Home » Мақалалар » Бастауыш сыныпта патриот, жауапкершіл оқушы қалыптастыру

Бастауыш сыныпта патриот, жауапкершіл оқушы қалыптастыру

Бастауыш буын – қайталанбайтын кезең, ақиқаты сол, білім негізі бастауыштан басталады. Бастауыш білім беру сатысы оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасы ұйытқысының қалыптасуы мен дамуы қуатты жүретін аса маңызды, құнды, қайталанбайтын буын екендігімен ерекшеленеді. Бастауыш сатыдағы білім берудің бағдарлы мақсаты — оқу әрекетін қалыптастыру, айналадағы дүниемен белсенді әрекеттестік тәрбие түрлеріне сай сезім қатынас қарым – қатынасқа дайындау, өзін қоршаған және өмір сүрген жаңа табиғи және әлеуметтік ортаны тануға, сүюге, қорғауға, өзін ұстай білуге үйрету болып табылады. Оны оқу, ойын, еңбек, қарым-қатынас сияқты түрлерін меңгерумен қамтамасыз етуге болады.

     Өмір ағымы талап етіп отырған жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, жетілген жеке тұлғаны дайындау бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет. Сондықтан мектептің бастауыш оқыту сатысындағы оқу-тәрбие жұмыстарын жан-жақты толықтырып, халықтық тәлім-тәрбиенің озық үлгілерімен сабақтастырып, бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі дамыған азамат тәрбиелеу бүгінгі күн талабының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Халық ауыз әдебиеті – білім берерлік, тәрбиелік мәні бар құралдардың бірі. Олар: ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыздар, батырлар жыры т.б.  Бұлар Отанды сүюге,  елжандылыққа,  ұлтжандылыққа тәрбиелеудің кәусар бұлағы.

Жаңартылған  оқытуға көшу жағдайында жалпы білім беретін мектепте тәрбие жұмысының жүйесін жаңғырту жолымен Елбасы Жолдауында анықталған оқыту процесінің тәрбие беру компонентін күшейту идеясын іске асыру жолдарын қарастырды. Білім беруді реформалаудың маңызды сипатының бірі – оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейтуде екенін Елбасы Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында баса айтты. Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуі, ең алдымен сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруді қажет етеді. Ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағымен тығыз байланысты.

Жаңартылған оқытудың  ерекшелігі – оқу мен тәрбиенің кіріктірілуінде. Оқушы – білім беру үрдісіндегі басты тұлға. Осыған орай, оқушы үшін қоғам, ата-ана, мұғалімнің өзара бірлескен қолдауының арқасында біртұтас тәрбие жүйесі жасалуда. Балалар үшін ата-анасының, отбасының тәрбиесі аса маңызды. Бес күндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында ата-анасымен бірге болуына көп мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт беріледі. Сол бос уақытты бастауыш сынып мұғалімдері тиімді пайдалану қажеттілігі туындап тұр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам баласының бүкіл ғұмырындағы ең сенімді және ең сабырлы серігі – кітап»,-деп атап өткен болатын.

«Зияткерлік мектеп» оқушыларына  оқуға ұсынылатын 100 кітап» атты жобаны жүзеге асыруда. Сол себепті біздің мектепке де осы жобаны баланың жас ерекшелігін ескере отырып, енгізуді ұйғардық. Осы жобаны  мектептің аясында іске асыру мақсатында мынандай ұсыныстар туындап, ұсынылды. Алдағы уақытта әрбір сынып жетекшісі оқылатын кітаптар тізімін оқушыларға ұсынып, уақытын белгілеп кітаптарды оқыту көзделді.

Оқушылар  дұрыс таңдалып бағыттаған кітаптарды  оқи отыра патриотизмге, елжандылыққа үйренеді деп ойлаймыз. Осығын орай бастауыш сынып оқушыларына мынадай жобалар:

  • 1 сынып оқушыларына «Оқып шыққан кітабы бойынша суреттер салу» жобасын;
  • 2 сыныпқа «Кітап кейіпкерінің күні» жобасында оқыған шығармаларының мазмұны бойынша сахналау;
  • 3 сыныпқа «Алғыс айту хаты» жобасында елге қызмет етіп жүрген қоғам қайреткерлеріне өз алғыстарын білдіру;
  • 4 сыныпқа «Шығармалардың аудио нұсқаларын дайындау», «Көркем әдебиетті оқу  күнделігін жүргізу»  педагогикалық кеңесте ұсынылып, іске асыру жұмыстары жоспарланды.

Бастауыш сынып оқушыларында патриоттық сезімді қалыптастыруда ең маңыздысы: баланың қоғам өмірінің құбылыстарына қызығушылығын қолдап, қуаттап, оларды не қызықтыратыны туралы әңгімелесу. Мақтаныш пен сүйсіну сезімдерін тудыратын халқымыздың жеткен жетістіктерін паш ететін оқиғаларды  сынып жетекшісі оқушыларымен әңгімелесіп, талқылауы керек. Балалардың қызығушылығын кеңейтіп оларды өздеріне тән тар әлемінен шығарып, кіші (аз) арқылы үлкенді көрсетіп, бір адаммен бүкіл адамзаттың өмірінің байланыста екенін көрсетудің патриоттық сезімді тәрбиелеуде маңызы өте зор. Осы мақсаттағы ұйымдастырылған жұмыстар өте көп.

«Мен өз Отанымның патриотымын», «Тіл – ұлттың жаны», «Отан отбасынан басталады», «Ұлттық валюта – теңге» күні, «Президент күні» мерекесіне құттықтау ұрандарын айтты.

«Қазақстан энциклопедиясы» атты интеллектуалді сайысы ұйымдастырылды.

«Ұланымыз ұлы елдің!», «Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбында көріністі тәрбие сағаты өтті. Әртүрлі шараларды  ұйымдастыру, мерекелерге дайындалу оқушыларды жалықтырмайды, керісінше олардың мінез-құлықтарының жақсаруына әсер етеді. Олар оқуда да, ойында да белсенділік танытады. Бірлікте, татулықта ортақ істі орындауға тәрбиелейді.

Өз елін сүйетін, өз Отанын қастерлейтін, өз халқын мақтан ететін, оқушыларды елшіл, отаншыл, мемлекетшіл қасиеттерге баулып, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге үйрету керекпіз. Әрбір оқушыны «Бұл менің Отаным» деген мақтанышты сезімге тәрбиелеуге тағылымды үлес қосып, қиындығы мен қызығы бар бұл іске сынып жетекшілерін шақырамын. Әрқайсымыз ұлтжанды, бауырмал болсақ, мемлекетіміздің тірегі нығайып, болашағымыз жарқын болары анық. Оқушыларды отаншылдыққа, имандылыққа, салауатты өмір сүруге, адамгершілікке тәрбиелеу абыройлы іс. Оны іске асырудың жүгі де жеңіл емес.

 

Кыдырбаева Айгуль Зекишовна

Павлодар қаласы,

Дарынды балаларға арналған

Абай атындағы №10 лицей-мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.