейін түсінетін, жаңа, өзгеше рөлді қабылдай алатын, жаңашылдыққа дайын, шығармашылық әлеуеті зор, оқытудағы әдіс қоры жетерлік кәсіби маман болуы шарт. Үшіншіден, заманауи мұғалім таптаурын болған 5 балдық бағалау жүйесін сол баяғыша іске асырушы емес, сол арқылы алдындағы оқушыны жазалаушы емес, керісінше, қазіргі қоғамға қажетті сыни ойлауын — талдау, салыстыру, синтез, зерттеу, қолдану, бағалау дағдыларын және өзге де стандартты және күрделі дағдыларды оқушы бойына мүмкіндігінше толық қалыптастырушы тұлға болғаны жөн.
Мен осылардың ішіндегі үшінші мәселе жайында, яғни, бүгінгі жаңартылған білім беру мазмұнындағы критериалды бағалау жүйесі туралы тереңірек сөз етуді жөн санадым. Бұл критериалды бағалау жүйесі еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асып, бір жолға түсуде. Оның тиімді тұстарын осы мектептердің пән мұғалімдері терең түсініп, нәтижелілігін сезініп, оған көз жеткізіп отыр десек артық айтқандық емес. Өйткені критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни, бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны бағаланады. Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет. Осы жерде британдық ағартушы Александер Робин өз зерттеулерінде: «Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес, мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында тек қана обьективті немесе жеткілікті дәрежеде обьективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады», -деп атап көрсеткенін айтып өткім келеді.
Критериалды бағалау жүйесі Зияткерлік мектептері оқушыларының оқу жетістігін бағалау тәжірибесіне өзгерістер енгізудің негізін анықтайды. Бұл бағалау рәсімдерінің сапалылығын, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және әр оқушының оқудағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Критериалды бағалау жүйесі оқушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр оқушыға және оның ата-анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса, бұған жетуге әбден болады. Анық құрастырылған бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, оқушы да мынадай сұрақтардың жауабын анықтай алады: «Оқушы оқытудың қай сатысында?», «Олар білім алуда неге талпынады?», «Бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек?».
Критериалды бағалау жүйесінің мақсаты — бағалау критерийлерінің негізінде оқушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну.
2016-2017 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жетілдірілген критериалды бағалау жүйесі 7-9 сыныптарға енгізілді. Енгізудің әр кезеңі құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша әдістемелік ұсыныстарды жетілдіруден құралады. Бағалаудың жаңа моделінде дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетті көрсететін сипаттама және рубрика – бағалау критерийлеріне сәйкес оқушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін сипаттау тәсілі қайта қолданысқа ие болды, жиынтық бағалау – оқу бағдарламасындағы бөлімдер/ортақ тақырыптар бойынша белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, оқу жылы, білім беру деңгейі) аяқталғанда өткізілетін бағалаудың түрі енгізілді, жетістік критерийінің орнына бағалау критерийі – оқушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі ретінде қабылданды.
«Бағалау» термині «жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады.
Ол — оқытудың ажырамас бір бөлігі, ол оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиетінің критериалды бағалау жүйесінің мазмұны бағалау стандарттары, яғни, кіріктірілген білім беру және пән бойынша оқу бағдарламасы, критерийлерге негізделген қалыптастырушы және жиынтық бағалау үдерісі, бағалау құралдары: оқушының оқу жетістіктерін бағалау негізі болатын бағалау критерийлері, 1956 жылы американдық психолог Бенджамин Блум ұсынған ойлау дағдыларының деңгейлері, сөйлеу әрекетінің түрлері — тілдік 4 дағды, осыған байланысты әртүрлі деңгейдегі тапсырмалары арқылы анықталады. Оқушының оқу жетістіктерін бағалау нәтижесін қалыптастырушы бағалауда кері байланыс, әр бөлім және тоқсанды аяқтау бойынша жиынтық жұмыстарындағы балл айқындайды.
Оқу жылы барысында оқудың ілгерілеуі, үлгерімі туралы мәліметті жинау үшін бағалаудың екі түрі жүзеге асырылады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Жиынтық бағалау өз кезегінде бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық, білім беру деңгейі бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдерінен тұрады.
Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісі барысында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіліп отырады. Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім мен оқушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушылардың қателесуге, оны түзетуге құқығы бар. Бұл оқушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді.
Бағалаудың бұл түрінің қалыптастырушы болып аталатындығы — бағаның нақты бір оқушыға, оның білім мазмұнын меңгерудегі кемшіліктерін анықтауға және өзіндік орнын барынша тиімді толықтыруға бағытталғаны.
Мұғалім бұл бағалау әрекеті арқылы пәнді меңгерудің мақсатын нақты анықтай алады. Оқушының өткен тақырыптарды біртұтас, үйлесімді сурет түрінде елестетуіне, нәтижені бақылаудың сәйкес тәсілдерін өзі анықтай білуіне, жоғары деңгейге жетуге ынталануына ықпал ете алады.
Қалыптастырушы бағалаудың ерекшеліктері — оқушының күнделікті білім сапасы, оқушының қиындық тудыратын сұрақтарын анықтау және оны жою, оқушының бағалаудан алған жағымсыз әсерінің азаюы, психологиялық жайлы ортаның болуы, бағалаудың әділдігі, анықтылығы және ашықтығы, өзін-өзі бағалау дағдылары болып табылады. Яғни, қалыптастырушы бағалау – мұғалімдерді, оқушыларды және педагогикалық үдерістің басқа да қатысушыларын оқуды жетілдіру үшін қажет ақпаратпен қамтамасыз ететін оқудың ағымдағы бағалануы (нәтижесі баға ретінде тіркелмейді).
Қалыптастырушы бағалауды тиімді ұйымдастыру алдында мұғалім алдында мынадай сұрақтар туындауы қажет:
- Оқушы нені білуі керек?
- Оқушының қызығушылығын қалай арттырамын?
- Қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
- Ол қиындықтарды шешу жолын қалай ұсынамын?
Оқушы алдында туындайтын сұрақтар:
- Нені орындауым қажет?
- Не үшін?
- Қалай орындаймын?
- Қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
- Оларды қалай түзетемін?
Бұл сауалдар негізінде оқушы оқу барысында өзіне қажетті мақсаттарды анықтайды және тапсырма орындау барысында дағдыларды қалыптастырады, белгілі бір бағалау әдісін қолданады деген ой-тұжырымға негізделеді. Мұғалімге оқушылардың өзіндік көзқарасын, дүниетанымын, ойын, білімін талдап, жүйелеу үлкен қиындық тудырады. Сондықтан да қалыптастырушы бағалауда мұғалім жұмысты қадамдап жоспарлап, табысқа жету алгоритмін құра білуі керек.
Қалыптастырушы бағалаудың тағы бір маңызды компоненттерінің бірі кері байланыс әрекеті деуге болады. Кері байланыс сабақтың әр кезеңінде қолданылады, мұғалімнің оқушылармен үздіксіз өзара әрекет етуін жүзеге асыруға, нәтижесінде оқу үдерісін түзетіп, сабақты әрі қарай жоспарлауға мүмкіндік береді.
Кері байланыс беру кезінде мұғалімдерге:
- оқушылардың жақсы жақтарын ескеру;
- тапсырманың дұрыс орындалмағанын нақты түсіндірмей тұрып, «олай емес», «дұрыс емес» деген сөздерді қолданбау;
- оқушылардың жұмысын жетілдіру немесе кемшілік тұстарын жөндеудің жолдарына ұсыныс беру;
- кері әсер ететін сөздерді, оқушыларды кекету, келемеждеуге қатысты, мысалы, «орынсыз жауап», «осыны ойлауға қалай ақылың жетті» деген сияқты сөздерді мүлдем қолданбау ұсынылады. Қалыптастырушы бағалау кезінде мұғалім оқушыға берілген кері байланыс негізінде бақылау парағын толтырады.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі. Аталған жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша оқушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балдар қойылады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары оқу мақсаттарына, бағалау критерийлеріне сәйкес құрастырылады.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың әдістерін, тапсырмаларын Зияткерлік мектептердің мұғалімдері өз бетінше анықтайды, құрастырады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тілдік пәндер – сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша: тыңдалым мен айтылым, оқылым мен жазылым бойынша анықталады.
Оқу бағдарламасының бөлімі/ортақ тақырыбы бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру кезінде мұғалім жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста көрсетілген үлгілерді қолдануына болады. Одан басқа, мұғалімге келесі алгоритмдерге сәйкес өз бетінше бағалау құралдарын құрастыру ұсынылады:
1) оқу бағдарламасы, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша оқу мақсаттарын меңгеру;
2) жиынтық бағалауда тексерілетін оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлерін анықтау, ойлау дағдыларының деңгейлерімен сәйкестендіру;
3) ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес келетін тексерілетін критерийлердің, оқу мақсаттарының мазмұнын қамтитын бір немесе бірнеше тапсырмалар дайындау;
4) әр тапсырмаға дескрипторлар құрастыру, балдарын жазу;
5) оқушыларға, олардың ата-аналарына жиынтық бағалау нәтижелерін ұсыну үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауға рубрикалар құрастыру (бағалау критерийлерінің деңгейлерге сәйкестігін сипаттау).
Осылайша мұғалім бөлім немесе ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды жоспарлау кезінде оқу мақсаттарының негізгілерін көрсететін, ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес екенін белгілейтін бағалау критерийлерін анықтайды.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау белгілі бір материалды меңгеруді аяқтаған кездегі оқу жетістігін бағалау үшін, сабақ үстінде 15-20 минут мерзімінде өткізіледі.
Мұғалім бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелеріне талдау жүргізеді, бұл талдау оқушыларға кері байланыс ретінде беріледі. Кері байланыс оқушылардың оқу жетістігінің жеткен деңгейі туралы ақпараттардан, яғни рубрикадан тұрады. Рубрика бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың әр рәсімі үшін құрастырылады, ол әр критерий аясындағы оқу жетістігі төмен, орта, жоғары деңгейін көрсетеді, яғни оқушының тапсырманы қай деңгейде орындағандығын сипаттайды.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалаудың артықшылықтары мынада — оқушының жеке басы емес, тек қана жұмысы бағаланады, оқушының жұмысын бағалау алдын ала ұсынылған критерийлерге негізделеді, бағалау алгоритмі оқушыларға алдын ала белгілі болады, оқушы нақты не мақсатта жұмыс істеп отырғанын біледі, оқушыға өзінің білімділік деңгейі анық көрініп тұрады, критерий арқылы бағалау мұғалімнің оқушы деңгейін анық біліп отыруына мүмкіндік береді, нәтижесінде білім берудің сапасы артады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy
- Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Педагогикалық шеберлік орталығы», 2016.
- Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық.
Бактыгулов Аманжол Идиресович,
Ақтөбе қаласындағы «физика-
математикалық бағыттағы Назарбаев
Зияткерлік мектебі»
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі