Home » Баяндамалар » Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру

Г.К.Таженова
№7 қазақ орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Атбасар қаласы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша оқу­шы­лардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды.
Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау.
Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

  • Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.
  • Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.
  • Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.
  • Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.
  • Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.
  • Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.

Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр.

Сонымен, функционалдық сауаттылығы дегеніміз не?

Функционалдық сауаттылығы дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгергенін, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылыққа жету, қалыптастыру, меңгерту. Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады.

Функционалдық сауаттылық — оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуінің шарты, оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, әлеуметтік-мәдени  дамуының өлшемі, білім, білік, дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы. Ол  оқушылардың қатысымдық, ақпараттық, проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігінен құралады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығы ең алдымен үйден, отбасынан басталады. Өйткені, ата — аналардың балаларды оқытуы және тәрбиелеуі ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың негізгі тетіктерінің (механизмдерінің) бірі болып көрсетілген. Отбасында әрбір грамды, ватты, минутты есептей алмайтын және де есептегісі келмейтін баланың үй шаруасына да қыры болмайды. Баланың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруға, жағымсыз мінез — құлық әдеттерден арылтуға көмек беретін функционалдық сауаттылық ата — ана бойында да болуға тиіс. Ата – аналар баланың ұғынуына көмектесулері керек. Үйде жарық пен тұрмыстық приборларды дер кезінде сөндіру, токтан ажырату қажеттігін, есік алдағы су құбырының краны арқылы тамшыдан өзен құралып қайта ағып кетіп жатқанын бала білуге тиіс. Еңбектің бағасын білген бала оның нәтижесін де жақсы бағалай біледі. Осының бәрінде аса терең ата — ананың функционалдық сауаттылығы тұр.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Егер осы шарттар бастауыш сыныпта орындалғанда оқушының функционалдық сауаттылығы қалыптасады.                          Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда білім берудің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда

көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – бастауыш сынып пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады. Мысалы: өз сабақтарымда оқушыларды сабақтың тақырыптарына байланысты топтарға бөліп,  «Сиқырлы әріптер» секілді т.б. ойындары арқылы топтарының аттарын тапқызып, оқушыларды қызықтыру үшін ұлттық ойындарды, ребустар, сөзжұмбақтарды пайдаланамын. Оқушылардың шығармашылығын дамыту мақсатында сурет бойынша әңгіме құрастыру, тақырып бойынша өлеңдер, «Сөз ойла, көп ойла», «Өлең шығарайық», «Бес жолды өлең» құрастыру жұмыстарын жүргіземін. Оқушылардың ізденушілік жұмыстарын дамыту мақсатында «әдебиет үйірмесі», «балық сүйегі» әдістерін қолданамын.

Мысалы: «Әдебиет үйірмесі»  Баяндаушы – әңгіменің мазмұнын айтады. Зерттеуші – әңгімедегі негізгіні анықтайды. Сілтемеші – сөздіктермен жұмыс жүргізеді. Сұрақ құрастырушы – сұрақтар дайындайды. Дәнекер – өмірмен байланыстырады. Бейнелеуші – әңгімедегі негізгі кейіпкерді суреттейді. Осындай жұмыстарды жүргізу арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырамын. Әдебиеттік оқу, дүниетану сабақтарында берілген тақырып бойынша эссе, ой толғау жазғызып отырдым. Балалар қандай қажетті мәлімет алғанын, оның өз өмірімен нендей байланысы бар екендігін талқылауға үйренді. Тақырып бойынша алған мәліметін қай кезде және қандай жағдайда пайдалануға болатындығын ортаға салып ой бөлісуге дағдыланып келеді. Болашақта әділ, еңбексүйгіш, отансүйгіш, ұлтжанды азамат болуға тырысады. Олар жас та болса, оқыған шығармалары арқылы өмірдің кей асу белестерінің қиындығымен таныса алады, пікір таласуға да жаттығады. Пікір таласа алу, өз пікірін орынды айтып, дәлелдей білу – адамның басты құндылықтарының бірі болғандықтан, шәкірттерімді осы құндылықтарды берік ұстауға үйретіп келемін.

Функционалдық сауаттылықтың негізгі міндеті — мұғалім баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлауын қалыптастырып және де баланың өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.   Олай болса шығармашыл тұлғаны қалыптастыру үшін әр сабағымызда біз тек оқулық шеңберіндегі білімді үйретумен шектеліп қана қоймай, кең түрде әр баланың талабына, деңгейіне сай жұмыстарды саралап, ыңғайластыруымыз керек.  Тұлға құзіреттілігін дамыту үшін, яғни бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыруда  жаңа инновациялық әдіс – тәсілдердің ең тиімдісін пайдалану жоғарғы нәтиже береді деген қағидамен, өзім оқып, үйреніп, тәжірибеде пайдаланып келе жатқан сын тұрғысынан ойлау технологиясының маңызы зор деген тұжырымға келдім.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.