Home » Ашық сабақтар » Балықтар класына жалпы сипаттама

Балықтар класына жалпы сипаттама

Сыныбы: 7 «А»

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларды балықтар класымен таныстыра отырып, олардың сыртқы және ішкі құрылысымен, сулы ортада тіршілік етуіне байланысты биологиялық ерекшеліктерінен мағлұмат беру.

Дамытушылық: Оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыру, балықтарды өзіне тән ерекшеліктері бойынша ажырата білуге баулу.

Тәрбиелілігі: Балықтар туралы ұғым бере отырып, оларды қорғай білуге баулу.

Сабақтың түрі: жаңа тарауды меңгерту

Сабақтың әдісі: сұрақ жауап, сәйкестігін табу.

Сабақтың көрнекілігі: презентация, видеоролик, карточкалар, балық макеті, маркер, стикер.
Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылармен сәлемдесу.

Оқушы назарын сабаққа аудару, үй тапсырмасын пысықтауға көшу.

  1. Үй тапсырмасын сұрау.

— сұрақ – жауап

— қорытындылау

Желілер типі.

  1. Желілерге жататындар (қандауыршалар, асцидия, омыртқалылар, дөңгелекауыздылар, балықтар, қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер).
  2. Желі қандай қызмет атқарады? (Ішкі қаңқа қызметін атқарады, төменгі сатыдағы жануарларда өмір бойы сақталады).
  3. Желілердің үш тип тармақтарын атаңдар. (Бассүйексіздер, қабықтылар, омыртқалылар).
  4. Қандауыршаның ерекшеліктерін атаңдар (Желі, жүйке түтігі, желбезек саңылаулары өмір бойы сақталады).
  5. Неге қандауырша деп аталған? (Құйрық жүзбеқанатының пішіні медицина құралы – қандауырға ұқсас болғандықтан)
  6. Қандауыршаның көбеюі мен дамуын зерттеген ғалым? (А.О.Ковалевский)
  7. Қандауыршаның қантамырлар жүйесінің типі? (Тұйық)
  8. Қандауыршаның жүйке түтігінің орналасуы. (желінің үстіңгі жағында)
  9. Қандауыршаның орталық жүйке жүйесінің қызметін атқарады? (жүйке түтігі)
  10. Қандауырша онтогенезінде энтодермадан түзілетін не? (желбезек)

Бұл үлестірмеден балық макетін жасап шығардық.

III. Жаңа сабақты түсіндіру.

«Балықтар құрылысы» балық макетімен түсіндіру

         Сүйекті балықтар                                                      Шеміршекті балықтар

          20 000-нан астам                                                          750-дей түрі бар

Балықтар – ең ежелгі омыртқалы жануарлар. Тіршілік ортасы – су. Жалпы балықтар саны 22 000-нан асады. Мөлшері, түсі, құрылысы және физиологиясы бойынша балықтар әр түрлі болады. Дене ұзындығы 1 см-ден 20 м дейін. Массасы 10,5 г-нан 12-14 тоннаға дейін болады. Зоология ғылымының балықтарды зерттейтін саласы ихтиология (грекше ихтис – балық, логия- ілім, ғылым) деп аталады. Балықтардың денесі бас, тұлға және құйрық бөлімдерінен тұрады. Бас бөлімінде жұп танау тесігі, екі көзі бар. Тұлға бөлімінде жұп көкірек, құрсақ және дара арқа жүзбеқанаттары орналасқан. Құйрық бөлімінде сыңар құйрық және аналь жүзбеқанаттары бар.

Терісі сыртынан қабыршақтармен қапталған. Балықтар желбезектері арқылы суда еріген оттегімен тыныс алады. Балықтың жұп көкірек және құрсақ жүзбеқанаттары дене тепе-теңдігін сақтайды. Балық осы жүзбеқанаттардың көмегімен судың беткі қабатына көтеріледі. Кейде тереңге түсіп, жан-жағына бұрылады. Арқа және аналь жүзбеқанаттары жүзіп жүргенде денесін қалыпты ұстауға көмектеседі. Құйрық жүзбеқанаттары бағыт береді.

Балықтардың тері жабыны барлық омыртқалыларға ұқсас 2 қабаттан түзілген. Оның сыртқы қабаты көпқабатты болып эпидермис деп аталса, ішкі қабаты нағыз тері қабаты деп аталады. Эпидермис қабатындағы біржасушалы бездерден бөлінген шырышты заттар балық денесіне сусылдақтық қасиет береді. Ал дерма қабатынан қабыршақтар түзіледі. Балықтардың бұлшықеттері негізінен жон арқасында және құйрық-жүзбеқанаттарының түбінде орналасқан. Балықтардың бұлшықеттері жеке бұлшықеттерге жіктелмеген және олар бұлшықеттер арқылы белсенді жүзеді. Балықтардың қаңқасы шеміршектер мен сүйектерден тұрады және бірнеше бөлімдерге бөлінген. Біліктік қаңқаға – омыртқа жотасы мен басқаңқасы жатады. Омыртқа жотасының тұлға және құйрық бөлімдерін, ал жеке омыртқаның денесі мен доғасын ажыратады. Басқаңқасы ми сауыты және жақ аппараты деп бөлінеді. Иық белдеуі мен көкірек жүзбеқанаттары, жамбас белдеуі мен құрсақ жүзбеқанаттарының қаңқасы байланысады. Шеміршекті балықтардың қаңқасы тек шеміршектерден түзілсе, ал сүйекті балықтардың қаңқасы сүйектерден әрі шеміршектерден түзілген.

Балықтардың асқорыту жүйесі барлық омыртқалыларға ұқсас. Шеміршекті балықтарда асқорыту мүшелері клоакамен, ал сүйекті безі жақсы жетілген. Балықтардың тынысалу жүйесінің қызметі жұтқыншақтың екі бүйірінде орналасқан желбезектері атқарып, суда еріген оттекпен тыныс алады. Кейбір сүйекті балықтарда қосымша тынысалу қызметін торсылдағы атқарады және торсылдақ тек сүйекті балықтарда ғана болады. Балықтардың қанайналым жүйесі тұйық әрі бір ғана қанайналым шеңбері болады. Жүрегі 2 қуысты бір жүрекше бір қарынша және жүрегі арқылы вена қаны ағып өтеді де, желбезектерінде оттекпен қанығып, денесіне тек артерия қаны таралады.

Балықтардың жүйке жүйесі дөңгелекауыздылармен салыстырғанда жақсы дамыған. Миы 5 бөлімге бөлінген. Оларда аралық ми едәуір жақсы дамыған, онда көру төмпешігі, гипофиз, эпифиз орналасқан. Сүйекті балықтарда ортаңғы миы үлкен. Жақсы түзетін балықтардың қозғалыс әрекетін реттейтін мишығы жақсы жетілген. Аралық Мида кейбір балықтарда болатын электрлік мүшенің және бүйір сызығының орталықтары орналасқан. Балықтардың миынан 10 жұп жүйкелер тарайды.

Балықтардың сезім мүшелеріне – бүйір сызығы дәм сезу, иіс сезу, көру, тепе-теңдікті сақтау мен есту мүшелері жатады. Бүйір сызығы балықтарға тән ерекше сезім мүшесі. Ол кейбір балықтарда жек тесіктер болып айқын байқалады. Балықтар бүйір сызығы арқылы судың ағу бағытын, басқа су жануарларының жақындағанын және басқа да кедергілерді сезеді. Иіс сезу мүшесі танау тесіктерінде орналасқан жұп иіс сезу қапшықтарынан тұрады.

Балықтар дара жынысты, шеміршекті балықтар іштей, ал сүйекті балықтар сырттай ұрықтанады. Жыныс бездері жұп болып, бүйректің маңында орналасады. Балықтардың ұрпақтары тікелей дамиды. Балықтар мұхиттарда, теңіздерде, өзендерде, көлдерде тоғандарда, су қоймаларында кездеседі. Көпшілігі қоректік тізбекте маңызды рөл атқарады әрі кәсіптік мәні зор. Олардың өте құнды уылдырықтары мен дәмді етін тағам ретінде пайдаланылады. Сондықтан олардың кей түрлері қолдан өсіріледі.

  1. Жаңа сабақты бекіту

«№6 – зертханалық жұмыс» зертханалық жұмысты орындау.

Балықтың сыртқы құрылысы және қозғалу әрекеттерінің ерекшеліктері:

Құрал-жабдықтар: балық, ылғалды препараттар, табиғи қаңқасы, балықтың макеттері, заттық шыны, жабын әйнегі, лупа, қайшы, пинсет.

 

Зертханалық жұмысты орындау үшін қажетті нұсқаулар:

  1. Аквариумдағы немесе арнайы ыдыстағы балықтың дене пішініне көңіл бөліп, оның балық тіршілігінде қандай маңызы бар екендігін түсіндіріңдер.
  2. Балықтың дене бөлімдеріне көңіл бөліп, әр бөлімде қандай мүшелер орналасқанын атаңдар және балық басын оңға не солға бұра алмау себебін түсіндіріңдер.
  3. Балықтың арқа және құрсақ тұстарының түсін анықтап, оның балық тіршілігі үшін қандай маңызы бар екендігіне түсініктеме беріңдер.
  4. Балық денесіндегі қабыршақтардың пішініне және олардың орналасу ерекшеліктеріне көңіл бөліңдер. Жеке қабыршағын алып көріңдер. Қабыршақтарының бір-біріне жапсарласа орналасуының қандай маңызы бар екендігін түсіндіріңдер.
  5. Бас бөлімінен екі танау тесігін табыңдар. Басының екі бүйірінде орналасқан айналасында терілі қабығы болмайтын көздеріне көңіл бөліңдер. Басының екі бүйірінде орналасқан желбезектерді жауып жатқан сүйекті желбезек қақпағын табыңдар. Желбезек қақпақтары мен аузының қозғалыстарын бақылап көріңдер. Олардың қозғалыстарының бір-бірімен байланысты екендігіне көңіл бөліңдер.
  6. Балықтың тұлға бөлімінде орналасқан жұп көкірек, жұп құрсақ және сыңар арқа жүзбеқанаттарының қозғалу ерекшеліктеріне назар аударыңдар.
  7. Балықтың құйрық бөлімінен құйрық және аналь жүзбеқанаттарын көріп, олардың қозғалуын бақылаңдар.
  8. Балықтардың жүзу ерекшеліктеріне көңіл бөліп, бұл кезде әрбір жүзбеқанаттарының қозғалу ерекшеліктерін бақылаңдар.
  9. Аквариумға жем шашып, оған балықтардың ұмтылуын және қорегін қалай ұстайтынын бақылаңдар.
  10. Балықтардың бүйіріндегі ұсақ тесіктерден тұратын ерекше сезім мүшесінің қызметін атқаратын бүйір сызығын табыңдар.
  11. Зертханалық жұмыстың соңында бақылаған кезде байқағандарыңнан балықтың суда тіршілік етуге қалай бейімделгендігі туралы қорытынды жасап, дәптерлеріңе жазып алыңдар.

Әрбір бақылау кезінде мұғалім оқушылардың байқағандарына үнемі толықтыру жасап отырады. Оқушы әрбір тапсырма туралы бақылағандарын оқулық мәтініндегі мәліметтерге сүйене отырып жазып отыруы тиіс.

«Балық аулау» ойыны. (Қосымша тапсырма)

Балықтың артында сұрақтар жасырылған әртүрлі балықтардың суретін таңдау арқылы жауап береді. Дұрыс жауап берілсе, балық ауланады.

— Балықтарды зерттейтін ғылым саласы? (ихтиология)

— Сүйекті балықтарда алғаш қай мүше пайда болды? (қуық)

— Аталық безден бөлінетін сұйықтық (шоғал)

— Шеміршекті балықтардың ми бөлігі қанша? (бес бөліктен)

— Аналық жұмыртқа жасуша не деп аталады? (уылдырық)

— Құйрық жүзбеқанаттардың үстіңгі қалағы астыңғысынан үлкен қай     балық?(шеміршекті)

— Балықтардың дене бөлігін ата? (бас, тұлға, құйрық)

— Денесін қалыпты ұстауға көмектесетін жүзбеқанаттар (арқа, аналь)

— Балықтар бір-бірімен не арқылы байланысады? (дыбыс шығару)

— Балықтардың тыны салу мүшесі (желбезек)

V. Бағалау кезеңі.

VI. Үй тапсырмасын беру кезеңі:
§ 39. Балықтар класс үстіне жалпы сипаттама.

«Бекіре» тақырыбында ізденіс жұмысын дайындап келу.

                                                   Ж.Х. Жетпісбаева,

№77 мектеп-гимназия,

Биология пәнінің мұғалімі,

Астана қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.